Қоғам • 16 Ақпан, 2023

Прокуратура Jusan тобын Қазақстанға қайтаруды көздеп отыр

417 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп танып, Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Прокуратура Jusan тобын Қазақстанға қайтаруды көздеп отыр
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылғы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған сәттен бастап Бас прокуратура капиталды жымқыру және шетелге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторында талдау жүргізді.
 
Талдау барысында «Jusan» тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталды. Аталған схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзіреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген.
 
Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі «Pioneer Capital Invest» ЖШС-ның қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған. Бұл әрекеттер қоғамдық мүдделерге, оның ішінде «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» ондаған мың қазақстандық студенттері мен оқушыларының мүдделеріне қауіп төндірді. Себебі «Jusan» тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері аталған оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі.
 
Бұдан бөлек, 2023 жылғы 3 ақпанда Бас прокуратураға бірқатар субъектінің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан «Жусан» тобы шетелдік мемлекеттер азаматтарының бақылауына өтіп кету фактілері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы «Назарбаев қорының» арызы келіп түсті.

Осылайша, прокуратура органдарының мақсаты - тек әділеттілікті қалпына келтіріп, «Jusan» тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтару. Сонымен қатар аталған талап арыз Jusan Bankтің жұмысына қатысты емес, яғни оның қызметіне, сондай-ақ банктің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды. Істің сотта қаралуы Jusan Bankтің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыратын болады.