Тұлға • 14 Ақпан, 2023

Елдің ерке ақыны

248 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елі «Ерке ақын» деп атап кеткен Нар­ша Қашаған таластық жер­лес­­­теріне еркелеп жүр­­генімен, ақын іні­лерін аялай бі­ле­­­тін. Нәкеңнің қа­­сында жүру, әңгі­­­месін тыңдау – орал­­майтын өт­кен шақ. Ардақ­ты ақынның дүние­ден озға­нына да бі­раз жылдың жү­зі болды.

Елдің ерке ақыны

Ол әрқашан елдің ішінде жүрді. Туған жеріне қызмет етті. Ағайынының ортасында жүріп өндіріп өлең жазды. Ә дегенде Нәкеңнің «Елде тұрам» атты кітабын оқып шықтық. «Әй, уызына жарыған, мына кітапты өзіңе өзім әкеп тұрмын» деп ағаның жыр жинаған табыстаған сәті жадымнан қалай өшсін?

Наршаның өлеңдерін жұрты қарапайым десті. Бірақ бір белгілісі, ақынның өлеңге деген талғамы қарабайыр емес еді. Оның өлеңдері туралы әңгіме қозғала қалса, «Ауыл – ауыс­пайтын Астана немесе қалалық қазақтарға хат» деген шығармасы бірден ойға орала береді. Құдды бір төлқұжаты секілді.

«Заңдылық деп қарайтұғын азапқа әр,

Көңілі кірсіз, секілді бейне таза, ақ қар.

Ауыл деген аруы көп Ананы,

Аялаңдар, қаладағы қазақтар.

 

Жетілсін деп қала деген жас бала,

Аузына оның барын, нәрін тосты Ана.

Алматыны алмастырар Ақмола,

Ауыл ғана ауыспайтын астана.

 

Жігіт болып өзіңнен туған жас бала,

Ауыл ана, қарайды әне, жасқана.

Ауысқан талай, ауысар әлі бас қала,

Ауыл ғана ауыспайтын астана.

 

Қайран Ауыл, қалың қазақ алған нәр,

Қайырымға қарашы енді болған зар.

Ұлтымыздың ұлы анасы Ауылдың,

Жанына жара, көңіліне қаяу салмаңдар,

Ей, елде туып, қалада тұрып қалғандар!»

деген ақын шумақтарын оқығанда жаныңды әлдебір тұстан лаулаған от қарып алғандай болады.

Нарша ақынның жүріс-тұрысы бөлек еді. Кірпияз қаламгер айналасына маңғаздана қарайтын. Өзін биік ұстағанымен, көзіндегі мұңды жасыра алмаушы еді. Жанарынан ауылға деген махаббаты айқын сезілетін. Содан да болса керек, ауыл адамдарының автопортретіне өлең тілінде жан бітірді.

«Елде тудым, елде есейдім, ержеттім,

Кісіліктің мектебінен елде өттім.

Елде жүрсе болады екен ерде екпін,

Есік жақта қалмай еркін төрге өттім.

                           

Елден менің ештеңем жоқ жасырын,

Еркелігім, қателігім, бар сырым.

Елден келдім өлеңге де естіңдер,

Ел деп соққан жүрегімнің тарсылын»...

Ақын өз отауында, Қаратауында, қайнаған тіршіліктің ортасында жүргенде бірнеше мәрте жүздесудің сәті түскен. Қаладан ағылған таксиге отыра салып, Нарша ақынның үйіне құйғытасың. Жөн білген көлік жүргізушісі Нәкеңнің үйі былай тұрсын, тұрған пәтеріне дейін кіргізіп жіберетін. Бір сөзбен айтқанда, шенді мен шекпендіден бөлек, қарапайым ауыл халқы да төбесіне көтеретін...

«Елде тұрам» деген өлеңінде ұлтқа, жұртқа деген шексіз құрмет жатқаны анық. Бір қарағанда қарапайым дидактика секілді көрінгенімен, есті жыр жиі есімізге түседі. Осы өлеңін оқыған сайын Нарша ақын көз алдымда: «Әй, уызға жарыған» деп тұрғандай күй кешемін...

Ағайынның ортасынан алыстамай күн кешкен ақынға жергілікті билік те, ауыл халқы да барлық құрметті аямады, алақанында аялады. Ерке десе ерке ғой. Нарша айтқан деген әңгіме ел арасында кеңінен тарап кеткені де сол еркелігінен болса керек. Нарша ақынның еркелікке толы әңгімесі әлі күнде ел аузында жүр. Ол кісінің аудандық музейдің директоры қызметіне кірісуінің өзі әзілмен астасып жатыр. Қызметке орналасу жөніндегі өтініштің өзін өлеңмен өрген ақынның әзіліне езу тартпай көр.

«Өтініш жазды еріңіз,

Тағы да сынап көріңіз.

Түбі баратын жеріміз,

Музейді маған беріңіз.

 

Өтініш жазды еріңіз,

Наршаға тағы сеніңіз.

Сізге де орын қамдаймын,

Музейді маған беріңіз»,

деп өтініш жазғанын мәдениет саласын ұзақ жыл басқарған марқұм Әлібек Әмзеұлы езу тартып отырып айтушы еді...

Қайбір жылы Нәкеңнің еркелігін есерлік деп түсінген аудан басшысы қызметінен алмақ болып, өтініш жаздыруды аппарат басшысына жүктепті. Ол мәдениет саласында тер төгіп жүрген ақынға «қаралы хабарды» жеткізген. Содан ақынның «арызы» қолына түсіп, әкімге апарған ғой. Сөйтсе Нәкең жұмыстан босату туралы өтінішті басқаша жазып жіберіпті.

«Уа, ұлы мәртебелі хан ием» деп басталатын мәтін әкімді де, қарамағындағыларды да еріксіз күлуге мәжбүр еткен. Нәтижесінде, ерке ақын өтінішті басқаша жаза алмайтынын айтып, қызметінде қалған.

Дәл қазір биігін қар басқан Алатаудың ажары көзіңді арбай түсетіндей. Ал Қаратау күңіреніп тұр ма дерсің. Жақында ғана жел жайпап кеткен Қаратауда елді жырымен емдейтін Нарша да жоқ. Нарша – Қаратау ақындарының беткеұстары еді. Қуаныштысы, өзі кетсе де, сөзі қалды, оның өлеңін өлтірмейтін елі бар...

 

Жамбыл облысы