Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков Қызылордада Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық XVII сессиясына қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Шараға қатысушылар қоғамды біріктірудегі Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің рөлі, жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу, толеранттылық қағидаларды қалыптастыру туралы, ұлтаралық қатынастардағы мәдениет, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту және Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың тілдерін дамыту туралы айтты.
«Ұлттық тұтастық пен ұлтаралық үйлесімді қатынастар орнықпайынша көпұлтты қоғамда келісімге қол жеткізу мүмкін емес. «Қоғамдық келісім – тұрақтылық – ұлттық тұтастық» ұғымдары Мемлекет басшысы саясатының біздің елімізді дамытудағы негізгі қағидалар ретінде берік орнықты», деп атап өтті А.Башмаков.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етуде Ассамблея жанынан құрылған қоғамдық келісім кеңестері маңызды рөл атқаруы тиіс екенін де атап көрсетті.