Жаһандық үдерістер көрсетіп отырғандай, заманауи, ыңғайлы логистикалық инфрақұрылым елдердің индустриялық дамуында ерекше рөл атқарады. Шекара маңындағы хабтар желісі республика арқылы өтетін транзиттік көлік дәліздерін, оның ішінде Транскаспий халықаралық бағытын дамытуға ықпал етіп, кәсіпорындарымыздың экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Шекара маңында инфрақұрылымдық кешендерді дамыту жобалардың өнеркәсіптік кооперациясын іске асыруға жағдай жасайды. Бұл жеткізу тізбегіндегі қатысушылар санын қысқартуға, түпкілікті тұтынушы үшін өнімнің құнын төмендетуге және жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Ірі сауда-логистикалық орталықтарды құру екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың дамуына қарқын қосып, іргелес мемлекеттердің өндірушілері мен кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды жандандырады, олардың арасындағы өзара тауар айналымының ұлғаюын ынталандырады.
Осылайша, көрші мемлекеттермен сауданы кеңейту үшін Қазақстан 2026 жылға қарай өз шекараларының периметрі бойынша бес хаб салмақ. Ірі сауда-логистикалық орталықтар еліміздің Ресей, Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстанмен шектесетін шекараларында орналасады.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша, Жамбыл облысында Қырғызстанмен шекарада индустриялық сауда-логистикалық кешен құрылады. Түркістан облысында Өзбекстанмен шекарада ‒ «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы бой көтереді. Ал Батыс Қазақстан облысында Ресеймен шекарада «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығын салу жоспарлануда. Маңғыстау облысында «Каспий торабы» контейнерлік хабы пайда болса, Қытаймен шекарада «Қорғас торабы» шекара кешені тұрғызылады. Орталықтар Қазақстан арқылы өтетін Шығысты Батыспен, Солтүстікті Оңтүстікпен байланыстыратын экономикалық дәліздер мен трансшекаралық тораптардың мүмкіндіктерін барынша пайдалану үшін іске асырылып жатыр.
Сауда-логистикалық хабтардың қызметі қоймалау, сақтау, қайта өңдеу, жаңа тауарлар өндіру саласындағы өндірістік кооперацияны қамтамасыз етуге және оларды халықаралық тауар өткізгіш жүйелерге шоғырландыра отырып, одан әрі сатуға бағытталмақ. Сондай-ақ онда қысқа мерзімді сақтау, логистика, сауда орындарын жалға алу, сату алдындағы дайындық, тауарларды көтерме партиялар, тиеу-түсіру және трансконтиненталдық жүк тасымалдарын дамыту бойынша шоғырландыру және қайта бөлу қызметтері ұсынылады.
Қазақ-өзбек шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы шикізатты терең өңдеумен айналысады және жоғары қайта бөлумен қосымша құн қалыптастырады. Экономикалық дәліз шеңберінде жүк ағындарын шоғырландыру, өңдеу және дистрибуциялау жүзеге асады, сондай-ақ өндірістік кооперацияның өңірдегі ең ірі орталығына айналады. Қазіргі уақытта Түркістан облысының әкімдігі халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығына (ХШЫО) 200 гектар жер телімін бөліп, жобаның қазығы қағылды.
Экономикалық дәліз шеңберінде жүк ағындарын шоғырландыру, өңдеу және дистрибуциялау жүзеге асады, сондай-ақ өндірістік кооперацияның өңірдегі ең ірі орталығына айналады
Қырғызстанмен шекарадағы бірлескен индустриялық сауда-логистикалық кешені «Қарасу» және «Ақ тілек» өткізу пункттерінде салынады. Бұл үшін Жамбыл облысының әкімдігі ауданы 39 гектар жер учаскесін бөлген. Кешен аумағында агроөнеркәсіптік өнім сақталады және өңделеді. Бұдан басқа, ЕАЭО халықаралық тауар өткізу желілері жүйесінде өнеркәсіптік кооперация жұмыс істемек. Логистикалық нысандар салынып, халықаралық тауар өткізгіш желілер жүйесіне одан әрі интеграциялана отырып, қызметтер құрылады. Өнеркәсіптік кооперациядан басқа, ИТЛК өнімді сақтау және сату алдындағы дайындау (калибрлеу, сұрыптау, буып-түю және сертификаттау), тауарларды көтерме партиялар, тиеу және түсіру, сыртқы сауда операциялары бойынша құжаттаманы ресімдеу бойынша шоғырландыру және қайта бөлу қызметтерін жүргізеді.
Батыс Қазақстан облысында 2023-2025 жылдары Ресей мен Шығыс Еуропа нарықтарына бағытталған «Еуразия» сауда-индустриялық орталығы салынады. Аймақтың өзінде экономиканың түрлі салаларында 40-қа жуық жоба орналастырылады, онда 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл жергілікті сауда орталығы форматында емес, трансшекаралық хаб ретінде қарастырылған жоба болғандықтан, ол кәсіпорындардың және Қазақстанның басқа өңірлерінің экспорттық әлеуетін қамтиды.
Маңғыстау облысында салынатын «Каспий» халықаралық сауда-логистикалық орталығы трансконтиненталды жүк тасымалын дамытуға және «Шығыс – Батыс» бағытындағы транзитті ұлғайтуға арналған. Жоба аясында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы базасында жұмыс істеп тұрған «Құрық» мультимодальды паром кешені аумағында өңіраралық сауда мен логистикалық қызметтер көрсету кластерлерін кешенді дамыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ түрлі өңірлік өнімдер өндірісі қалыптастырылады. Бұдан басқа, өңірге логистика саласындағы ірі халықаралық ойыншыларды тарту, сауданы, өндірістік кооперацияны, логистикалық сервисті және экспортты дамыту күтілуде.
Шығыста түзілетін «Қорғас» торабы саудаға, тауарларды сақтауға, өндіріске, туризмге, түрлі логистикалық және басқа да қызметтерді көрсетуге маманданады.
Қазіргі жағдайда жаһандық жеткізу логистикасы Қазақстан экономикасы үшін перспективалы бағыт екендігін Еуразиялық даму банкі де нақты болжап отыр. ЕАДБ макроэкономикалық талдауында өткен жылы әлемдік экономикада үш басты тенденция: дамыған елдерде инфляцияның, пайыздық мөлшерлемелердің тез өсуі және экономикалық белсенділіктің төмендеуі орын алғаны айтылады. Бұл құбылыстардың алғашқы екеуі дамыған елдердегі инфляция қарқынының төмендеуіне, жаһандық логистикалық тізбектердің тұрақты жұмысын қалпына келтіруге және ірі орталық банктің саясатын жеңілдетуге байланысты аяқталуға жақын. Банк әлемдегі экономикалық өзара әрекеттестіктің құлдырауының салдары 2023 жылдың екінші жартысында біртіндеп бейтараптандырылуы мүмкін екенін жеткізді. Бірақ белгісіздік пен тәуекелдер жоғарылауда. Осы ретте банк талдауында: «Қазақстан үшін экономикалық перспектива ерекше қолайлы. Ел әлемдегі дәстүрлі энергия ресурстарын тұтынудың өсуінің бенефициарларының бірі бола алады, оның ішінде мұнай өндіру және қайта өңдеу қуаттарын кеңейту және жаһандық жеткізу логистикасын қайта құру арқылы», делінген.
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»