Сәуле Сүлейменованың шығармашылығы түрлі реңктерге толы. Астары да ылғи қазіргі қоғамның бет-бейнесімен үндесіп жатады. Ең бастысы, суретшінің стилі, әдісі бөлек. Қазіргі заманауи өнерді ол өзінше түсінеді һәм өзінше жеткізеді. Мәселен, аталған көрмеде автордың қайта өңделген полиэтиленнен, пластик пакеттерден жасалған «Шыңжаңды тазалау», «Қандастар туралы дастан» сериясы, сондай-ақ қалың қағазға балауызбен басылған «I love you», «Sunset Workers», «Kazakh cancan», «Green Bus», «Barakholka» сериялары бар «Bazar Busstop-1» туындылары ұсынылды.
Суретші шығармашылықтағы мұндай әдіске табиғат-анаға деген қоғамның көзқарасынан келгенін айтады. «Бір жылдары Астана мен Алматы арасында пойызбен жиі жүрдім. Жазық даламен әрі-бері өткенде қызғалдақтар жайқалып өсетін мезгілді көргім келетін. Бірақ қызылды-жасылды жайқалған далада пластикалық шөлмектер мен пакеттер шашылып жатқанына ішім ашитын. Дала – бұл Қазақстанның рәмізі, біздің мақтанышымыз, тіпті барлық жерде пластикалық қоқыс шашылып жатса да, әрбіріміз осы дарқан даламызбен мақтанамыз. Целлофан қалталар далада ұшып жүр, көкте қалқып, өсіп тұрған шөптер мен ағаштарға ілініп, жер-жерде жатады. Бір қызығы, олар еріп, жоқ болып та кетпейді. Міне, бұл біздің уақытымыздың рәмізі», дейді Сәуле Сүлейменова.
Сондай-ақ ол осындай ішкі толғанулардың нәтижесінде өз үні өнеріне ұласқанын атап өтті.
«Алғашқыда, пакеттерді қалай қолдануға болатынын ойластыра бастағанда осы пластиктің ештеңемен де жапсырылмайтынын байқадым. Ол тек жоғары температурада ерітілгенде ғана екінші бір пластикке жабысады екен. Сондықтан маған клей пистолет пен полигаль (қалың мөлдір пластикалық парақтар) қолдануға тура келді. Бір жағынан, ол қоқыс, бірақ оның мүлдем жоқ болып кетпейтініне зер салсақ, пластикті қымбат металл немесе мұнай өнімінің, алтынның бір бөлігі деп қарауға да болады. Пластик пакеттерден мөлдір түстен бастап, ақ, түрлі-түсті кемпірқосақ сынды, тіпті қара түске дейінгі барлық түсті табуға болады. Сол секілді, ондағы жарнама мәтінінде, бренд атауында және басқа да сыртында басылған ақпараттарда жазылған сөздерден неше түрлі ой, пайым бар. Мұның бәрі тура біздің өміріміз секілді, қилы-қилы, ащы да тәтті, күлкілі де қорқынышты, әдемі әрі сұрықсыз», дейді суретші.
Иә, автордың сөзімен айтқанда, дала өмір бастауының, биіктік пен төмендеудің, аспан мен жердің символы іспетті. Сондай-ақ дала кез келген уақытта қалаға айналуы мүмкін.
Ерекше стилімен елді елең еткізген автор бүгінде сұранысқа ие қазақстандық суретшінің бірі болып отыр. Оның жұмыстары Sharjah Art Foundation, Alain Servais коллекциясы, Еуразиялық Мәдени Альянс, Ә.Қастеев өнер мұражайы сияқты үлкен галереяларда тұр.
Айта кетейік, «Milestone» көрмесі Сәуле Сүлейменованың ХХІ ғасырдың алғашқы екі онжылдығындағы түрлі көркемдік тәжірибесін қорытындылайды. Сонымен қатар көрерменге уақыт линзасы, техникасы, тақырыбы арқылы оның жұмысындағы ресми һәм мазмұнды өзгерістерге егжей-тегжейлі қарауға мүмкіндік береді.
Суретші кескіндеме мен графикадан бастап қоғамдық кеңістіктегі өнерге дейін түрлі техникамен жұмыс істейді. Өз тәжірибесінде ұжымдық жадының құрылымын, мұрағаттарды, фотосуреттерді, сондай-ақ өткен және қазіргі Қазақстанда болып жатқан тарихи оқиғаларды да арқау етеді. Негізгі материал ретінде полиэтилен пакеттерін қолданып жасаған «Целлофан кескіндемесі» сериясында әлеуметтік-саяси (ашаршылық, ҚАРЛАГ, қандастар және жалпы адам құқықтары) және жеке тақырыптарды (отбасы, гүлдер, аялдамалар) зерттеген.
Тәуелсіз арт-кеңесші және көрме ұйымдастырушысы Владислав Слудскийдің айтуынша, суретшінің туындылары түрлі тақырыпты қаузайды.
«Ол 1993 жылдардағы жағдай, натюрморт, гүл, жеке оқиғадан бастайды да аруақ, Астана лайн, урбанизация, өткеніміз бен болашағымыз арқылы саяси, әлеуметтік мәселелерге ойысады. Мәселен, суретші Қытайдағы ұйғыр геноциді жайлы жазды. Өзіңіз білесіз, бұл тақырып ашық талқылана бермейді. «Жұмысшылар» деген картинасын алып қараңыз, ол жерде де қарапайым адамдардың өмірі суреттеледі. Негізі мұндай тақырыпқа көп суретші бара бермейді. Әдетте, қазақ сурет өнері батырлар мен хандарға, тарихқа немесе керісінше, ЭКСПО сынды болашақтың тақырыбына тоқталады. Ал Сәуле Сүлейменова сіз бен біз туралы жазады. «Аруақтар» деген картинасы жекелеген адамдар мен саясаттың ортасындағы көпір деп есептеймін. Суретшінің саяси тақырыптағы туындыларын көрермен жылы қабылдайды. Сонымен қатар шенеунік, билік басындағылардың да қызығушылығын байқадым. Бұл жерде ерекше ескере кететін дүние, Сүлейменованы өз жерінде ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағалап жүр. Дәл қазір оның туындылары Дюнкерк қаласындағы FRAC Grand Large – Hauts-de-France мұражайында әйдік суретшілердің еңбегімен қатар тұр», дейді ол.
Сәуле Сүлейменова Гонконгтағы Sovereign Art prize аукционының бірнеше мәрте финалисі атанған. Одан бөлек бірқатар республикалық, халықаралық байқауда топ жарып жүр. 2015 жылы «Why Self» жобасы аясында Венеция Биенналесінің параллель бағдарламасында автордың целлофан кескіндеме сериясы ұсынылды. Ал 2021 жылы Аrt Dubai жәрмеңкесі аясында цифрлық өнер бағдарламасына қатысты. Былтыр Алматыда өткен Qandy Qantar резонанстық көрмесінде де Сүлейменованың еңбектері ұсынылды. Мұнда қанды қырғынның қала тарихындағы орны мен тұрғындардың жадында қалған әсері суреттелген.
Мәдени іс-шараға өнертанушылар мен журналистер, сондай-ақ Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев қатысты. Көрме 30 наурызға дейін жалғасады