Ішінде арнайы чипі бар сырға-таңбаның нөмірі «Tanba» бірыңғай базасына енгізіліп, әлгі иттің биозарарсыздандырылғанын айғақтайды екен. «Сердце Павлодара» қорының жетекшісі Мария Гребанкина қаңғыбас иттерге арналған сырғалардың алғашқы партиясы сатып алынғанын, ол жақын арада жануарлар терісіне енгізілетінін айтады.
– Азаматтар мұндай белгісі бар жануарлардың кастрациядан немесе стерилизациядан өткенін біле алады. Біз жергілікті ветеринарлық стансамен сөйлесіп, келісімге келдік. Мұндай иттердің қауіпсіз екенін, оларға тиіспеу қажет екенін біледі, – дейді ол.
Бұған дейін қоғамдық белсенді облыс орталығында иттерді биозарарсыздандыруға арналған әлеуметтік орталық ашылатыны туралы хабарлаған еді. Болашақ клиникаға қала тұрғындары қаражат жинап, жиһаз және қажетті заттарын сатып әперді. Дей тұрғанмен, ұйымның штатында әзірше ветеринар жоқ, маманды сырттан жалдауға тура келіп отырған көрінеді. Ал иттерді зарарсыздандыру ақылы түрде жүзеге асып жатыр. Сондықтан көше кезген барлық жануарды қамту мүмкін емес екені айқын.
Бір қызығы, бұл орталықты ұйымдастырушылардың қаңғыбас иттердің мәселесін кастрация жасаумен шешеміз дегені ойға сыймайтындай. Ветеринар мамандардың сөзіне құлақ түрсек, кестірілген жануарлар кейін көбіне ызақор, қабаған болып кетеді. Жануарларды қорғау стандартын енгіземіз деп арнайы заң қабылдадық. Бұралқы жануарлар өздерінің заңмен қорғалғанын әбден біліп алса керек, бүгінде елді мекендердің кез келген жерінде тайраңдап, бала-шағаның көзінше ұйығып жүре береді. Жуықта Павлодар ауылының тұрғындары мектеп ауласында күні-түні иттер жүретінін, балаларының өмірі үшін алаңдайтынын айтып дабыл қақты. Алайда жергілікті әкімдік оларға қарсы шара қолдануға қауқарсыз. Әкімдіктегілер ата-аналарға иттердің иелерін өздерін тауып алыңдар деп сілтей салған. Ал жергілікті ветеринарлық мекеме мамандары оларды торға қамап ұстап алуға әрекеттенгендерімен, түк шықпапты.
Кейінгі уақытта баланың да, кәрінің де берекесін қашырып қоймай, тіпті көше кезген алабайдың жеткіншекті талап өлтіргенін де естіп білдік. Адамдар иттен осыншама зардап шегіп, бейбіт күнде балғындарды жазым етіп жатса, қолданыстағы заңның шикілігін білдірмей ме? Ит ұстайтын азаматтардың жауапкершілігін күшейтпей, солқылдақ заңымыз әлі талай баланың сорын қайнататындай.
Павлодар облысы