Саясат • 14 Ақпан, 2023

Ынтымақтастық нығая береді

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Португалияға сапармен барып, осы елдің Сыртқы істер министрі Жоау Гомеш Кравиньюмен келіссөз жүргізді. Бұдан бөлек бірқатар жетекші компания басшыларымен кездесті.

Ынтымақтастық нығая береді

Екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары кездесу барысында Қазақстан мен Португалия арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі жағ­дайы мен даму перспективаларын талқы­лады. Халықаралық күн тәртібіндегі бірқа­тар өзекті мәселе сөз болды. Тараптар инсти­туционалдық тетіктерді жетілдіру, өзара сауданы әртараптандыру, транзит-көліктік бағыттарды дамыту, сондай-ақ цифрландыру, IT индустрия, «жасыл» энергетика, туризм, білім беру секілді салаларда коо­перацияны жандандыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ шарт-құқықтық базаны одан әрі кеңейтуге және саяси диалогті дамытуға ерекше назар аударылды. Ынтымақтастықтың перспективалы салаларын жандандыру, мемлекеттік және бизнес құрылымдар арасындағы тікелей байланыстарды ынталандыру үшін екі елдің Үкіметаралық комиссия­сы мен Іскерлік кеңесін тезірек құру қажет. Кездесу барысында бұл мәселе де әңгімеге арқау болды. Бұдан бөлек, Қазақстан азаматтарына визалық режімді жеңілдету мәселесі жеке талқыланды.

Министр Ж.Кравинью Қазақстан СІМ басшысының Лиссабонға сапары өзара іс-қимылдың барлық саласы бойынша ынтымақтастықты одан әрі арттыруға қосымша серпін беретініне сенім білдірді. «Португалия Қазақстанды Орталық Азияның стратегиялық перспективалы аймағындағы маңызды және сенімді серіктес ретінде қарастырады. Біз көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға және сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге қолғабыс көрсетуге дайын­быз», деді Ж.Кравинью.

Өз кезегінде М.Тілеуберді әріптесін Қазақстанға шақырды. Ж.Кравинью ұсы­нысты қуана қабылдап, биыл бизнес-делегациямен бірге Астанаға келуге дайын екенін хабарлады.

Қазақстандық делегацияның Taguspark ғылыми-технологиялық паркінің басшы­лығымен кездесуі өте жемісті өтті. Онда 160-тан астам жетекші трансұлттық және еуропалық технологиялық компания жұмыс істейді. Taguspark басқарма төрағасы Эдуарду Баптишта Корреа және IT, бағдарламалық қамтамасыз ету, бизнесті сертификаттау және фармацевтика салаларында қызмет атқаратын Altice, ISQ, PHC Software, Jaba Recordati, TechnoEdif, Bandora және Shift Consulting секілді компаниялардың басшылары Қазақстандағы қаржы технологиялары экожүйесінің серпінді дамуына шынайы қызығушылық танытты. Astana Hub және «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастық орнату туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Оған қоса Taguspark-тегі бірқатар компания өзара тиімді жобаларды іске асыру мақсатында байланыс орнату және перспективалы әріптестер іздеу үшін Қазақстанға келуге ниет білдірді.