Әскер • 16 Ақпан, 2023

Әскери оқуға қалай түсуге болады?

1165 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биылдан бастап мерзімді әскери міндетін атқарған азаматтар Қорғаныс министрлігінің оқу орындарына емтихансыз қабылданады. Яғни жақсы әскери дайындық көрсеткендердің оқу ақысын институттар өздері өтейді. Сондай-ақ әскери кафедраларда білім алу студенттер үшін тегін болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында Қорғаныс министрлігі әскери білім және ғылым департаментінің бастығы Жұмабек Ахметов мәлімдеді.

Әскери оқуға  қалай түсуге болады?

Қазір елімізде маман даярлайтын үш әскери институт бар. Оларға құжат тапсыру үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша 30 сәуірге дейін жергілікті әс­ке­ри басқару органына өтініш жазуы керек.

Кейін денсаулығы жарамды, ҰБТ-ның 5 пәнінен кемінде 50 балл жина­ғандар (оның ішінде негізгі пәндердің бірінен кемінде 7 балл және қалған пәндердің әрқайсысынан кемінде 4 балл) әскери институтқа 15-20 шіл­де ара­­лығында құжат тапсырады. Аза­мат­­тарды оқу орындарына қабыл­дау арнайы тәртіп бойынша іске аса­ды. Ашып айтсақ, талапкерлер психоло­гия­лық, медициналық тексеріс пен дене шы­нықтыру дайындығынан және кон­курстық іріктеуден өтуге тиіс. Ал қабыл­данған жастар әскери институттардың аумағында орналастырылып, тамақпен толық қамтамасыз етіледі.

– Талапкерге әр кезеңнен өтуге бір рет рұқсат етіледі. Алдыңғы кезеңнен өтпеген жас келесі кезеңге жіберілмейді. Конкурстық іріктеумен қабылдау комиссиясы айналысады және оқуға түсу­шілердің ең жоғарыдан ең төменге де­йінгі балдарының рейтингін жасай­ды. Рейтинг әскери институттың қабыл­дау комиссиясының хаттамасында ресім­деледі. Комиссияның шешімі 6 тамыз сағат 10.00-ге дейін әскери институттың интернет ресурстарында жарияланады. Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарының негізгі міндеттерінің бірі кәсіби дағдылары көшбасшылық қасиеттері бар, терең білімді қарулы күрес пен жаңа технологиялардың өзгер­мелі талаптарына бейімделе алатын мамандарды дайындауды мақсат етеді, – деді Ж.Ахметов.

Бұған қоса баспасөз мәслихатында Қорғаныс министрлігінің қарамағын­дағы екі әскери колледжге түсу шарттары да айтылды. Спикердің сөзін­ше, Щучье қаласындағы Ш.Уәлиханов атын­­дағы және Астана қаласындағы С.Нұр­­мағамбетов атындағы әскери кол­ледж­деріне азаматтарды қабылдау 1-20 тамыз аралығында өткізіледі.

– Колледжге қабылданған жылы 17 жасқа толған, бірақ 22 жастан ас­па­ған азаматтар мен 24 жасқа де­йін боры­шын өтеген және өтеп жат­қан әске­ри қызметкерлер тапсыра ала­ды. Әскери қызметін атқа­рып жүр­ген әскери қызметшілер 25 жасқа тол­ғанға дейін шарт жасайды. С.Нұрма­ғам­бетов атындағы әскери кол­ледж­де «Әскери істегі автоматтанды­ру жә­не инфо­коммуникациялық техноло­гиялар», «Қару-жарақ пен әскери тех­никаға қыз­мет көрсету», «Әскери істегі кіші буын менеджменті» – осы үш ма­мандық бо­йынша 2 жыл 10 ай оқу мер­зімімен негізгі орта білім негі­зін­де техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Колледж жеткіншектерді оқу орнының 9-сыныбын қабылдау жылы бітірген, негізгі орта білімді аяқ­та­ғаны туралы аттестат алған, жасы 15-тен кіші емес, бірақ 16 жастан асқан Қазақ­стан Республикасының азаматтарын қабыл­дайды, – деді ол.

Сондай-ақ «Жас ұлан» республикалық мектептеріне қабылдау 1-20 тамыз аралығында жүргізілмекші. Бұл қатарға ілігу үшін жасөспірімнің жасы 15-тен кіші болмауы керек. Оған қоса 9-сыныпты аяқтағаны жөнінде куәлігі болуы шарт. Денсаулығы толық жарамды үміткер құжаттарын тамыздың бірінен бесіне дейінгі уақытта өткізуге тиіс. Қа­былдау кезеңінде негізгі орта білім бағ­дарламасымен математика және оқу тілінен тест тапсырады.

Жалпы мектепте оқу мерзімі – 2 жыл. Мұнда өрендер интернат жүйесі бо­йынша тәрбиеленушілердің жіті бақы­лауында болады. Әрі белгіленген нор­маларға сәйкес шығын бюджет қара­жатынан өтеледі.

Ал Ұлттық қорғаныс университеті төрт мамандық бойынша докторантура және басқарудың жедел-тактика­лық, стратегиялық және жедел-страте­гиялық деңгейлеріндегі магистратура бағдарламаларын оқытады. Оған дайындық Қарулы Күштер түрлерінің негізгі мамандықтарын қамтитын үш әскери институтта жүзеге асырылады.

– Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институты коман­да­лық мамандықтар бойынша кадр­лар даярлаудың жүйе құраушы жоғары оқу орны болып саналады. Институт 6 мамандық және 14 біліктілік бойынша офицерлік кадрлар даярлайды. Ал Ақтөбе қаласында орналасқан Кеңес одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты – ӘК Әуе қорғанысы күштері, ІІМ авиациясы және ҚР ҰҚК Шекара қызметі үшін ұшу және инженерлік-техникалық құрам­ды даяр­лау орталығы. Институт 5 мамандық және 11 біліктілік бойын­ша офицерлік кадр­лар даярлайды. Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Әуе қорғанысы, байланыс, автоматтандырылған бас­қару жүйелері, ақпаратты өңдеу және қауіп­сіздік мамандарын даярлау орталығы болып табылады. Институт 6 маман­дық және 9 біліктілік бойынша офицер­лерді даярлайды, – деді генерал-майор Жұмабек Ахметов.

Бұдан басқа, Қарулы Күштердің қажеттіліктерін ескере отырып, Қор­ғаныс министрлігі ұшу, Теңіз, Құр­лық, инженерлік, медициналық және гуманитарлық мамандықтар бойын­ша тиісті деңгейдегі білім беру бағдар­ламалары бойынша шетелде әскери ­кадрлар даярлауды іске асырады.

Айта кетерлігі, әскери жоғары оқу орын­­дарын таңдаудың өз артықшы­лық­тары да бар. Мәселен, жас­тар те­гін білім алады және қажетті құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз еті­леді. Бұған қоса азық-түлік, демалыс уақы­тында жылына екі рет жол жүруге мүмкіндік беріледі. Ең бастысы, түлектерінің 100 пайызы жұмысқа орналастырылады. Бастапқы офицерлік лауазымдарда әскери қызмет өткеруді жалғастыруға кепілдік беріледі. Әртүрлі бағдарлама бойынша тұрғын үй алу да қарастырылған.