Өткен жылы қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығы негізінен кәсіптік-техникалық бағыттарда қызмет ететін сала жастарына табысталды. Сонымен қатар қалалық жастар ресурстық орталығы елімізде мобилографияның негізін қалаушылардың бірі Қыран Талапбектің қатысуымен облыста алғаш рет «Мобилография» фестивалін ұйымдастырды.
– Қатарластарымыздың бос уақытын тиімді өткізіп, саламатты өмір салтын ұстап, бұқаралық спортпен айналысуы үшін қаланың шет аймақтары мен облыс орталығына қарасты ауылдардан орталықтар ашылды. Қазір Қарауылтөбе, Ақсуат, Ақжарма, Қызылжарма, Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтері жастары үстел теннисімен айналысады. «Аула клубтары» әлеуметтік жобасы аясында өткен жылдың соңында Тасбөгет кентінде алғашқы аула клубы жұмысын бастады. Алдағы уақытта осындай клубтарды Белкөл кенті мен Шанхай аудандарынан ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әліби Басаров.
Жазда қаладағы Арбат бойында әр аптаның бейсенбісінде «Ping-Pong», жұма күні «Караоке Battle», сенбіде «Кино TIME» жобалары өткізілді. Жастар орталығының «Qosyl kenes» жобасы арқылы жастарға үздіксіз кеңес беріліп, «Qosyl acoustic» жобасы шеңберінде ай сайын ән кеші өткізіліп келеді.
Жуырда облыс орталығынан «Orta» рухани-интеллектуалды демалыс орны ашылды. Заманауи үлгідегі жабдықталған бұл орталықта түрлі үстел ойны, интеллектуалды сайыстар, жанды дауыста әндер шырқалатын мерекелік кештер ұйымдастырылады.
Сонымен қатар мұнда кітап бұрышы, мәжіліс залы, балаларға арналған логопед кабинеті мен тоғызқұмалақ, шахмат үйірмелері жұмыс істейді.
Қызылорда