Әсіресе, демікпе, жүрек және диабет ауруларына шалдыққан науқастардың препараттары уақытында қолдарына тимей, біраз адам қажетті дәріні дәріханалардан өз қаражатына сатып алған. Ал өңірлік денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жергілікті медициналық ұйымдардың дәріханаларында арнайы тізімге енген препараттардың жалпы сомасы млрд теңгеден асатын көлемі бар, жыл басынан тегін дәрі-дәрмекке байланысты шағым түскен жоқ деп отыр. Бұл жағдайға әдетте жылдың басы мен аяғында орын алатын техникалық ақаулар себеп болуы мүмкін деген уәж айтады.
Ақпан айының басындағы деректерге сүйенсек, «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінде» жалпы сомасы 153,3 млн теңге тұратын дәрілік препараттар ақ желеңділермен жазылып, науқастарға таратылғаны тіркелген. Емдеу ұйымдарының дәріханаларында әлі де жалпы құны 1,2 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі қалып отыр. Денсаулық сақтау басқармасындағылар өңірдегі емханалар 505 атаудан тұратын дәрі-дәрмекке өтінім білдіргенін, оның 450 түрі сатып алынып қойғанын мәлімдеді. Қалған бөлігі жуық арада жауапты дистрибьюторлар арқылы жеткізіледі.
Павлодардағы №2 емхана бас дәрігерінің орынбасары Елена Кияткина 10 мыңға жуық емделуші диспансерлік есепте тұр, оның басым бөлігіне былтырғы жылдың желтоқсан айында екі айға жететіндей дәрілік заттар берілген дейді. Ал қаңтар айында мекемеде қайта құрылымдау үдерістері жүзеге асып, дәрі-дәрмекті жазып беретін ақпараттық жүйеде мәселелер туындаған.
– Болмаған соң біз науқастарға тегін дәрілердің тіркелімін қағазға шығарып бердік. Кейбір адамдар рецепт бермей отырсыңдар деп шағым айтып келді. Ол жағдай техникалық сипатқа ие екенін түсіндіріп бақтық. Ақпан айынан бері мәселе шешіліп, рецепт жазып беру орнына келді. Қазір жеңілдікті препараттар қолымызда бар, жеткізу бойынша мәселелер жоқ, – дейді ол.
«СҚ «Фармация» ЖШС өңірлік филиалының жетекшісі Аягөз Айтбаева бірыңғай дистрибьютормен қажетті медициналық препараттар алдын ала сатып алынып, белгіленген мерзімнен бұрын облысқа жеткізіліп қоятынын айтады. Биылға қажет дәрілік заттар 2022 жылдың соңында қоймаларға салыныпты. Жергілікті медициналық ұйымдар дәрі-дәрмек түрлері мен санын өздері айқындап, жеткізу кестесін дербес белгілейтін көрінеді. Сондықтан өңірлік жеткізуші компанияның қызметінде мін жоқ деп мақтанды ол. Бірыңғай дистрибьютордың препараттар тізбесіне 1 765 атау енеді. Препараттар ұйымдарға тұрақты түрде жеткізіліп, әрі қарай стационарлар мен амбулаторияларға жол тартады. Егер әлдебір дәрілерді шұғыл түрде апару қажет болса, серіктестік оған да әрдайым дайын екенін ескертті.
Облыс орталығындағы №5 емхана да 190 млн теңгенің дәрі-дәрмегін алып үлгерген. Бұл көлем шамамен 3 айға дейін жетеді екен. Ұйым ішіндегі дәріхана күніне 300-ден аса науқасты нозология, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, орфандық (сирек кездесетін) және өзге де аурулар бойынша препараттармен қамтамасыз етіп отыр.
ПАВЛОДАР