Үкімет • 19 Ақпан, 2023

Өндірістегі жетістіктер сараланды

382 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Жетісу облысында бірқатар ірі өндіріс орнының жұмысымен танысты.

Өндірістегі жетістіктер сараланды

Министр Айдарлы ауыл­дық округіне қарасты «Sky Agro» ЖШС-ның қызанақ өсіре­тін жылыжайына барды. Мұн­дағы жұмыс барысымен серіктес­тік директоры Илмаз Кемаль таныс­тыр­ды. Жылыжай 2016 жылдан бері халыққа қызмет көрсе­тіп келеді. Оның жалпы жоба­лық құны 7,2 миллиард теңгені құ­райды. Негізінен томат өнімін шығаратын кәсіпорын жылына 750 тонна қызанақ өндіріп сатады. Серік­тес­тік Алматы қаласының Алматы, Жетісу облыстары­ның тұрғындарын жыл бойы қызанақ­пен қамтамасыз етеді.

Одан кейін министр «Көктал Агро» ЖШС тауарлы-сүт ферма­сы­ның жұмысымен танысты. Мың гектардан астам жерге жүге­рі, көпжылдық шөп өсіретін шаруа­шы­лықтың жемшөп базасы мығым. Сондықтан серіктестік 2,5 млрд тең­геге мың бастан астам сауын сиыр ұстай алатын кешенді қора са­лып, 2019 жылы тауарлы-сүт фер­масын іске қосты. Серіктестік ма­лын жыл бойғы жемшөппен өз­дері қамтамасыз етіп отыр. Ми­нистрге фермадағы ілкімді істерді ЖШС жетекшісі Жәнібек Оқанов көрсетіп, серіктестік жұмысының мән-жайын айтып берді.

Жаркент қаласында полипропиленнен жылына 48 миллион қап шығаратын зауыт құрылысы 2012 жылы пайдалануға берілген. Зауыттың жұмыс істеу жүйесі бірнеше цехтан тұрады. Мұнда бастапқыда мұнай қалдығынан алынатын 21030-16 маркалы полипропиленнен қыздырып еріту арқылы жіп иіріледі. Келесі кезекте ол жіп тоқылып, жалпақ материалға айналып, одан сұра­ныс­қа қарай сыйымдылығы 25-тен бастап, 150 килолық қаптар тігіледі. Қазір зауытта 552 адам ауысымдық жүйемен жұмыс істеп келеді.

«Зауыт өнімдеріне сұраныс жоғары. Сапалы тігілген қаптарға отандық тауар өндірушілермен қатар Ресей, Украина, Балтық жағалауы елдері тапсырыс бе­ре­ді», дейді министрге зауыт тіршілігін таныстырған ЖШС директоры Закир Кузиев.

Шаһардағы 2013 жылдан бері жүгері дәнін өңдейтін «Жаркент крахмал-сірне» зауыты – бүгінгі таңда қанатын кеңге жайған ірі өнеркәсіп орындарының бірі. Мұнда 292 адам тұрақты еңбек орнын тапқан. Зауыт өнімнің сапасын бақылайтын өз зертханасы бар.

Биыл Панфилов ауданының жүгерішілері жалпы 26 мың гектардан астам жерге жүгері егіп, 160 мың тоннадан жоға­ры өнім алған. Өткен жылмен салыс­тыр­ғанда биыл өнім 20 мың тоннаға артық. Со­ның 100 мың тоннадан астамын «Жар­кент крахмал-сірне» зауыты са­тып алып, ұқсатуда. «Жаркент крах­­мал-сірне» зауытының жүге­рі дәні­нен өңдеген өнімдерін еліміз­дегі «Рахат», «Трейдинг қағазы», «Хам­ле», «Іле картон-қағаз комби­наты», «Жамбыл гипс», «Рудст­ройсервис», «Қазупак», АХБК компаниялары сатып алады. Зауыт өніміне шетелдерден де тапсырыстар бар.

Ауыл шаруашылығы министрі өңірдегі өндіріс орындарын аралаумен қатар сапар барысында «Универсал» ЖШС жиынжайында ауылшаруашылық еңбек­керлерімен кездесіп, актив жиы­нын өткізді. Басқосуда ми­нистр елі­міз­дегі агроөнеркәсіп өнді­рі­сінің жа­ң­а­лық­тарын жет­кіз­ді. Соны­мен қатар Жетісу облысы еңбек­кер­лері­­нің өткен жылғы өндірістегі же­­­тіс­­тік­­тері сараланды. Биыл ат­қа­­ры­­латын жұмыс жоспарлары тал­қыланды.

Кездесуден кейін жеке мәселе­лері бойынша аудан тұрғын­дарын қа­­был­даған министр ұсыныс-өті­ніш­­терді Үкімет отырысын­да тал­­дап, шешім қабылдайтынын мә­лімдеді.

 

Жетісу облысы