Былтыр қазақстандық алтын экспортының құрылымында біршама өзгеріс орын алды. Зерттеушілер атап өткендей, 2017-2021 жылдары бағалы металдың негізгі сатып алушысы Қырғызстан болса, өткен жылы заттай түрдегі ең көп жеткізілім көлемі бұл елге жөнелтілгенімен (52,5% немесе 2,2 тонна), ақшалай мәнде экспорттық кірістің 61,6%-ын (41,2 млн доллар) Ресей қамтамасыз еткен. Бұл ретте Қырғызстанға 38,3% немесе 25,7 млн доллар тиесілі болды.
Алтын сатудан түскен кірістің өсіміне әлемдік нарықтағы қолайлы жағдай әсер етті. World Gold Council халықаралық ұйымының мәліметіне сәйкес, 2022 жыл соңғы онжылдықта бұл бағалы металға деген ерекше инвестициялық сұраныс кезеңі болды. Сәйкесінше, сұраныстың өсуі бағаның көтерілуіне әкелді. Былтыр сатылымның ең қолайлы кезеңі наурыз-сәуір айларына келіп, онда бір унция алтын құны 1,9 мың доллардан жоғары болды. Ең төменгі бағалар қыркүйек–қазан айларында тіркелді, сол кезде унция ставкасы 1,65-1,63 мың долларға дейін төмендеп кетті.
Қаңтар айының соңында бұл бағалы металл бағасы 1,92 мың долларға жеткен.