Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі» деген болатын. Өнер адамдарының ұлттық мәдениетті ілгерілету жолында маңызды рөл атқаратыны мәлім. Осы мақсатта аталған шығармашылық ұжым өткен жылы жаңа құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарына, Қызылорда облысына, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Петропавл қалаларына барып 17 мың шақырымдай жол жүріп, қалалар мен ауылдарда, шамамен 50 мыңға жуық көрерменге өнер көрсетті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі моноқалаларды жан-жақты дамытуға бағытталған тапсырмаларына сәйкес, «Ел бірлігі – жаңа Қазақстан» жобасы биыл қайтадан жалғасын тауып, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстарында ұйымдастырылады», – деді Ақтоты Райымқұлова.
Сондай-ақ ол аталған жоба аясында 2025 жылға дейін 28 аудан, 29 моноқала, 20 облыс орталығының тұрғындары кезең-кезеңмен қамтылатынын, жалпы алғанда, биыл 3 республикалық жоба мен 5 бағыт бойынша гастрольдік сапар жоспарланып отырғанын айтты.
Мекеме басшысы атап өткендей, 1 наурызда «Қазақконцерт» ұжымының ұйымдастыруымен жаңа құрамдағы «Гүлдер» ансамблінің тұсаукесер-концерті өтеді. Жобаға дайындық кезінде «Гүлдер» ансамблінің мұрағаттық материалдары мұқият зерделеніп, топтың «Алтын қорынан» ең үздік нөмірлер іріктеліп алынды. Айтулы кешке ансамбльдің алғашқы солистерінің бірі, Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, жас әншілер Мәди Сыздықов, Зарина Божакова, Дидар Әбдіхалық, Салтанат Меңдіғалиева, «Turan» фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен «Steppe Sons» альтернатив-фольк тобы қатысады.
Айта кетейік, өткен жылдың тамыз айында «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы аты аңызға айналған шығармашылық ұжым «Гүлдер» ансамблін жаңғырту жобасын қолға алған еді. Осы мақсатта ұжымға шығармашылық оқу орындарының түлектері алынды. Тәжірибелі тәлімгерлер – бас балетмейстер Анвара Садықова және жобаның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Серік Дәулетов шақырылды.
«Жалпы алғанда биыл 5 халықаралық және 3 республикалық, 8 бағыттағы шет мемлекетке және 5 бағыт бойынша республикалық гастрольдік сапар жоспарланып, солистер мен шығармашылық ұжымдардың концерттері өтеді. 2023-2024 ж.ж. АҚШ, Франция, Германия, Швейцария, Бельгия, Аустрия, Хорватия, Словения, Мажарстан, Оңтүстік Корея, ҚХР, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. елдерде халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады», деді спикер.
Сондай-ақ 23 ақпан күні «Қазақконцерттің» солистері «Тuran» фольклорлы-этнографиялық ансамблі арнайы Алматы жұртшылығы үшін «Folk & symphony» жобасын ұсынады. Аталмыш кеш ансамбльдің 15 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған алғашқы концерті болмақ.
«Биыл «Alem saz» II Халықаралық музыка фестивалі өтеді. Іс-шараның мақсаты – ұлттық мәдениеттерді біріктіру, сақтау және дамыту, әртүрлі елдердің тарихи мұрасы мен мәдени құндылықтарымен танысу. Былтыр фестиваль жоғары деңгейде өтіп, жобаға 7 елдің танымал музыканттары келді. Ал биыл 16 ел қатысуға ниет білдіріп отыр (Үндістан, Испания, Германия, Оңтүстік Корея, Ресей, Беларусь, Италия, Марокко, Индонезия, Франция, Қырғызстан, Армения, Куба, Әзербайжан, Өзбекстан). Фестивальдің әр күнінде шетелдік әртістер өнер көрсетіп, кино-көрсетілімдер, сәндік-қолданбалы өнер көрмесі мен шеберлік сыныптар ұйымдастырылмақ», деді мекеменің көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеев.
Бұдан бөлек ол әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында халықаралық музыка фестивалін өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Ал «Forte Trio» мемлекеттік триосы әлемнің беделді сахналарында, АҚШ, Мексика, Ұлыбритания, Франция, Люксембург, Италия, Германия және т.б. көптеген елдерде тұрақты түрде өнер көрсетіп тұрмақ.
Аталған ұжым бұған дейін «Ұлыларға тағзым» атты жобасы аясында көрнекті жазушылар Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, композиторлар Ғазиза Жұбанованың, Еркеғали Рахмадиевтің, жезтаңдай әншілер Күләш Байсейітованың, Роза Бағланованың, жазушы Ақселеу Сейдімбектің мерейтойларына орай арнайы мерекелік іс-шаралар көрермендер назарына ұсынылған болатын. Игі жоба биыл да жалғасады. Қазақ өнерінің тау-тұлғалары Ықылас Дүкенұлы, Ақан Сері, Әміре, Құрманғазы, Темірбек Жүргеновтің шығармашылығына арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Одан бөлек Қазақстанның бүгінгі өнердің шоқ жұлдыздары Алтынбек Қоразбаев, Айман Мұсақожаева, Роза Рымбаева, Төлеген Мұхамеджанов, Еркеш Шәкеевтің шығармашылықтарына арналған жеке концерттері де жоспарланып отыр.
Сондай-ақ жыл соңына қарай түркітілдес елдердің фольклор өнерін насихаттау, мульти-мәдени кеңістік құру, елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға байланысты «Көшпелілер әуені» атты халықаралық фольклорлық музыка фестивалі жоспарланған. Аталмыш іс-шараға 10-нан астам түркітілдес елдің және отандық фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер қатысады.
«Қазақконцерттің» ерекше көңіл бөліп өткізетін жобаларының бірі «Арман асулары» республикалық фестивалі еді. Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі дарынды балалар арасындағы таланттарды анықтау, шығармашылық қабілеттерін арттыру мен дамытуға қажетті жағдай жасап, ұжымның өнер жұлдыздарымен бірге өнер көрсету мақсатында өткізілген жоба болатын. Фестиваль биыл да өткізіледі.
Бұған қоса «Қазақконцерттегі джаз кештері» атты жаңа концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленгенін де айта аламыз. Осыған орай биыл Халықаралық джаз фестивалін өткізу жоспарда бар. Оған шетелдік және отандық солистер, ансамбльдер, оркестрлер мен этно-джаз ұжымдары қатысады.