Партия • 16 Ақпан, 2023

«Amanat» үміткерлерінің тізімі

764 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының отырысында Парламент Мәжілісінің депутаттығына «Amanat» партиясы кандидат­тарының партиялық тізімі тіркелді. Онда 90 үміткердің есімі бар.

«Amanat» үміткерлерінің тізімі

«Орталық сайлау комиссия­сы өкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін пар­тиялық тізімге енгізілген адамдардың Конс­титуция мен «Қазақ­стан Республи­касындағы сайлау туралы» Конс­титуциялық заңның талаптары­на сәйкестігіне тек­серу жүргізді. Партиялық тізім­ге енгізілген барлық адам Конс­титуцияның және Конститу­циялық заңның талаптарына сәйкес келеді», деді ОСК хатшысы Мұхтар Ерман.

Оның айтуынша, партиялық тізімді ұсынған партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Қазақстан заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде ОСК шотына саяси партиялардың қаражатынан сайлау жарнасын енгізеді.

«Парламент Мәжілісі депу­тат­тары­ның алдыңғы сайлауын­да дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын алған сая­си партиялар сайлау жар­на­сын төлемейді. 2021 жылғы қаң­тар­­­­да өткен Парламент Мәжілісі де­­пу­­тат­тарының сайлауында «Ama­nat» партиясы сайлаушылар да­уы­сы­­­ның 71,9 пайызын ал­ған. Осыған бай­ланысты «Amanat» партиясы сай­лау жарнасын төлеуден босатылады», деді М.Ерман.

Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері «Amanat»  партиясы қоғамдық бірлестігінен Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың Конституцияда және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда оларға қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы, «Amanat» партиясының партия­лық тізімін тіркеу туралы хатта­маларға қол қойды.

Партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев үміткерлер ті­зімінде 90 адам бар екенін атап өтті. Оның 29-ы әйелдер, жастар және ерекше қажеттіліктері бар адам­дар. Бұл тізімге енгізілген жал­пы санның 32,2 пайызын құрайды.

«Осыдан тура бір апта бұрын біз Орталық сайлау комиссиясына партиямыздың атынан Мәжіліске ұсынатын кандидаттардың тізімін өткізген болатынбыз. Барлық кандидат талапқа сай екені, сайлау кезеңіне өтетіні хабарланды. Біз енді алдағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына қызу дайындалатын боламыз. Біз өз күшімізге, мүмкіндігімізге толықтай сенім­діміз», деді Е.Бейсенбаев.

ОСК отырысынан кейін Елнұр Бейсен­баев журналистердің сұрақ­тарына жауап берді. Сайлауалды бағдарламаның толық мәтіні үгіт-насихат кезеңінің алғашқы күнінде жарияланып, партияның сайтына орналастырылады. Биыл 7 ақпанда «Amanat» партиясының кезектен тыс XXV съезі өтіп, соның қорытындысы бойынша партия барлық деңгейдегі мәслихаттарға 3821, Мәжіліске 119 кандидат ұсынды. Еліміздің өкілді органдарына ұсынылған «Amanat» кандидаттары 75 пайызға жаңарды.