20 Маусым, 2014

Әлем чемпионы өкілеттігін өткізді

202 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Футбол-2014-1Бразилияда өтіп жатқан әлем чемпионатындағы кешегі күннің басты жаңалығы жаһан жеңімпазы – Испания құрамасының мерзімінен бұрын жарыс жолынан шығып қалып, өзінің өкілеттігін ерте өткізетіні болды.  Чили футболшыларымен таңмен таласа аяқтаған бұл кездесуінде испан атлеттері қарсыластары алдында дәрменсіздік көрсетті. Ал бұдан сәл бұрын Голландия құрамасы Австралиядан ұтылып тұрып, жеңісті тартып әкетті. Ең соңынан алаңға шыққан Хорватия мен Камерунның тартысында бұлардың алдыңғылары ірі есеппен жеңіске жетті. Біз осы үш матчқа қатысты шолуымызды Испания – Чили арасындағы матчтан бастағымыз келіп отыр. Бірінші ойынында Голландиядан 1:5 есебімен ойсырай ұтылған «қызыл фурия» бұл кездесуде сол жолы алған ауыр соққыдан әлі есін жинай алмай жүрген адамның кейпін көрсетті. Ол құдды бір алдыңғы ұшырасуға бар күш-қуатын сарқа жұмсап қойғандай әсер қалдырды. Бұған қарағанда, чилиліктер кескекті күреске біршама дайын болып шықты. Олар испандардың бұрынғыдай допты еркін меңгерулеріне жол бермеді, бұл үшін прессингті қатты пайдаланды, аумақтардың бәрін жауып тастап, қарсыласын өз мәнерімен ойнауға мәжбүр етті. Алаңдағы оқиғаның бұлай өрбуіне испанның мықты деген футболшыларының өзі кедергі келтіре алмады. Чилиліктер матчты өте белсенді бас­таса, есесіне испандықтар   оңды-солды қателіктер жіберумен болды. Солардың бірінде испандар алаңның ортасында күтпеген жерден доптан айырылды. Оны іле қашқан Чили футболшылары бір-біріне тез қақпақылдап жеткізе отырып, қарсы айып алаңынан бір-ақ шықты. Комбинацияны бастаған Видаль еді, жалғастырған Чарльз Арангис пен Варгас болды. Бұлардың соңғысы әріптесі берген допты қақпашы Икер Касильястың жанынан қақпаға тастай салды – 1:0! Ал таймның соңында Алонсо өз алаңы маңында тәртіп бұзды. Оған белгіленген айып добын Алексис Санчес «қабырғалықтан» асыра ұрды. Туралай барған допты Касильяс кері қайтарып үлгерді. Бірақ доп Арангистің аяғына барып тұра қалды. Жағдайды тез пайымдаған Чарльз допты кідірместен қақпаға қайтадан бағыттады. Гол! Осымен есеп 2:0-ге жетті. Маусымның 19-ына қараған түні Австралия және Голландия құрамалары кездесті. Ойын 3:2 есебімен «Қызғалдақтар елі» футболшыларының пайдасына шешілді. Әйткенмен, жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Кездесу кезінде, тіпті, ұтылып та қала жаздады. Екі жақ алғашқы голдарын бір-бірлерімен жарыса соқты. Алдымен голландиялық Арьен Роббен 20-минутта есеп ашса, 21-минутта Тим Кэхилл таразы басын теңестірді. Екінші таймның басы енді голландтардың гол жіберіп алуларымен өрнектелді. Ол 54-минутта қапталдан австралиялық Оливер Бозанич тастаған допты Дэрил Янмат қолымен ұстап алуына байланысты белгіленген пенальтиден соғылды. Оны Миле Единак қатты ұрып түсірді. Алайда, бұл дүрлігісті Голландия ойыншылары тез баса білді. Арада бар-жоғы 4 минут өткенде, Ван Перси офсайд шегінде тұрған сәтінде қақпаға көктей өтіп, гол салды – 2:2! Оның әріптесі Мемфис Депай 68-минутта қарсы шабуыл кезінде үшінші голды түсіріп, команданың жеңісін қамтамасыз етті. Ең соңынан Камерун мен Хорватия күш сынасты.  Әу бастан квартеттегі аутсайдер саналған «қара құрлық» өкілдері сол болжамның бекер емес екенін бірден білдіріп, турнирдің екінші матчынан кейін-ақ плей-офф шайқастарына шығу құқығынан айырылды. Алғашқы гол соғылған комбинацияны Дарио Срнадан доп алған Марио Манджукич бастады. Ол допты келесі кезекті Иван Перишичке асырды. Одан пас алған Ивица Олич бар күшімен соғып, қақпаның торын дүр еткізді. Камерун қақпасы торын бүлк еткізген екінші доп екінші таймның басталған шағында салынды. Ол допты қарсыластар шабуылшысының алдына лақтырып тастаған қақпашы Итандждың қателігінен кейін мүмкін болды. Оны алған Перишич бірден төрт бағанның ортасын көздеуге асықпады. Ол бірнеше қадам ілгері келіп, өзіне қолайлы сәт жасап барып, допты қақпашының жанынан зу еткізді. Тағы бір шабуыл тұсында Даниэль Праньич өзі қол жеткізген бұрыштама добын алаңға өзі жеткізді. Ол Манджукичтің басына туралап келді. Сол кезде «Баварияның» шабуылшысы бұл мүмкіндікті құр жібермеді. Арада 12 минут өткенде бұл форвард тағы бір гол соғып, чемпионатта дубль жасаушылар қатарын түзді. Кеше чемпионатта Колумбия – Кот-д`Ивуар, Уругвай – Англия кездесті. Ал бүгін таң алдында Жапония мен Грекия ұшырасты. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».