Қоюшы хореограф Патрик де Бана өз қойылымдарына әркез оралған сайын оған міндетті түрде өзгеріс енгізеді екен. Кеудесінде ылғи жандүниесінен бұлқынып шыққан туындысы толыққанды өмір сүрсін деген үлкен құштарлық тұрады.
–Уақыт алға жылжып, бишілер ауысады, соған сай хореографияны жаңартудың қажеттілігі туады. Біз бұрынғыдай екі актіні қалдырдық. Бірақ балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратовамен бірге қойылымды сәл қысқа әрі ықшам етіп жасауды ұйғардық, – деді Патрик де Бана. – Үш жыл бұрын премьера үлкен табысқа ие болған еді, бұған қуаныштымын. Әлбетте, осынау балетті барынша көп адамның көргенін, оның ішінде гастроль аясында шетелдіктердің де тамашалағанын қалар едім. Өйткені спектакль Қазақстанды таныстырады, осы елдің әсемдігін жырлайды, – дейді балетмейстер.
Еске сала кетейік, спектакльді безендірумен шетелдік талантты шеберлер – декорациялар бойынша суретші Рикардо Санчез Куэрда мен костюмдер бойынша суретші Стефани Бауэрле айналысты. Сценограф ұлттық стильдің әсем элементтерін байқап, қазақ даласының кеңдігінен шабыт алып, сахна жабдығын бірінші актіде әдемі табиғат және кесене картиналарымен шынайы етіп безендірген. Ал екінші актіде сахна келешекті болжайтындай болып көрінеді. Суретші Стефани Бауэрле жануар-кейіпкерлер мен бақсыға арнап олардың бейнесін бір қарағанда көз алдыңа әкелетін костюмдер жасады.
Сондай-ақ қаланың нобайын салу көрінісінде және шабадандармен болатын әйгілі оқиғадағы қыздар костюмдерінің бояуы қанық. Ұлттық костюмдердің де нобайы бөлек.
Патрик де Бана бұл балеттің әлемдік сахналар қатарынан үйлесімді орын алатынын атап өтті.
– Париж операсына немесе лондондық Ковент-Гарденге гастрольге барып келген қолайлы болар еді, бұл – үлкен театрлар, оларда осы декорацияларға орын жетерлік, – деді хореограф.
Десек те бұл балет түрлі сахналарға келе береді. Париж бен Лондондағы көрермендерге ғана емес, барша әлемге ортақ тақырып. Қойылымның негізгі желісі өмірлік құндылықтар мен ешқашан өзгермейтін әділет, ар сынды қасаң қағидаларға құрылған. Соған қоса рухани, мәдени ізгіліктермен қатар әуезді музыка мен ұлттық нақыштың бірге толқуы балетті өңдендіре түседі.
Сонымен балеттің музыкалық негізінде Төлеген Момбеков, Қуат Шілдебаев, Ренат Гайсин, Карлос Пино-Кинтананың туындылары, одан бөлек «Тұран», «Хассақ» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері мен «Steppe Sons» этно-джаз тобының репертуарындағы композициялары бар.
Балет өнерінде музыканың рөлі үлкен. Бишінің әр қимылы әуеннің әр нотасымен іштей қабысып, үндесіп жатады. «Дала үні» қойылымында Ұл/Шебердің партиясын орындауға Ғалымжан Нұрмұхамет пен Бекзат Орынбаев дайындалып жатыр. Ал Муза – Әйгерім Бекетаева мен Анастасия Заклинская. Бақсы – Сұлтанбек Ғұмар, Серік Нақыспеков. Ана – Әсел Шайкенова, Аделина Төлепова, Әнел Рүстемова. Әке – Олжас Тарланов, Жәнібек Ахмедиев, Жәнібек Иманқұлов. Қарсылас – Евгений Рыбкин, Диас Құрманғазы, Олег Леонтьев, Сұңғат Қыдырбай және тағы басқалары. Либреттоның хореографиялық адаптациясын Жан-Франсуа Вазель жасаған.