«Реал» Африка құрлығында өткен клубтар арасындағы әлем чемпионатының да, финалдың да сөзсіз фавориті еді. Көпшілік испаниялық клуб финалда былтырғы «Либертадорес» кубогінің жеңімпазы Бразилияның «Фламенгосымен» кездеседі деп топшылаған еді. Алайда 2021 жылғы Азия Чемпиондар лигасының иегері Сауд Арабиясының «Әл-Хилял» командасы жартылай финалда сенсация жасап, «Либертадоресті» матч соңындағы пенальти сериясында жеңіп кетті.
Финалдық матч Марокко астанасы – Рабатта орналасқан 55 мың жанкүйерді сыйдыра алатын «Мулай Абдулла» атындағы стадионда өтті. Матчтың алғашқы 10 минуты саудиялықтар үшін сәтті басталғанымен, кездесудің 13-минутында Винисиус Жуниор Кәрім Бенземаның пасынан кейін гол соғып, командасын есепте алға шығарды. Арада бес минут өткенде «Реалдың» уругвайлық шабуылшысы Федерико Вальверде таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Дегенмен, ойынның 26-минутында «Әл-Хилял» шабуылшысы Марега мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды – 2:1. Финалдың бірінші таймы дәл осы есеппен аяқталды.
Еуропа Чемпиондар лигасының былтырғы жеңімпаздары үзілістен кейін де белсенділігін арттырып, айналдырған төрт минуттың ішінде қарсыластарының қақпасына жауапсыз екі гол соқты. Екінші таймның 54-минутында 2022 жылғы «Алтын доп» иегері Кәрім Бензема бұл жолы Винисиус Жуниордың асырған пасынан кейін қақпаны дәл көздесе, 58-минутта Федерико Вальверде дубльдің авторы атанды. Сауд Арабиясы командасының ойыншылары да қарсыластарына кубокті оңай беріп қойғысы келмей, біраз қарсыласып бақты. Кездесудің 63-минутында Лусиано Вьетто гол соғып, таразы басын бір допқа қысқартқанымен, 69-минутта Винисиус Жуниор есепті 5:2-ге жеткізді. Матч аяқталғанға дейін Вьетто тағы бір мәрте мергендігімен көзге түссе де, командасын жеңілістен құтқарып қала алмады. Осылайша, 5:3 есебімен жеңіске жеткен «Реал» өз тарихында бесінші мәрте клубтар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды.
Бразилияның «Фламенго» мен Мысырдың «Әл-Ахли» клубтары арасындағы үшінші орын үшін бәсеке «Ибн Батута» атындағы стадионда өтті. Бұл матчта Оңтүстік Америкадан келген футболшылардың мерейі үстем болды – 4:2. Бір қызығы, ойындағы алты голды үш футболшы ғана соқты. Қола жүлдегерлер сапынан Габриэл Барбоза мен Педро дубль жасаса, «Әл-Ахли» командасынан Ахмед Әбделкадер екі мәрте дәлдік танытты. Сөйтіп, «Фламенго» чемпионаттың қола жүлдегері атанды.
2000 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан клубтар арасындағы әлем чемпионатында Мадридтің «Реалы» биыл бесінші мәрте топ жарып, ең көп олжаға кенелген командалардың көшін бастап тұр. Корольдік клуб бұған дейін 2014, 2016, 2017 және 2018 жылдары жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Сонымен қатар «Барселона» үш мәрте (2009, 2011, 2015), «Коринтианс» (2000, 2012) пен «Бавария» (2013, 2020) екі реттен, «Интернасьонал» (2006), «Сан-Паулу» (2005), «Милан» (2007), «Интер» (2010), «Манчестер Юнайтед» (2008), «Ливерпуль» (2019) және «Челси» (2021) клубтары бір-бір мәртеден жеңімпаз атанған.