Қоғам • 14 Ақпан, 2023

Көңілді демеген «Күміс жас»

301 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бейнетінің зейнетін көретін жасқа жақындағанда жұмыссыз қалып, пұшайман күй кешкен азаматтардың ахуалы да мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды. Мұндай келеңсіз жағдайға тап болған еңбекке қабілетті адамдардың көңілін демеген «Күміс жас» жобасы бар.

Көңілді демеген «Күміс жас»

Бұл – әне-міне зейнетке шығамын деп отырған азаматтарды лайықты жұмыспен қамтып, демеп жіберетін жәрдемші жоба. Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша 2022 жылы «Күміс жас» жобасын іске асыру аясында 3 080 адам жұмысқа орналастырылды. Аталған игі бастама 2022 жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба шеңберінде іске қосылды.

«Күміс жас» арқылы жұмысқа орналасқан­дардың ең көп саны Алматы (570 адам), Түркістан (516 адам) және Қарағанды (322 адам) облыстарында тіркелді. Осы орайда бұл санаттағы азаматтарға жұмыс тауып берушілерге де мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын атап өту керек.

Бұл жобаға, жоғарыда айтқандай, зейнет­керлікке шығуға бірер жыл қалған жұмыссыз азаматтар қатыса алатын еді. Енді биылдан бастап жобаға қатысушылардың ауқымы ұлғайтылып, 50 жасқа толған адамдардың қатысуына да мүмкіндік беріле бастады.

«2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жобаны іске асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді оған 50 жасқа толған адамдар қатыса алады. Бұл ретте мемлекеттен жұмыс берушіге жобаға қатысушылардың жалақысының белгіленген мөлшерінің 60-тан 70%-ына дейін, бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде субсидия төленеді. «Күміс жас» жобасына қа­тысу ұзақтығы 36 айға дейін. Осыдан кейін жұмыс беруші «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңда белгіленген зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге, ал зейнеткерлік жасы алдындағы (58 жастан асқан) адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына орналастырады», деп хабарлады тиісті ведомствоға қарасты Халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Айжан Жапалбаева.

Жыл басынан бері жергілікті жерлерде аталған мәселені шешуде тиімділігін көрсеткен бұл жоба жөнінде қатысушылар ғана емес, сонымен қатар жұмыс берушілер оң пікірін білдіріп жатыр.

«Әулиекөлдің орталығында «Минутка» деп аталатын асханам орналасқан. Жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс берушілермен кездесу ұйымдастырып, онда мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындары туралы айтып берді. Мен «Күміс жас» жобасына қызығушылық танытып, өтінім бердім. Ал 1 ақпаннан бастап маған екі әйелді жіберді. Олар – Людмила Райзер мен Светлана Майор. Мен мемлекеттен жұмыс берушілер де, 50 жас­тан асқан, жұмыс табу қиынырақ адамдар да қолдау алатынына қуаныштымын», деді жеке кәсіпкер Қарлығаш Рахматуллина.