Партия • 16 Ақпан, 2023

Қарғын судың қаупі партиялық бақылау назарында

336 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Су тасқынының алдын алуға әзірлік жұмыстары және барлық гидротехникалық құрылыстардың көктемгі қарғын суға дайындығы күн тәртібінен түскен емес. Бұл жағдайға «Amanat» партиясы да назар аударып отыр.

Қарғын судың қаупі партиялық бақылау назарында

Су тасқының алдын алуға қатысты өзекті мәселелер «Amanat»-тың партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында талқыланды. Комитет төрағасы Артур Платонов еліміздегі 255 елді мекен су басу қаупі бар аймақтарда қалып отырғанын және онда 127 мыңнан астам тұрғын үй мен 700 мыңнан астам адам бар екенін атап өтті. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, елімізде апаттық жағдайдағы 5 және жөндеуді қажет ететін 73 су қоймасы, қорғаныс бөгендері, платина мен тоғандар бар. Олар аяқ астынан істен шығатын болса, жергілікті тұрғындарға үлкен қауіп төнеді.

Сондай-ақ жиында былтыр 2021-2023 жылдарға жоспарланған Жол картасы бо­йынша су тасқынына қарсы атқарылуға тиісті 68 іс-шараның 41-і орындалмағаны белгілі болды.

«Еліміздегі 400-ден астам гидротех­ни­калық құрылысты жөндеу қажет. Солай бола тұра, коммуналдық және жекеменшіктегі мұндай құрылыстардың басым көпшілігі жылдар бойы назардан тыс қалып келеді. Тиісінше оларды жөндеу және жаңғырту іс-шаралары су саласын дамыту жоспарына енгізілмей қалады. Осындай құрылыстардың басым көбісі 30 жылдан астам уақыт пайдаланып келеді. Олардың 70%-дан астамының тозығы жеткен. Сондықтан олардың беріктігі мен қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай төмендеді. Су тасқынына қарсы алдын алу іс-шараларын жос­парлау, сондай-ақ оларды қаржыландыру ісінде түйткілді мәселелер бар», деді Артур Платонов.

Ал Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, былтыр су тасқынына қарсы атқарылған жұмыс 213 елді мекеннің су басу қаупін болдырмауға және 120 мыңға жуық үй орналасқан өзге де 580 елді мекендегі қауіпті барынша азайтуға мүмкіндік берген. Онда 550 мыңнан астам адам тұрады. Алайда жергілікті әкім­дік­тердің уақтылы алдын алу жұмысын жүр­гізбеуі негізгі мәселенің бірі болып қалып отыр.

«Тұрғындар арық жүйесін біреу келіп тазалап береді деп күтіп отырады. Яғни біздің қызметкерлер көбіне-көп коммуналдық қыз­меттерді атқарып жүреді. Алайда бұл Төтенше жағдайлар министрлігіне тән міндет емес. Біз өртке қарсы қызмет бөлім­ше­лерін, әскери бөлімдерді және жедел-құтқару жасақтарын аула­ны судан тазарту жұмысына жұмылдыруға мәжбүрміз», деп атап өтті министр.

Отырыс қорытындысы бойынша комитет мүшелері су тасқыны қаупі бар өңірлердегі түйткілді мәселесі көп гидротехникалық құ­рыл­ыстарда партиялық бақылау бекет­терін ашу жөнінде қаулы қабылдады. Тиісті нәтиже болуы үшін партиялықтар әкімдіктерге арықтар мен каналдарды, дренаж жүйелерін, өзен арналарын мұздан және қоқыстан тазарту жұмысын уақтылы аяқтауды міндеттеу үшін ұсыныс енгізбекші. Сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарды салу және жөндеу жөніндегі жобалардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу рәсімін жеделдету мен су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қағидаларының сақталуын тексеретін арнайы жұмыс тобын құруды да ұсынылды.