Таным • 14 Ақпан, 2023

Жазу құралдары: Тастан технологияға дейін

1335 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жазу – ойдың киесін сөзге дарыту». Жазу – қарым-қатынас жасаудың, білгеніңді бөлісудің, сезімдеріңді жеткізудің негізгі тәсілі. Жазу арқылы сезімдер сөзге айналады. Алғашқы адамдар ойындағысын жеткізу үшін сурет салған. Белгі ойлап тапқан. Сосын жазу пайда болған. Әдеби туындылар, ғылыми зерттеулер, тарихи құжаттар осының бәрі жазылып, сақталған. Қазір пернетақтамен компьютерге немесе телефонға жаза береміз. Ал бұрынғы жазу құралдары қандай болған?

Жазу құралдары: Тастан технологияға дейін

Тарихтан білетініміздей, алғашқы адамдар тасқа қашап жазған. Үңгірлерде аң аулап жатқан көріністер, түрлі рәсімдер, адам бейнелері, таңба, белгілер қашалған. Бұл сол кездегі байланыс құралы болды. Ал ол кескіндерді бейнелеу үшін бояғыштар, тас-көмір мен күйдірілген ағаш тамырларының ұнтағы қолданылған.

Сына жазуы. Алғашқы жазба тілін – сына жазуын ежелгі Месопотамия тұрғындары ойлап тапқан. Олар ақпаратты таяқпен жұмсақ саз тақтайшаларға жазып отырды. Қазба жұмыстары кезінде табылған саз тақтайшалар сол кездегі өркениет туралы, тайпалардың өмір салты туралы мәлімет алуға мүмкіндік берді.

Сына жазуы

Сиямен жазу. Қазіргі сияның алғашқы аналогтары әртүрлі елдерде бір уақытта пайда бола бастаған. Оларды жасау үшін күйе немесе жоса бояуын араластырып сірке суы мен өсімдік майын қосқан.

Ежелгі Египетте сияны кептіріп сақтаған. Жазатын кезде оларды суда сұйылтып пайдаланып отырған. Ал мысырлықтар папирусқа жазу үшін үшкір бамбук таяқшаларын қолданды. «Каламос» деп аталатын мұндай таяқшалар Ежелгі Грецияда да қолданылған.

Қытайда мәтін жазу үшін таяқшалар емес, көбіне қылқаламдар пайдаланылды.

Таяқшалар

Қауырсын қалам. Қаламдар жазу құралы ретінде Еуропада ерте орта ғасырларда каламостың орнына қолданыла бастады. Қаз қауырсындары жиі қолданылған. Өйткені олар сияны жақсы сіңіретін.

Қауырсын қалам

Қауырсын қаламды жазуға жарамды ету үшін оны сілтіге қайнатып, кептіріп, күйдіріп, ыстық құмға қатайтқан. Осыдан кейін қаламның ұшы арнайы пышақпен қайралып, сия ағызу үшін ортасында ойық жасалған. Қауырсын қаламдар XIX ғасырдың басына дейін жазудың негізгі құралы болды.

Қарындаш. Ерте орта ғасырлардан бастап жазу және сурет салу үшін қаламдар ғана емес, сонымен қатар күміс ине де қолданылған. Күмістің қағазға көкшіл-сұр із қалдыратынын байқаған. Күміспен жазылған нәрсені өшіру мүмкін болмаған. Кейін қара шиферден жасалған «итальяндық қарындаш» кеңінен қолданылды.

XVI ғасырда алғашқы графит қарындаштары пайда болды. Бірақ бастапқыда оларды жазу үшін пайдалану ыңғайсыз болды. Ал әйгілі алтыбұрышты қарындаштарды 1851 жылы Faber-Castell қарындаш фабрикасының иесі ұсынған. Бүгінгі таңда кең таралған механикалық қарындаштарды 1869 жылы американдық Алонсо Таунсенд Кросс ойлап тапқан.

Қарындаш

Қалам. Шарикті қаламдар XIX-XX ғасырдың басында пайда болды. Алғашқыда бұндай қаламға екінің бірі қол жеткізе алмаған. Бірақ нарықтағы бәсекелестік бағаның төмендеуіне және оның түр-түрінің пайда болуына әсер етті.

Қалам