Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Биыл түркістан облысында 109,7 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Өз ісін бастауға ниетті тұрғындар үшін 1 688 адамға гранттар беру көзделіп, 2 932,4 млн теңге қаржы бөлінді. Кәсібін ашуға үміткерлердің бизнес жобаларының тиімділігін арттыру мақсатында 20 үздік жоба іріктелген
Халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселесі қаралған аппараттық кеңесте облыс әкімі Дархан Сатыбалды осылай деді. Мемлекеттік органдардың нақты және үйлесімді жұмысын талап етіп, халыққа жағдай жасай алмаған әкімдерді қатаң сынға алды. «Инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту бойынша бірнеше рет жиналыс өткізіп, нақты тапсырмалар бердік.
Бірақ жұмыс ойдағыдай емес. Инвестиция тарту жөніндегі индикаторлар толық орындалуы тиіс. Сондықтан 2024 жылдың жоспарын орындау үшін қазірден дайындалуымыз керек. Бюджет қаражаты емес, жеке инвестицияға басымдық берілсін. Өңдеу өнеркәсібі төмендеп кеткен. Бәйдібек, Жетісай, Сайрам, Келес, Созақ аудандарында осы бағыт бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылмаған. Жауапты басқарма тарапынан да тиісті бақылау жүргізілмеген әрі инвестиция тарту сапасыз болды.
Әкімдер бұл жұмысты төмен деңгейде атқарған. Бұл бойынша бірнеше рет жиын өткіздік. Сондықтан аудан, қала әкімдерінің инвестиция саласына жауапты орынбасарларына тәртіптік шара қолдануды тапсырамын. Нақты жобалар аз. Орындалмайтын жобаларды да тізімге қосып қойғансыздар. Инвесторларға қажетті инфрақұрылымның дайындығы төмен. Осыған байланысты инвестиция тарту, өндірісті дамыту бойынша сапалы жоспар әзірленсін. Оған орындалатын әрі нақты жобалар енгізілсін. Аудан, қалалардың даму әлеуеті және мүмкіндігіне сәйкес бір салаларға мамандандырылуын қадағалаңыздар. Мәселен, Жетісай, Мақтаарал, Шардара және Сауран аудандарында тігін фабрикалары, Келес, Сарыағаш, Қазығұртта жылыжай шаруашылығы кең қанат жаюы тиіс. Осылай әр ауданның мүмкіндігіне сай жұмысты жоспарлау қажет», деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның дерегінше, өңірде 120 мыңнан астам адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарымен қамтылған. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы бойынша жеке бастамалар шеңберінде 22 595 тұрақты жұмыс орындары құрылды. Жалпы жұмысқа орналастырылған азаматтардың дәлелі ретінде ақпараттық жүйеден оларға аударылған міндетті зейнетақы жарналарының төленуі тексеріліп, рейтингі жасақталған. Нәтижесінде ең төменгі көрсеткіштер – Мақтаарал, Қазығұрт және Жетісай аудандарында. Биыл Түркістан облысында 109,7 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Өз ісін бастауға ниетті тұрғындар үшін 1 688 адамға гранттар беру көзделіп, 2 932,4 млн теңге қаржы бөлінді. Кәсібін ашуға үміткерлердің бизнес жобаларының тиімділігін арттыру мақсатында 20 үздік жоба іріктелген. Жалпы өңірде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға оң септігі тиетін жобаларды жүзеге асыру, инвестиция тартуға ерекше мән берілуде. Мысалы, Түркістан қаласына соңғы 5 жылда тартылған инвестицияның көлемі 8,5 есеге өсіп, былтыр 304 млрд теңге болған. Биыл қала экономикасына 350 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Түркістан қаласы бойынша былтыр 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 675-і – тұрақты жұмыс. Ұлттық жобалар бойынша биыл 5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Түркістанды дамыту жұмысы өз жалғасын табады. Дегенмен алдағы уақытта халқының 80 пайызы ауылдарда тұратын өңірде ауылдарды дамытуға да басымдық беріледі. Индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы күшеймек. Облыстық инвестиция және экспорт басқармасының мәліметіне қарағанда, негізгі капиталға салынатын инвестициялардың нысаналы индикаторларына 2023 жылға 908,2 млрд теңге жоспарланып отыр. Биыл жалпы құны 230,4 млрд теңгеге 4357 жұмыс орнын құрумен 151 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Құрылыс бойынша 103,5 млрд теңгеге – 24 жоба, ауыл шаруашылығы бойынша 67,1 млрд теңгеге – 64, туризм бойынша 19,5 млрд теңгеге – 24, өңдеу өнеркәсібі бойынша 18,1 млрд теңгеге – 23, жаңартылған энергия көздері бойынша 4,4 млрд теңгеге 3 жоба және басқа салаларда 7,7 млрд теңгеге 13 жоба межеленген. Өңірде индустриалды аймақтарды кеңейтуге қатысты әр аудан, қала әкімдері инвестициялық штаб отырысында есеп беріп отырады. Инвестициялар тартудың қолайлы экожүйесін құру үшін тиісті басқарма, «Turkistan invest» инвестициялар тарту және экспортты дамыту агенттігі жұмыс істейді. Сонымен қатар инвесторларға индустриалдық аймақтар мен «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы аумақтарында «Greenfield» және «Brownfield» өнеркәсіптік алаңдары ұсынылады. Бүгінде «Arm Wind» ЖШС-ы Отырар ауданында қуаты 50 МВт болатын күн электр станциясын салып жатыр. Жоба 2024 жылы жүзеге асады. Ал «Аймар құс» ЖШС-ы Төлеби ауданында құс фабрикасын салуды жоспарлап отыр. Жобаның бірінші кезеңіне 6,5 млрд теңге инвестиция салынады. Жылына 200 млн дана жұмыртқа шығаратын фабрикада 75 адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл орайда инвестор облыс басшылығынан құрама жем цехын салу, жүгері және өзге де дақылдар өсіру үшін жер сұраған. Қажетті жерді тұрғындардан сатып алуға мүдделі. Облыс әкімі аудан басшысы мен жауапты азаматтарға инвесторға қолдау көрсетуді тапсырды. Ал Түлкібас ауданында тәтті сусындар шығаратын алып кәсіпорын құрылысын жүргізіп жатқан Beibars-Bottlers компаниясының өкілдері газ бен электр мәселесі бойынша инфрақұрылымды жетілдіре түсу туралы өтініштерін жеткізді. Құны 7,5 млрд теңгені құрайтын жоба арқылы жаңа жұмыс орындары көбеймек. Құрылғылары Франция мен Италиядан жеткізіледі. Бұл жобаны қолдау бойынша да тиісті орындарға міндеттер жүктелді. «Baspolymer» ЖШС-ы «Turkistan» еркін экономикалық аймағында полимер құбырларын шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр. Жоба жүзеге асса, жылына 10 мың тонна өнім өндірілмек. Полимер құбырларын елімізбен қатар Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттау көзделген. Ордабасы ауданында үш жылда 33 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Кәсіпорындар көбеюі нәтижесінде 1 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Құны 2,7 млрд теңге болатын мақта талшығын өндіру және асфальт зауыты іске қосылып, 175 жаңа жұмыс орны ашылған Мақтаарал ауданында биыл 1,7 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 108 жаңа жұмыс орны ашылады. Ауданда жүгеріден 29 түрлі өнім шығаратын зауыт ашу бағытында жұмыс жүргізілуде. Саяси шешім қабылданып, экономикалық және техникалық негіздемесі әзірленіп жатқан Дарбаза – Мақтаарал теміржолы құрылысы да ауданның дамуына тың серпін беретіні айтылуда.
Сондай-ақ өңірде жеңіл, тамақ өнеркәсіптері және құрылыс материалдары және өзге де өндірістер бойынша жобалар жүйеленуде. «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының бүкіл аумағын «TURAN» АЭА аумағына қосу болжануда, яғни соңғысының ауданы 3987 гектарға ұлғаяды.
Түркістан облысы