Облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері ұйымдастырған іс-шарада даңқты спортшы табысқа жету үшін талмай еңбек ету керектігін атап өтті. Сондай-ақ ол өз сөзінде жастардың спортпен шұғылдануына мемлекет тарапынан барлық жағдай қарастырылғанын сөз етті.
«Спортшы болғысы келетін адам саламатты өмір салтын ұстануы керек. Адам баласы жастайынан денсаулыққа кері әсер ететін дүниелерден алшақ болғаны жөн. Жеңістің кілті – тынымсыз еңбекте. Оқушылар бала кезден саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданса, бағындырмайтын биік болмайды. Қазіргі жастар осыны естен шығармаса екен», дейді Паралимпиада чемпионы кездесу барысында.
Іс-шара барысында мектеп оқушылары көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, спортшы тарапынан мардымды жауап алды. Білім алушылар чемпионмен жүздесуде кәсіби спортпен шұғылданудың, режімді ұстанудың қыр-сырына қанығып, алдағы уақытта өздері қалаған спорт секциясына жазылып, еліміздің көк туын көкте желбірету жолында аянып қалмайтындарын айтты.
ТАРАЗ