Қоғам • 14 Ақпан, 2023

Қоныс аударушыларға – кең қолдау

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында жұмыс орны тапшылығы байқалатын өңірлерден 7 923 адам өз еркімен қоныс аударды. Оның ішінде 1 320 қандас және 6 603 қоныс аударушы бар. Барлық қоныс аударушыға тиісті деңгейде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.

Қоныс аударушыларға – кең қолдау

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің ха­бар­л­ауынша, ұлттық жоба ая­сында қоныс аударушыларға мем­­лекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Атап айтқанда, бір мезгілде отағасына және отба­сы­ның әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған субсидия беріледі, сондай-ақ отбасы мүшелерінің санына және елді мекенге байланысты 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі көлемде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу және жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу сияқты шаралар қарастырылған.

2022 жылы қоныс аудар­ған­дардың ішінде 3 652 адам ең­бекке жарамды, олардың 2 811-і тұрақты жұмысқа орналас­ты­рыл­ған. Біржолғы субсидиялар 7 622 қа­ты­сушыға төленді, ал 5 633 аза­матқа тұрғын үй шығыстары субсидияланады.

Бұған қоса өңіраралық қоныс аудару­ға жәрдем көрсететін жұ­мыс берушілерге тұрғын үй­мен қамта­масыз етілген және ке­мін­де 2 жыл мерзімге тұрақ­ты жұ­мысқа қабылданған әрбір жұмыс­кер үшін 400 АЕК мөл­ше­­рінде жұмысқа орналасуға бір­жолғы субсидия беріледі.

Жұмыс күші жетіспейтін өңір­лерге қоныс аудару мүмкін­дігін пайдаланған мұндай азаматтардың көбінің өмірінде оң өзгерістер байқалады. Бұрын жұмыссыз жүрген жұрт басқа өңірде еңбекке араласып, нәпа­қа­сын тауып жүр. Солардың бірі – Нұрболат Мәдиев. Ол Қы­зылор­дадан Қостанай облысына көшіпті.

«2019 жылы мен болашақ жарыммен бірге Әулиекөл ауда­­нына көшіп келдім. Қазір аудан­дық ауруханада мас­сажист болып жұмыс істеймін. Жұ­мыс­пен қамту орталығы ар­қы­лы жұмысқа орналастым. Ма­ған барлық қолдау шаралары көрсетілді. Бұл үшін ри­за­шы­лы­ғымды білдіремін. Мұндай бағ­дарламалар көп болса, жақсы болар еді», дейді ол.

Н.Мәдиев жұбайымен осында көшіп келгеннен кейін үй­ленді. Оның жұбайы аудандық ауруханаға гинеколог болып жұ­­мыс­қа орналасты. Жас отба­сы қазір екінші сәбиін күтіп отыр екен.

Көші-қон комитеті төрағасы­ның міндетін атқарушы Ілияс Испановтың айтуынша, қандас­тар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2023 жылға арналған өңірлік квотасы 8 652 адам­ды құрайды. Оның 1,9 мыңы қандастар үшін, ал 6,7 мыңы қоныс аударушылар үшін көзделген.

«Қазіргі уақытта министрлік 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырым­да­масын қабылдады. Бұл құжат жұмыс орындары құрылатын және қолданыстағы бизнес-жобалар кеңейтілетін солтүстік және орталық өңірлерге ішкі қо­ныс аудару тетігін қайта қа­райды. Бұған қоса тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтарға жаңа тұрғылықты жері бойын­ша 4 млн теңгеге дейінгі мөл­шерде тұрғын үй сатып алуға қаржылай көмек алуға мүмкіндік беретін ұтқырлық сертификаттарын енгізу мүмкіндігі қарас­ты­рылып жатыр. Іске асырылып жатқан шаралар халықты қоныстандырудың өңірішілік диспро­порциясы мәселелерін реттеуде шешуші рөл атқарады», дейді І.Испанов.