Үкімет • 16 Ақпан, 2023

Бауырластықты бекемдейтін құжат

236 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар бірқатар заң жобасын қарады. Атап айтқанда, өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі қаралды.

Бауырластықты бекемдейтін құжат

Күн тәртібіне шығарылған алғашқы заң жобасы «Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» құжат болатын. Келісім өнімнің ЕАЭО-да және үшінші елдің аумағында белгіленген талап­тарға сәйкестігін бағалау нәтижелерін өзара тану мәсеелсін қарастырады. Бұл ретте, құжаттың нормаларына сәй­кес мүше мемлекеттерде және үшін­ші елде қолданылатын сәйкестікті баға­лау жөніндегі органдарды аккредиттеу рәсім­дерінің баламалы болуы қамтама­сыз етілуге тиіс.

«Келісімге қол қою Еуразиялық эконо­микалық одақ туралы шарттың 55-бабында ескерілген. Келісім мүше мемлекеттердің үшінші елдермен өзара саудасындағы ЕАЭО-ның техникалық регламенттері қолданылатын өнімге қатысты кедергілерді жою тәртібі мен шарттарын айқындайды. Осыған дейін ЕАЭО-ның 52 техникалық регламенті қабылданды, оның 46-сы күшіне енді», деді Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Баяндамашының айтуынша, келісімді қабылдау ЕАЭО-да және үшінші елдің аумағында белгіленген міндетті талап­тардың салыстырмалылығын айқын­дау негізінде сәйкестікті бағалау нәти­желерін өзара тануға жағдай жасайды.

«Сондай-ақ келісімде мүше мемлекеттерде және үшінші елде қолданы­латын сәйкестікті бағалау жөніндегі орган­дарды аккредиттеу рәсімдерінің ба­ла­ма­лылығы қамтамасыз етілуге тиіс екен­дігі көзделген. Ұсынылған тәсіл отандық өнімді ілгерілетуге бағыт­талған», деді министр.

Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі кезде Қазақстан мен үшінші елдер арасындағы шикізаттық емес өнімдер бойынша тауар айналымы 2022 жылы 48,6 млрд долларды құраған. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 33,5 пайызға жоғары (36,4 млрд доллар).

Қазақстаннан үшінші елдерге шикі­заттық емес тауарлардың экспорты 2022 жылы 24,8 пайызға өсіп, 18,9 млрд дол­ларға жетті. Өңделген тауарлар бо­йын­ша Қазақстан Республикасының негіз­гі экспорттық елдері ретінде Қытай, Өзбек­стан, Түркия және Нидерланд тіркелді.

«Алдын ала болжамдар бойынша үшінші елдерге экспорттың үлесі, оның ішінде Келісімнің қабылдауына және оны одан әрі іске асыруға байланысты 10%-ға артуы мүмкін. Келісімде қолданыстағы заңнаманың талаптары ескерілген, осыған байланысты оны ратификациялау Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізуге алып келмейді», деді С.Жұманғарин.

Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республи­касының Үкіметі мен Қырғыз Рес­пуб­ликасының Үкіметі арасындағы ше­каралық өкілдердің қызмет учас­келері туралы хаттаманы (карта 1:200 000) ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл хаттаманы ратификациялау екі ел арасында тату көршілік қатынастарды қолдауға, өзара тиімді экономикалық және өзге де ынтымақтас­тықты дамытуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, әрбір қатысушы мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталған келісілген шекара саясатын жүргізуге мүмкіндік береді.

«Тәуелсіздік алғалы бері көршілес әрі бауырлас екі ел арасында тығыз достық қа­рым-қатынас орнады. Ынтымақ­тас­тықты одан әрі нығайту Қазақстан мен Қырғызстан үшін айрықша мәнге ие. Бұл ретте бүгін мақұлданған заңның маңы­зы зор. Осы орайда бұл хаттама – біздің мемле­кеттеріміз арасындағы серіктес­тікті дамыту жолындағы маңызды қадам­дардың бірі», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Нұртөре Жүсіп еліміздің оқу орындарында, жалпы әлемде оқушы­ларға жасалған шабуылдардың жиі­леп кеткеніне алаңдаушылық білді­ріп, жүр­гізіліп жатқан алдын алу шара­лары­ның жеткіліксіз екеніне назар аударды. Осыған орай депутат бұл проблеманың алдын алу шараларын күшейтуге айрықша көңіл бөлуді ұсынды.

Сенатор Нұртөре Жүсіп Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында қазіргі таңда елімізде оқу мекеме­лерінің қауіпсіздігі формальды түрде және қарабайыр түрде жүргізілетінін айтты. Депутат Петропавл қаласындағы 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып келіп, үш баланы жара­қаттаған қайғылы жағдайды еске салды.

Осыған байланысты мұндай төтенше жағдайларды болжау жүйесіндегі, ерте алдын алудағы күрделі проблемаларға назар аударды. Сенатор елімізде бұл бағыт бойынша маңызды ғылыми база жоқ екенін атап өтті. Оқушылардың пси­хо­логиялық портретін жасау, отба­сының әлеуметтік мәртебесін анықтау кезінде депрессияға немесе агрессияға бейім балаларды алдын ала оқшаулау ескерілмейді.

«Көп сатылы кешенді қауіпсіздік жүйесін жасауды күн тәртібіне шығару керек. Әлем елдерінде мұндай тәжі­рибелер бар. Қай ел болмасын бұл мәсе­леге асқан жауапкершілікпен қарай­ды. Мәселен, Қытайда мектепке тек оқушы­ның да, ата-ананың да суреті бар арнайы куәлікпен кіруге болады. Кез келген оқу орнында күзетші кабинка­сы қойылған. Келген адамның куәлігі болмаса, тек мұғалім ғана ертіп кіре алады. Ал Францияда оқушыларға ғи­ма­ратқа алып кіруге болмайтын заттар тізімі жазылған нұсқаулық беріледі. Сабақ арасында рюкзактар мен портфельдер тексеріледі. Жылына екі рет антитеррористік жаттығу сабақтары өткізіледі», деді сенатор.

Айнұр Арғынбекова еліміздің бір­қатар облысында орман саласы бо­йын­ша қордаланған проблемаларға назар аударды. Оның айтуынша, орманды зиянкес­тер мен аурулардан қорғау жөніндегі іс-шараларды жеткіліксіз деңгейде қар­жыландыру өңірлердегі экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеп соғады.

Амангелді Толамисов елімізде кибер­қыл­мыстың, оның ішінде интернет-алаяқ­тықтың көбейгенін және қазақ­стан­дықтардың дербес деректерінің таралуы жиілеп бара жатқанын атап өтті. Депутаттың айтуынша, соңғы 5 жылда интернеттегі алаяқтық саны 10 есеге өсті. Бұған күнделікті өмірде цифрлық желілерді кеңінен қолдану себеп болып отыр. Сондықтан жеке адамдардың тегі, аты және әкесінің аты және олардың жеке сәйкестендіру нөмірлері сияқты мәліметтер басқа мақсатта пайдалануы мүмкін.

«Атап айтқанда, еліміздегі банктер­дің мобильді қосымшалары мен сайттары кез келген азаматқа ЖСН және жеке куәлік нөмірі бойынша салықтар мен айыппұлдар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде аза­мат­тардың дербес деректерін заңсыз пайдалануға әкелуі мүмкін. Азамат­тардың құқық қорғау органдарына осындай жағдайлармен жүгінуін мысалға кел­тіруге болады. Зардап шеккендердің ай­туынша, олармен теріс қарым-қаты­нас­та болған адамдар банктердің мобиль­ді қосымшасы арқылы салықтар мен айып­пұл қарыздары туралы ақпарат алып, ке­йін сол ақпаратты тарату арқылы олар­ды бопсалаған», деді Амангелді Толамисов.

Нұрлан Бекенов елордада сумен жабдықтаудың баламалы көздерін іздеу қажеттігін атап өтті. Сенатор ол үшін Нұра жерасты сулары кен орнын игеру, оның инженерлік желілерін қайта жаңарту және Бұзылық су қоймасын салу қажет екенін айтты. Депутат Астананы сумен жабдықтау жалғыз көзден – Астана су қоймасынан жүзеге асып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ол 1969 жылы салынған және 500 мың адамға есептелген болатын. Дегенмен елорда халқы бұл көрсеткіштен әлдеқашан асып кеткен.

«Қаланың қарқынды дамуына, сондай-ақ халық санының үнемі өсіп отыруына байланысты су тұтыну көлемі де жыл сайын артып келеді. Астана су қоймасының ресурстары толық сар­қылған жағдайда, төтенше жағдайлар туындаған кезде елорда үшін балама су көзін салу арқылы сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін қажет. Осылайша, бүгіннен бастап халықты сапалы сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешудің балама жолдарын қарастырып, жоспарлау қажет деп санаймын», деді сенатор Нұрлан Бекенов.

Руслан Рүстемов «Артспорт» бағ­дарла­ма­сын іске асыру кезінде сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерін төмен­дету жолдарын ұсынды. Жоба жұртшы­лық жылы қабылдаған болатын және тегін үйірмелер мен секцияларға қол жеткізу арқылы балалардың дамуына ықпал етті. Алайда кейіннен сыбайлас жемқор­лық қаупі төнетін көптеген фактор анықталып отыр. Сенатордың айтуын­ша, бағдарламаны енгізу Облыстық мәдениет және спорт басқармаларына қосымша ауқымды жүктеме түсірді. Басқарма тарапынан қадағалау, тексеру және ақы төлеу жөніндегі жұмыстардың көлемін ескере отырып, қаржының нысаналы жұмсалуында кемшіліктерге жол беру қаупі жоғары болып отыр.

«Аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларға бөлінетін қаражатты әр аумақтағы балалардың санына қарай пропорционалды есептеп, бағдарламаны жүргізу және қаржыландыру функция­сын аудандық, қалалық бюджеттерге беру кезек күттірмейтін мәселе. Сондай-ақ аудандық (қалалық) әкімдіктердің кәсіпкерлердің қызметін қадағалауға қолжетімділігі бағдарламаны сапалы және тиімді жүргізу мүмкіндігін арттырады», деп атап өтті Руслан Рүстемов.

Сенатор Алтынбек Нухұлы қазақ халқының көрнекті ұлы, Шығыс елдерінен шыққан тұңғыш академик, әлемге әйгілі ғалым, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәт­баевтың 125 жылдығын жоғары идео­логиялық және ұйымдастырушылық тұрғысында жоғары деңгейде атап өтуге шақырды.

Сұлтан Дүйсембинов фитосанита­риялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қиын жағдай туралы хабарлады. Депутат фитосанитариялық бақылау бекеттерін заманауи зертханалармен жарақтандыру процесін жедел­детуге және инспекторлардың жала­қысын көтеру мәселесін қарауға шақырды. Оның айтуынша, еліміздегі жұ­мыстың бұл бағытына өсімдік каран­тині жөніндегі 559 мемлекеттік инспектордың жауапты екенін және оның 172-сі мемлекеттік шекараның пери­метрі бойынша орналасқан фито­сани­тариялық бақылау бекеттеріне тікелей бекітілген.

Кейбір инспекторлар бақылау-өткізу пунктеріне жету үшін 120 шақырымға дейін жол жүруі керек. Сонымен қатар олар көлік шығындарын өздері көтереді. Ал инспекторлардың жалақысы жұмыс өтіліне байланысты 84 000 теңгеден бас­тап 146 000 теңгені құрайды. Депутат бұл бірінші проблеманың себебі – кадр тап­шылығы екенін атап өтті. Депу­тат инс­­пекторларды материалдық-техни­калық жарақтандыру жағдайын да назардан тыс қалдырған жоқ. Облыстық аумақтық инспекцияларға 298 автокөлік қажет болып отырған кезде, олардың тек 259-ы жұмыс істейді.

Геннадий Шиповских өрт қауіпсіз­дігін, оның ішінде өртке қарсы қызмет депосының тапшылығын қамтамасыз етуге қатысты өзекті проблеманы көтер­ді. Сенатор атап өткендей, бүгінде атал­ған деполарды салуға «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентіндегі кемшіліктер негізгі кедергілердің бірі болып отыр.

Андрей Лукин «ҚазАвтоЖол» кәсіп­ор­ны­ның жұмысын сынға алды. Сенатор кәсіпорын тарапынан болатын бұзушылықтарға наразылығын білдірді. Аталған бұзушылықтардың қатарында құрылыс жұмыстарын орындау кезінде нормаларды сақтамау, қаржыны тиімсіз пайдалану және ұрлау, лауазымды тұлғалардың өкілеттіктерін теріс пайдалану және тағы басқа келеңсіздіктер бар.

Жанболат Жөргенбаев шекарашы­лар­дың әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайы сын көтермейтінін айтты. Сенатор­дың сөзіне қарағанда, мұндай ахуал қыз­мет­кер­лердің моральдық-психо­логия­лық жағ­дайына әсер етеді. Сенатор қол­­да­ныстағы Жол картасын іске асыруды және шекара пунктерін үлгілік үй-жай­лармен, газбен және электрмен қам­та­масыз ету проблемаларын шешуді ұсынды.