Гуманитар саладан SCOPUS талап ету тиімсіз
Қайрат Сақ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Журналистика және саясаттану факультеті деканы:
– Бұл расында, қазіргі кездегі өзекті мәселе. Қазақстан тарихына, қазақ философиясына қатысты білім беру бағдарламалары бойынша оқитын докторанттар үшін Scopus деректер базасындағы журналдарға мақала жариялау міндеті алынып тасталғаны секілді әлеуметтік ғылымдар бойынша да мұндай міндет болмағаны дұрыс. Өйткені қазақ руханиятына, қазақ қоғамына қатысты зерттеу еңбектерін Web of Scienсe, Scopus базасына жариялаудың қажеті жоқ. Соның кесірінен, көптеген докторант, PhD докторанттар ғылыми дәрежесін қорғай алмай жүр. Одан да оның орнын алмастырып, мақалаларды өзіміздің ғылыми журналдарымызға жариялайық. Web of Scienсe, Scopus базасына мақала жариялау гуманитарлық, әлеуметтік ғылымдар үшін тиімсіз. Әрі Скопусқа мақала жариялау үшін докторанттарымыз ортадағы делдалдарға алданып қалатын жағдайлар да болады.
Біздің кейбір тақырыптарымыз әлем зерттеушілері үшін қызық болмауы мүмкін
Кенжегүл Тергембай, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Журналистика және саясаттану факультетінің докторанты:
– Мен былтыр докторантураны бітірдім. Бірақ әлі қорғауға шыққан жоқпын. 2023 жылдың желтоқсан айының соңына дейін қорғасам – тегін, үлгермесем қомақты қаражат төлеп қорғауға тура келеді. Бұл жалғыз менің ғана бас ауруым емес, докторантураны аяқтаған талай түлектердің бас қайғысы. Себебі «Скопус» деген қатал талап бар, сол зерттеуші ғалымдардың бағын байлап, сағын сындырып тұр.
Scopus (Скопус) деректер базасында мақала жариялау қиынның қиыны. «Қазақ тарихына, тұлғаларына, руханиятына, журналистикасына, саясатына арналған «отандық» тақырыптағы мақалалар әлемді қызықтырмайды. Оны мойындау керек. Ал, математика, медицина, биология, химия және физика саласы болса бір жөн, оларға талас жоқ. Осы проблеманы былтыр Асхат Аймағамбетов мырзаның жекесіне жазғанмын. Ол азаматқа алғысым шексіз, себебі проблемаға салмақты түрде қарап, министрлікте талқылауға салды. Жақсы жаңалық күтіп жүргенде министрлік екіге бөлініп кетті де біздің проблемамыз Саясат Нұрбек мырзаның құзырына өтті.
Диссертация қорғауға әзірленіп жүрген докторанттарда сұрақ көп
Гүлмира Әшірбекова, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Журналистика және саясаттану факультетінің аға-оқытушысы:
– Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023 жылғы 9 қаңтардағы №7 бұйрығы отандық ғалымдар үшін жақсы жаңалық болғаны анық. Өйткені осы уақытқа дейін қазақ тіл білімі мен әдебиеттану, филология мәселелеріне қатысты ғылыми мақалалардың шетелдік басылымдарда жарық көруі қиындық туғызып келді. Соған қарамастан Web of Scienсe, Scopus базаларындағы ғылыми журналдарда бірнеше мақалаларын жариялап үлгерген филологтар аз емес. Яғни қазақ тіл білімі мен әдебиеттану мәселелерін әлемдік ғылыми ортаға таныстыра алдық деп ойлаймын. Бұл – ғалымдардың үлкен жетістігі. Жаңа толықтырулар мен өзгертулер енгізілген талаптардың әлі де болса сұрақ туындататын тұстары бар. Мәселен, 35 проценті бар жоғарыда аталған базаларда тіркелген басылымдарда мақаласы шықса, басқа ғылыми мақалалар талап етілместен қорғауға жіберіледі делінген. Тағы да осындай талаптар бар. Бұл мәселеге қатысты комитеттің түсіндірмесі қажет-ақ. Өйткені қазіргі таңда қорғауға дайындалып жүрген докторанттар арасында сұрақ көп. Ғылым комитеті бекіткен қазақстандық ғылыми журналдар Scopus базасына ену үшін мақала қабылдау ережелерін өзгертіп, талапты күшейтуде. Біз отандық ғылыми басылымдардың сапасын жақсартуға кіріскенде, шетелдік журналда шыққан бір мақаламен қорғау қаншалықты дұрыс шешім? Сондай-ақ Web of Scienсe, Scopus базаларындағы ғылыми журналдарда мақала жариялауға байланысты ғылым салаларына қарай бөлуді дұрыс шешім деп қабылдамаймын. Өйткені әлеуметтік ғылымдар да қазақ қоғамының мәселелерін зерттейді. Зерттеу тақырыптарының ішінде шетелдік журналдар қабылдамайтын тақырыптарды жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан аталған өзгертуді басқа ғылым салаларына қатысты да қосу керек деп ойлаймын.
Scopus-қа мақала шығару талабын журналистикадан да алып тастаса...
Зәуреш Қойгелдиева, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Журналистика және саясаттану факультеті докторанты:
– Web of Scienсe, Scopus базаларындағы ғылыми журналдарда мақала жариялау талабын гуманитарлық бағыттағы мамандықтардан ғана емес, әлеуметтік ғылым мамандықтарынан, соның ішінде журналистикадан да алып тастағаны дұрыс. Себебі біздің докторлық жұмысымыз қазақ тілінде зерттеледі әрі көптеген тақырыптар қазақ қоғамының мәселелері. Сонымен қатар Скопусқа мақала жариялау қазіргі таңда өте қиын болып тұр. Мен мақалаларымды еуропалық журналдарға бірнеше рет тегін жібердім. Үш рет қайтып келді. Ақша төлеп те жариялауға тырысқан едім. Бірақ екі рет алданып қалдым. Біздің тақырыбымыз ұлттық құндылықтар төңірегінде болғандықтан, ол шетелдік басылымдарды көбіне қызықтырмайды.