Туризм • 17 Ақпан, 2023

Өңір туризмі өркен жайсын десек...

365 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қолында қаржысы барлар көбіне шетелге шығып демалғанды қолай көреді. Ел көріп, жер танығанға, не жетсін? Бірақ демалуға тірнектеп жинаған қаражат өзге елдің қазынасын қампайтып, өзіміздікін ортайтып жатқанын түсінгіміз келмейді. Отандық туризмнің ұтылатыны – осы тұс. «Елде неге демалмайсың?» деп сұрай қалсаң, жауап дайын. Сын көтермейтін сервис жайын сөз етіп, шектен шыққан қымбатшылықты қозғайды.

Өңір туризмі өркен жайсын десек...

Бірақ осындай кереметті көр­мекке 2021 жылы 89 адам келсе, өткен жылы 346 турист табан ті­репті. Өкінішке қарай, эко­туризмді әлі де түсіне алмай жүрген тәріздіміз...

Әлбетте, өңірдегі туризмді өркен­детпей, ішкі туризмді дамыту туралы сөз айту артықтау сияқты. Осы ретте Абай облысының турис­тік әлеуеті туралы сөз қозғамақпыз.

Абай облысының табиғаты ал­уан түрлі. Тау мен тасы, өзені мен көлі, жазық даласы, орманды алқа­­бы бар қасиетті өлке. Қойын-қоны­шы тұнып тұрған тарих һәм шежіре. Киелі жерлерден де кенде емес. Облыстағы туристік сала тура­лы сөз қозғала қалса, алдымен ауыз­ға оралатыны ақ айдынды Ала­­көл ғана. Сосын жер киесі Жи­­де­­байды тәпсірлейміз. Одан ке­йін несін жасырайық, кібіртіктеп қаламыз...

Анығында, облыс аумағында таби­ғаты көркем, жанға жайлы баратын да, көре­тін де, демалатын да жерлер көп. Бі­рақ насихаты кемшін. Жарнамасы жет­кі­ліксіз. Сосын сол көрсетілер қызмет, инфрақұрылым, интернет сынды елдегі туризмнің ортақ мәселесі бізде де бар.

Өңірдің туризм саласына серпін бере­тін тартымды табиғаты, терең тари­хы бар жерлерін жіпке тізіп, әлеуе­тін бағамдап көрдік. Айта ке­тейік, Алакөлдің аты мәшһүр. Бұл тізімге көптің келетін көлін қосқан жоқпыз...

Барқытбелдің күнгей жотасында, Үржар ауданының аумағында «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық та­­биғи паркі бар. Аң-құстардың, ба­­лық­тар­дың, сүтқоректілердің және жор­ғалаушы­лардың 376 түрін кез­­дес­тіруге бола­ды бұл жерден. Өсім­­діктің де 1 640 түрін табасыз. «Қы­зыл кітапқа» енген, жойы­лып бар­а жатқан жануарлардың да 40-қа тарта түрі – осы паркте.

Аймақтың эко­туристік саласын дамытуға ұлт­тық парктің әле­уеті зор. Парк ди­рек­торының мін­детін атқарушы Қал­дыбек Сәр­сем­баевтың айтуын­ша, «Тарбаға­тай» паркінің «Әлем­ді», «Әлет», «Қусақ», «Қарабас» сияқ­ты 4 турис­тік маршруты бекі­тілген.

«Маусымның ортасынан қа­зан айына дейін туристерді қабыл­даймыз. Туристік маршрут бойын­ша «Әулие үңгір» киелі орнын, балбал тастарды, сарқырамаларды, петроглифтерді, ІІХК (НКВД) мө­рін, «Әлет» алма бағын, Тар­бағатай тауының керемет таби­ға­тын тамашалауға болады. Турис­терге экскурсия жетекшілері қыз­мет көрсетеді», дейді Қалдыбек Сапарғалиұлы.

Қ.Сапарғалиұлы сөз еткен «Әулие үңгір» жайындағы мәлі­мет­­тер шындыққа да, аңызға да ұқ­сайды. Үңгірге кірген адамның қан қысымы қалыпқа келіп, жағымсыз энергиядан арылады деген түсінік қалыптасқан. Ал балбал тастар­да­ғы таңбалар өңір тарихының те­рең­нен тамыр алатынын көрсетеді. «Әлет» ботаникалық бағында алманың әртүрлі сорты өседі. Бұл бақ­шаның ерекшелігі ең көне Сиверс алма ағашы бар. Қарабұйрат пен Көлденең сарқырамасы да Тар­бағатайдың ұшар басынан бас­талады, суы мөлдір, әрі мұздай суық. «Тарбағатайдың Ақберлі шы­ңындағы петроглифтерді көзбен көру керек. Жаз кезінде тау басын қар алып жататындықтан, мықты ат қана алып шығады. Сондықтан бо­лар, Ақберлідегі суреттерде құ­лан, қылқұйрық көп бедерлен­­ген», дейді ойын толықтыра түскен Қ.Сәрсембаев.

Бірақ осындай кереметті көр­мекке 2021 жылы 89 адам келсе, өт­кен жылы 346 турист табан ті­­репті. Өкінішке қарай, эко­ту­ризм­ді­ әлі де түсіне алмай жүрген тәріз­ді­міз...

Енді Тарбағатайдың теріскейін түгендейік. Ақсуат ауданында Қазақ­станның киелі жерлерінің тізі­міне енген Әулие Ырғызбай Дос­қана­ұлының кесенесі бар. Сақ дәуі­рінен сыр шертетін құнды жә­дігерлер табылған Елеке сазы жа­зығы да – осында. Ақсуат ауда­нының әкімі Асхат Смаилов аудан­дағы туризм саласын дамытуды енді қолға алып жатырмыз деп турасын айтты. Біз үшін тың сала деп және қосты.

«Ауданда іскер азаматтар туризм саласын дамыту бағытында «Дора» атты жауапкершілігі шек­теулі серіктестік құрды. Ескі Сұлу­тал елді мекені жанынан жер де берілді. Олар өз қаражатына туризм орталығын салмақ ойда. Екі жыл болды осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Жоба бойынша үлкен орталықта қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы көрініс табады. Қолөнер шеберханалары жұмыс істейді. Кешегі күнмен бүгінгі күнді байланыстыра үйлесім жасау ниетте. Келген турист осының бәрін көзбен көруге, қолмен ұстап сезінуге мүм­кіндік алады», дейді Асхат Сайдахметұлы.

Турист – инвестиция. Былайша айтқанда, келген туристі жіпсіз байлап, қызықтыра түсіп, көңілін табу ләзім. Мысалы, жаңа орталыққа келіп, қонып, өткен күндерге көз жүгіртіп, оны бүгінмен байланыс­тырып қана қою жеткіліксіз. Осыны ескерген аудан әкімдігі туристік маршрут әзірлеу үстінде. Турист аттың жалы, түйенің қомында қона жүріп, көшпенді өмірдің көшелі салтын сезінеді. Жаңағы орталықтан шыққан туристер Ақсуатта жатқан атақты адамдардың басына зиярат ете отырып, жоғарыда айтқан Елеке сазы жазығына барып бірақ тоқтайды. Әлбетте, бұл – жоспар. Жоспар жүзеге асса, өңірдегі турис­тік саланың дамуына соны леп әкелері сөзсіз.

Тоғыз жолдың торабындағы Аягөз – тарихи мекен. Ақындар мен абыздар елі, махаббатың бесігі дейді бұл жерді. «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» кесенесін көруге келетіндер көп. Әсіресе, жаз айларында кісі қарасы үзілмейді.

«Бірнеше жыл бұрын Таңсық темір­жол бекетінен кесенеге дейін­гі жолға асфальт төселді. Былтыр кесене жөнделді. Қасынан құдық қазып, тал егіп, абаттандыру жұ­мыстары жүргізілді. Келешекте «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кесе­несін туристік орталыққа айналдыру жоспарда бар», дейді аудан әкімі Сейілбек Ысқақов.

Абайдың атажұртына оралайық. Абайдың мемлекеттік «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы­ның 8 бөлімі бар. Жидебай – Абай ауда­нындағы бөлім. Мұнда Абай, Шәкәрім мемориалдық кеше­ні бар. 2020 жылы бұл кешен­ге ғылыми қайта жаңғырту жұ­мыс­тары жүргізілді. Зиярат ете­тін жер туристерді көптеп қызық­ты­ратын қастерлі орынға айналған. Жидебайдағы ерекше нысандардың бірі – Абай музей-үйі. Жидебайда сондай-ақ «Құдайберді қорымы» орналасқан. Қорымда Абайдың ұлағатты аналары Зере әже мен Ұлжан ана жерленген. Сонымен қатар алғашқы ұстазы Ғабитхан молда мен ауылдасы Шәукенбайдың да мазарлары осында.

«2022 жылы Жидебайға 27 мың­нан аса турист ат басын бұрса, 13 мемлекеттен келген қонақтар дәл осы Жидебайда қазақ халқының салт-дәстүрімен, өмір салтымен танысты», дейді Жидебайдағы Абай музей-үйінің меңгерушісі Нұржан Байтөс.

Абай аудандық денешынық­тыру, спорт және туризм бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, өткен жылы туристердің қызығушылы­ғын арттырып, этнотуризмді дамыту мақсатында жеке кәсіпкерлер Сырт Қасқабұлақта, Жидебайға бұрылар тұста қазақ үй тігіп, ха­лыққа ұлттық тағамдар ұсынған. Жер­гілікті бюджет қаражатынан «Еңлік-Кебек» ескерткішіне 20 млн теңгеге ағымдағы жөндеу және 14,9 млн теңге абаттандыру жұ­мыстары жүргізілген. Биыл да бір­шама жұмыстарға білек сыбана кіріспек. 5 ауылға интернет орна­тылып, республикалық, облыс­тық, аудандық жолдар жөнделеді. Бірқатар туристік фирмамен келіс­сөздер де жүргізілген.

Айтпақшы, Семей қаласындағы физика-математика бағытында­ғы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушылары Мирас Айт­бек пен Даниял Молдыбеков бір­лесе еңбектеніп, Абай өңірінің мәдени-тарихи мұрасы бойынша интерактивті карта әзірледі. Атал­ған карта арқылы саяхатшылар қасиетті өлкенің тарихи орындары туралы үш тілде ақпарат ала алады. Тіпті оқушылар авторлық құқыққа да қол жеткізді. Жас зерттеушілер интерактивті карта жасаудың идея­сы өлкеміздің облыс мәртебесін алуына байланысты туындағанын айтып, жаңа жобаны сол қуанышқа қосқан сыйымыз деп отыр.

– Картамыз әзірге макет түрін­де жасалды. Дегенмен саяхатшы­ға қажетті ақпараттың барлығын қамтыдық деп айта аламын. Неге десеңіз, Семей – Қарауыл күре жолынан бастау алатын карта мар­шрутында Күшікбай асуынан Бөрі­лідегі М.Әуезов мұражай-үйі, Қасқабұлақ, Ойқұдық, Еңлік-Кебек үңгірі, Ералы жазығы, Әйгерім қыстауы, Жидебайдағы мемо­риалды кешенге дейінгі тарихи-мәде­ни орындар жайлы мол мағлұмат береді. Біздің картамыздың артық­шылығы – саяхатшыға ыңғайлы болу үшін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ақпараттар жүктелді. Ал осы ақпараттарды оқымай, тың­дағысы келетіндер үшін аудио жаз­ба енгіздік. Демек, өзіне керекті ақпа­ратты әртүрлі әлеуметтік желіден іздеудің қажеті жоқ. Барлығы бір жерге топтастырылған біздің картаны пайдаланса болғаны, дейді жоба авторларының бірі М.Айтбек.

Шәкірттердің ғылыми же­тек­шісі Мақсат Құдагелдиннің сө­зіне сүйенсек, жас зерттеушілер жобамен біраздан бері айналысып келеді екен.

«Ұстаз болған соң шәкірт­те­рі­міздің осындай бастамаларына, ізденістеріне үнемі қолдау біл­­діріп отырған дұрыс. Біз – бағыт­­таушымыз. Қажет болған жағ­дайда тиісті көмектерімізді көрсе­теміз. Енді біздің алдымызда жоба­ны жетілдіру жұмыстары тұр. Ен­дігі мақсатымыз – карта макетін то­лық­­қанды сайтқа айналды­рып, оның ғаламторсыз жұмыс істе­уіне жағдай тудыру, дейді ғылыми жетекші.

«...Ертіс – үлкен өзен. Өре басы Қытайдан келеді. Екі қабағы ызғын­дай ел. Ызғындай елдің ортасын­дағы өнер-білімнің, сауда-кәсіп­тің от арба, от кеменің тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы – Семей. Семей – бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы – Семейде. Семей – бір губерния елдің жү­ре­гі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді. Ертістің оң қабағында – Семей, солында – Алаш қаласы. Алаш пен Семей арасынан өткенде, Ертіс өзені жай­лаған. Сол жерінде арал пайда болады. Аралдың өнбойы сыңсыған орман». Жүсіпбек Аймауытовтың әйгілі «Ақбілек» романынан үзін­ді. Аймауытовтың аралы – бұрынғы Түйемойнақ, бүгінгі Бейбітші­лік аралы екені ақиқат. Семейлік­тер үшін серуен құратын жер әлі де. Абай облысының кәсіпкерлік жә­не индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Рүстем Ворошиловтың айтуын­ша, Бейбітшілік аралының даму бағы­ты Семей қаласының бас жоспары­на сәйкес айқындалады. Аралдағы туризмді дамыту мақсатында тағы бір көпір салу жоспарда бар. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр.

«Бүгінгі таңда Абай облысын дамытудың кешенді жоспарын­да туризм саласында 41 млрд тең­геге 6 іс-шараны іске асыру көз­деліп отыр. Оның ішінде Семейде 3,7 млрд теңгеге екі сауда ойын-сауық орталығын, 24 млрд теңгеге қонақүй кешенін және Алакөл көлі­нің жағалауында 6,1 млрд тең­геге демалыс базасын салу жос­пар­ланған. Абай облысының кәсіп­керлік басқармасы туризм сала­сындағы бизнес өкілдерімен бір­қатар кездесу мен кеңес өткізді. Дамудың негізгі бағыттары мен мәсе­лелер айқындалды. Ең алдымен, туристік орындарын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, туристік маршруттарды, жол бойындағы сервис объектілерін дамыту керек», дейді басқарма басшысы Р.Нұрәлиұлы.

Қазіргі уақытта Абай облысының туристік саласын дамытудың жол картасы әзірленіп жатыр. Ел ба­ратын, көретін жерлердің интер­активті туристік нұсқаулығы да дайын. Пайдалануға ыңғайлы болу үшін интерактивті жолсілтеме QR-кодпен біріктірілген.

Әлбетте, келетін туристерге қо­лайлы жағдай жасау маңызды. Жүйкені жұқартатын жол азабы, да­мымаған инфрақұрылым, интер­неттің жоқтығы – отандық туризм­нің ортақ мәселесі. Біз сөз еткен мекендерден өзге де, Абай облысында халықтың бару керек, көру керек дейтін жерлері бар. Жергілікті билік жүйелі жұмыс жүргізсе, өңірдің туризмі түлеп, төрт аяғын тең басатындай әлеуетке ие.

 

Абай облысы