Жаңа оқу орны Yessenov University бастамасымен құрылған неміс университеттері ортақ консорциумы нәтижесінде ашылады. Аталған консорциум білім, ғылым саласында білікті, білімді маман даярлау бойынша 2022 жылы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде немістің 7 университетімен бірге құрылған.
Германиядан Ақтауға арнайы келген қонақтар Yessenov University-ін екіжақты келісімдерді білім мүддесіне тоғыстырған халықаралық серіктестердің алаңына айналдырды. Серіктестер үш күн бойы жобаны талқылап, кеңесіп, дөңгелек үстел мен конференцияларда пікір алмасты. Конференция аясында Yessenov University президенті Б.Ахметовтің, Қазақ-неміс университетінің президенті Волрад Роммельдің, Гамбург университетінің профессоры Райнер Саватцкидің және басқа да ғалымдардың баяндамасы тыңдалып, студенттерге арналған семинарлар мен пікірталас ұйымдастырылды. Сондай-ақ Германия университеттерімен бірлескен бағдарламалардың жай-жапсары талқыланды. Кездесулерде германиялық білім берудің жүйесі, Қазақ-неміс инжиниринг институты жобасының барысы, өңірге қажеттілігі мен маңызы, ұйымдастыру жұмыстары мен кезеңдері, күтілетін нәтиже туралы айтылды.
Yessenov University базасында құрылып, биыл қыркүйек айынан бастап студенттерді қабылдайтын жаңа оқу орны қандай болмақ? Туристік қана емес, өндірістік әлеуеті де мол Маңғыстау облысында жақсы жобаларды жүзеге асыруға болады. Қуаныштысы, аймақтың стратегиялық жоспарында 2025 жылға дейін Жасыл сутегі зауытын салу межеленген. Жаңа өнеркәсіпке, жаңа зауытқа жоғары білімді салалық мамандар керек. «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, кәсіби техникалық қажеттілік бойынша мамандар даярлау оқу бағдарламасына жаңа бағыттар қосуға сұраныс туындатып отыр.
– Yessenov University базасында Неміс инжиниринг институты ашылатыны туралы жаңалық елді елең еткізді. Алдағы жаңа оқу жылынан бастап логистика және энергетика мамандықтарының алғашқы топ студенттері қабылданып, ағылшын, неміс тілдерінде оқытыла бастайды және білім алушылар үш дипломға ие болады. 2030 жылға дейін 8 бакалавриат пен 6 магистратура бойынша 1 мың студентті оқытып, облыстағы Green Hydrogen жобасына және басқа инжиниринг салаларына қажетті кадрлар дайындап шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді Б.Ахметов.
Оның айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі отандық университеттерде Еуропа мен АҚШ-тың техникалық жоғары оқу орындарының филиалын ашып, солардың оқу бағдарламасымен мамандар даярлау ісіне бастамашы болып келеді.
– Осы орайда біз, Қазақстан-Германия университетінің басшылығы Берлин техникалық университетінің, Гамбург университетінің, Мартин Лютер Галле-Виттенберг университетінің, Анхальт университетінің өкілдері және Германияның Қазақстандағы вице-елшісі, сондай-ақ инвесторлар мен жұмыс беруші компаниялардың ресми өкілдерімен ортақ жобаларымызды жан-жақты талқыладық. Бұл жолы сұранысқа сай перспективаларды анықтауға тырыстық. Өлкеміздің өндіріс салаларына немістің үздік тәжірибелерін енгізу, қажеттілікке қарай инженерия мамандарын даярлау бойынша кең отырып кеңестік. Бірлескен бағдарламаларымызды егжей-тегжейлі талқылап болған соң, серіктес кәсіпорындарымызға баруды да жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Жақсы жаңалық қашанда қуаныш пен қолдауға ие. Қазақстанның жас түлектері Ақтаудан-ақ германиялық үлгідегі һәм сападағы білім алып, мамандық меңгеріп, ел дамуына үлес қосатыны қуаныш емес пе?! Жаңа институт қыркүйектен бастап студенттер қабылдағанмен құрылымы, өзге де жоғары оқу орнына тән қажеттіліктер мен мәселелері біртіндеп шешіле бермек.
– Еліміздің жоғары білім беру саласында ел Президентінің тапсырмасы бойынша шетелдік жетекші университеттермен академиялық ынтымақтастық нығайып келеді. Отандық жоғары оқу орындарының базасында Ұлыбритания, Германия, Канада, Нидерланд, Оңтүстік Корея және АҚШ-тың алдыңғы қатарлы университеттерінің филиалдары ашылатын болды. Әсіресе, Қазақстан мен Германия арасындағы тығыз қарым-қатынас жоғары білім мен ғылым бағыттарына айрықша басымдық береді. Сол мақсатта неміс университеттерімен бірге көптеген ірі жоба қолға алынып жатыр. Yessenov University базасында Қазақ-неміс инжиниринг институтының құрылуы соның дәлелі, – деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұ.Тналиев.
Yessenov University-дегі тың жаңалық тек бір оқу орнының етістігі емес, мемлекеттік деңгейдегі жетістік деуге болады. Ақтаулық оқу орнынан да өзге қазақстандық жоғары оқу орындары Германияның Гамбург, Берлин техникалық және Берлин еркін университеттері, Анхальт университеті, Вилдау технологиялық, Галле-Виттенберг, Дармштадт университеттерімен бірге әріптестік байланысты арттыруға ынталы. Қазіргі таңда Yessenov University тәжірибе алмасу, академиялық ұтқырлық, қос диплом бағдарламалары бойынша профессор-оқытушылардың бірігіп ғылыми-зерттеу жобаларымен айналысуы мақсатында ынтымақтастық орнатуға күш салып жатыр.
Жаңа оқу орны алып мақсатты арқалап отыр. Ұйымдастырушыларды, серіктестерді алда әлі үлкен жұмыстар күтіп тұрғаны да белгілі. Жоба ойдағыдай жүзеге асып, отандық өндіріске білікті мамандар дайындаудағы белсенді ісімен қуантады деп сенеміз.
Маңғыстау облысы