Бір ескеретін жайт, бұл жерде мемлекет ауылдағы қосалқы шаруашылықтар мен кооперативтердің дамуына ерекше көңіл аударып отыр. Яғни жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздан аспайтын, мерзімі 7 жылға дейін берілетін қаржы құралына қол жеткізу үшін азаматтар кооператив құруға ынталы болуы керек. Себебі шаруалар біріксе, алатын сомалары да еселене түседі. Несие мал, құс пен өсімдік шаруашылығын дамытуға, кооперативтерді жабдықтауға және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу бағытында шағын кәсіпкерлік ашуға бағдарланған. Мал шаруашылығы үшін несие 7 жылға дейін, ал өзге де бағыттарға 5 жылға дейін беріледі деп көрсетілген.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұралы Қабиев Павлодар облысына республикалық бюджеттен 1,5 млрд қаражат бөлінгенін, осы айдың соңына дейін конкурстық жүйемен таңдап алынатын оператор наурызда қаражатты шаруаларға үлестіре бастайтынын айтып өтті.
– Оператор қызметін аудандардағы несиелік серіктестіктері атқара алмайды. Заңда бұл жоба бойынша қаржы тарататын ұйымдардың 50 пайыз үлесі мемлекет иелігінде болу тиістігі көрсетілген. Кооперативтің әр мүшесіне – 8,6 млн теңге, ал жалпы кооперативке 27,6 млн теңгеге дейін несие беріледі. Кепілге мүлік сұралады, егер шаруаның өзінде жылжымайтын мүлік болмаса, туысының, көрші-қолаңдарының мүлкін ұсынуға толық құқылы. Бұл жерде қаражат белгілі бір ауылдық аумақты дамытуға беріліп отырғаны назарға алынады. Кооперативтер туралы заңнамаға сәйкес, ауылдық жерлерде шаруашылық кооперативін құру үшін кемінде 3 жеке тұлға болса жеткілікті. Сондықтан бұл талап қиындық тудырмайды деп ойлаймын, – дейді басқарма өкілі.
Қазіргі күні Ертіс-Баян өңірінде жалпы саны 107 кооператив бар. Олардың көбі Тереңкөл, Баянауыл, Павлодар аудандарында орналасқан. 1,5 млрд теңге несие сомасы шамамен 300 жобаны қаржыландыруға жетеді деп күтілуде. Облыстағы 352 ауылдық елді мекенде шамамен 270 мың адам тұратынын ескерсек, бұл қаражат аздық ететіні шын. Себебі ауылдық жерлерде пайдалы несиені алуға ниеттеніп отырған ағайындар өте көп. Ал еліміздегі кез келген коммерциялық банк ауыл тұрғындарына мұндай шарттармен несие ұсына алмайтыны бесенеден белгілі.
Жергілікті әкімдіктер бүгінде өз аумақтарында тұратын халыққа жобаның жөн-жосығын түсіндіріп, ынталы азаматтарға бағыт беріп жатыр. Мәселен, Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев өзге әріптестері секілді ауылдарды аралап, тұрғындарға несие жайында ақпарат беріп жатқанын жеткізді.
– Аудан бойынша 279 шаруашылық, 11 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация, 12 сүт, 8 ет жинайтын пункт бар. Қазіргі күні әлеуетті шаруашылықтардың тізімі жасалып, жергілікті халықтан жиналатын ауыл шаруашылық өнімдерін көбейтуге басымдық беріліп отыр. Шалғай ауылдардың тұрғындарын жұмыспен қамтып, қосалқы шаруашылықтардың дамуына, азық-түлік өндірісін арттыруға жағдай тудыратын жобаны көпшілік асыға күтіп отыр, – дейді әкім.
Атап өтерлігі, тұрғындарға мал басын көбейту үшін берілетін қаражатқа міндетті түрде асыл түлік алу міндеттелмейді. Әрі олар алғашқы 2 жылда несиені төлеуден босатылады, яғни демалыс беріледі.
Павлодар облысы