Экология • 15 Ақпан, 2023

Электр энергиясы және оның экологияға әсері

571 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір қала қарыштап дамып, аспандағы жұлдыздар көрінбей қалғанша жарқырай түсуде. Электр жарығының көптігі табиғатты айтарлықтай ластайды. Жарық шамдар көшелерді адамдарға ыңғайлы, қауіпсіз еткенімен, оның шамадан тыс болуы адам денсаулығы мен табиғатқа зиян.

Электр энергиясы және оның экологияға әсері

Осы мәселеге байланысты Лондон жарықтың ластануын азайту үшін зәулім ғимараттардағы жарықты түнде өшіруді жоспарлап отыр. Бұл жоба түнгі уақытта комменданттық сағат ретінде қабылданады. Сағат 22.00-ден кейін жарық өшеді. Тек қылмыстың алдын алу мақсатында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жарықтар өшірілмейді.

Жалпы жер бетінің төрттен бір бөлігі жарықтың ластануына ұшыраған. Бұл аймақтарда жер шары халқының шамамен 80% тұрады. Қалдықтарды өртеу кезінде болатын жылу жарықтары тіптен зиян. Вашингтон университетінің ғалымдары мұны жаһандық жәндіктердің жойылуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі деді. Өйткені жарық жәндіктерді тартады, содан кейін жойылуына әсер етеді.

Жарықтың ластануынан жалғыз жәндіктер ғана жаппай қырылмайды. Оның өзге келтірер шығыны мен залалы көп.

Адамзат табиғатты өз қолымен ластап жатыр. Бүгінгі таңда автомобильдер парниктік газдардың негізгі көзі. Олар атмосфераға еніп, жер бетіндегі температураның жоғарылауына әкеледі.

2016 жылы ғалымдар World Atlas түнгі аспанның жарықтығы картасын жариялады. Бұл жарықтың ластануы шынымен де жаһандық мәселе екенін көрсетеді. Карта бірнеше мың спутниктік суреттерге негізделген және түнде жер бетінің қалай жарқырайтынын көрсетеді. Онда Солтүстік Америка, Еуропа, Таяу Шығыс және Азия жарқыраған гирляндамен безендірілгендей көрінеді. Ал жердің шалғай немесе адам тұрмайтын аймақтары – Сахара, Амазонка аймағы және Сібірдің кейбір аудандары толық қараңғылықта болған.

Қазір Гонконг әлемдегі ең ластанған қала болып саналады. Зерттеушілердің пікірінше, Венаға немесе Берлинге қарағанда түнгі жарық 100-200 есе көп. Кейінгі орындарға Лас-Вегас, Токио, Сеул және Нью-Йорк қалалары кіреді. Алайда жарықтың ластануын зерттеу әлі де алғашқы сатысында болғандықтан, жарықтың ластану дәрежесін анықтау үшін халықаралық стандартсыз Гонконгтың ең ластанған қала екенін кесіп айту қиын.

Халықаралық қараңғы аспан қауымдастығы жарықтың ластануын жасанды жарықты дұрыс емес немесе шамадан тыс пайдаланғаннан болып отыр дейді.