Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл өнері және тұлға» атты іс-шара өтті. Ондағы мақсат – көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің шығармашылығын насихаттау, қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген жастардың ықыласын арттыру.
«Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері», «Заманай мен Аманай» романдары, сондай-ақ, «Ажар мен ажал», «Әр үйдің еркесі», «Қысылғаннан қыз болдық», «Жаралы гүлдер», «Қызым, саған айтам», «Қос анар», «Өліара» драмалары арқылы қалың қазаққа танымал болған жазушының шығармашылық жолын, қол жеткізген табыстарын, межелеген белестерін өскелең ұрпаққа ұлықтауға арналған іс-шараны филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы жүргізді. Театр шаңырағында зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері дарын иесі туралы естеліктер айтып, оның келер ұрпаққа мұра етіп қалдырған шығармалары төңірегінде ой бөлісті.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғынбекұлы өмір жолының қаламгермен тоғысқан тұстарында рухани достықтарының бауырмалдыққа ұласқанын айта келе, қаламгердің ақтық демі таусылғанша әдемілікке құштар болғанын, ұлтжанды азамат, өр рухты өжет бітімді тұлға екендігін атап, «Сағындым Сері ағаны» атты жазушыға арналған өлеңін оқып берді. Ал шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығының директоры Ербол Тілешов қаламгердің көзі тірісінде де жоғары дәрежеге ие болғанын айта келіп, жазушыға деген құрмет күшінің қазіргі таңда да әлсіремегенін, себебі, артынан ерген ұрпақтары дарын иесінің есімін өлтірмей мәңгіге сақтап қалатынына сенімін білдірді.
Іс-шараның келесі бір бөлігінде Сәкен Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» драмасы театр әртістерінің сахналауында көрініс тапты. Актер Ерболат Жасұлан, Есен Нұрсұлтан және Боранбай Молдабаев комедиялық рөлдерін шебер сомдап, көрермендерді өткен күннің мұңлы естелігінен арылтып, қыран-топан күлкіге кенелтті. Сондай-ақ, шарада Қайрат Байбосынов, Ерлан Рысқали сынды елге танымал әншілер «Ақан сері-Ақтоты», «Райхангүл», «Балқадиша», «Маңмаңгер», «Құлагер» және басқа да сырлы да сазды әндерді орындап, жиналған қауымға тамаша әсер сыйлады.
Зиялы қауым, БАҚ өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, тіл жанашырлары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының оқытушылары, студенттер мен мектеп оқушылары қатысқан игі шарада қаламгердің өміріне байланысты режиссер Болат Ұзақов түсірген фильмнен үзінді көрсетіліп, жазушының кітаптарынан көрме ұйымдастырылды.
Назым ҚАЙРАТ.
Астана.