Тұлға • 20 Ақпан, 2023

Қайраткер Қабылбек

641 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында болған күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер кезеңінде өмір сүріп, түркі-қазақ халықтарының болашағы үшін күрескен қайраткерлердің қызметін зерттеу, оның тұлғасына баға беру қай кезде де өзекті. Себебі тарихи тұлғалардың өнегелі қызметі жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуде аса үлкен маңызға ие. Сондықтан мемлекет және қоғам қайраткері, публицист Қабылбек Сарымолдаевтың мұрасын ғылыми айналымға тарту маңызды.

Қайраткер Қабылбек

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қабылбек Ақпан төңкерісін басқа да қазақ жастары сияқты зор қуанышпен қарсы алып, алғашқы күннен саяси жұмыстарға белсене араласты. 1917 жылдың наурыз-тамыз айларында Қора­ғаты (Үйтал) болыстық атқару комитетінің хатшысы болып, тапсырған міндеттерді тың­ғы­лықты орындайды. Сол жыл­дың мамыр айында Меркіде Тұ­рар Рысқұловпен бірге «Бұқа­ра» (Қазақ жастарының револю­циялық одағы – автор) ұйымын құрысып, уездегі революцияшыл қазақ жастарының басын қосу жолында қызмет атқарды. Бұл ұйым саяси тұрақсыздық жайлаған өтпелі кезеңде қара­пайым көшпелі халықтың саяси құқықтары мен әлеуметтік жағдайын қорғауды мақсат етті. Тұрар жетекшілік жасаған ұйым­ға 30-дан аса қазақ, қырғыз, сондай-ақ демократиялық көңіл күйдегі орыс жастары кіреді.

«Бұқара» ұйымының сол жылдары Түркістан мен Қазақ­стан аумағында құрылған дәл осындай саяси бағыттағы одақ­тардан айырмашылығы – одақ бағдарламасы мен жарғысы бар, күрес жолы анық саяси ұйым болды. Бағдарлама мен жарғыдан ұйым мүшелерінің Ақпан төң­ке­рісінің сипаты мен мән-мағы­насын, саяси тұрақсыздығы мен әлеуметтік қайшылығын айқын түсінгенін аңғаруға болады. Орыс отаршылары мен жергілікті бай-манаптардың кедей халыққа қарсы іс-әрекетін сынай келе, еңбекші бұқараның мұң-мұқтажын, талап-тілегін қорғайтынын білдіре отырып, ұйым мүшелері өз қызметтерінің басты мақсаты ретінде: «Уақытша үкіметтің жергілікті комитеттері мен орыс кулактарының озбыр­лы­ғына қарсы күрес» жолын таңдап алғандарын ашық мәлімдейді. Ұйым мүшелері 1917 жылдың жазында Ресейдегі революциялық бағыттағы сая­си партиялардың ұлт мәсе­лесі бойынша қабылдаған бағдар­ламаларымен мұқият таныса келе, қазақ және басқа да түркі тілдес халықтар үшін ең тиімдісі большевиктердің сая­си ұстанымдары деп тауып, Әулиеата мен Ташкенттегі аз санды большевиктік ұйымдармен, жаңадан құрыла бастаған жұ­мыс­шы, солдат және шаруа кеңестерімен байланыс жасау­ға әрекеттенеді. Бір сөзбен айт­қанда, «Бұқара» ұйымы Қ.Са­рымолдаев үшін алғашқы саяси мектеп болды.

Ол 1917 жылы 2-5 тамыз ара­лығында Ташкент қала­сын­да Түркістан өлкесін мекендеген қазақ және қырғыз халық­тарының алғашқы жиналысына қатысады. Мұхамеджан Тынышбаев төрағалық еткен жиында Ресейдегі саяси жағдай, Орынборда өткен жалпықазақ съезіне көзқарас, Түркістанды басқару мәселесі, жер, су, қоныс­танушылар мәселесі, оқу-ағарту, халық соты, әйел және тағы да басқа 18 ірі мәселе қаралады. Түркістан өлкесіндегі «қазақ пен қырғыздардың іс-әрекеттерін үйлестіріп, оны бір ізге түсіруді жүзеге асыру мақсатында Түр­кіс­тан өлкелік Қазақ-қырғыз орталық кеңесі атты қоғамдық-саяси ұйым құру туралы шешім қабылданды.

Қ.Сарымолдаев 1918 жылдың сәуір-тамыз айларында Әулиеата уездік атқару комитетінің мүшесі болып сайланып, эсерлер партия­сының құрамында әрекет етті. Сол жылдың 20 тамызында РК(б)П қатарына қабылданып, алғашқы күннен бастап Түркістан республикасындағы партиялық ұйымдастыру және үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласты. Т.Рысқұловпен бірге Әулиета уезіндегі аштыққа қарсы күрес шараларын ұйымдастыру жолында көзге түскен ол Түркістан республикасы кеңестерінің VI съезіне қатысып, Түркістан Орталық Атқару комитетіне, артынан Түрікатком шешімімен Түркістан Азық-түлік халық комиссариаты коллегиясына мүше болып сайланды. Осы қыз­меттерді атқара жүріп, Қабыл­бек Ташкенттегі кеңес өкіметі басшыларының басын жалмаған «Осипов бүлігін» басуға қа­тысады.

Түркістан АКСР кеңестерінің төтенше VII съезінде Т.Рысқұлов Түрікатком президиумы төраға­сының орынбасары және ТКП ІІ конференциясының шешімімен құрылған Мұсылман бюросының төрағасы болып сайланады. Тағы да Түрікатком мүшесі болып сайланған Қ.Сарымолдаев сәуір айының басында Түрікатком жанындағы Аштықпен күресетін орталық комиссияның төрағасы қызметін қабылдап алып, тамыз айына дейін республикадағы аштықты ауыздықтауға басшы­лық жасайды.

1919 жылдың маусымында Қ.Сарымолдаев Қызыл ар­мия­ның ерікті бөлімін ұйымдас­тырушы ретінде әскери қызметке ауысады. Бірақ тамыз айында бұл қызметтен босатылып, ТКП Әулиеата уездік-қалалық комитетінің және Әулиеата уездік-қалалық Мұсылман бю­росының төрағасы болып сайланды. ТКП Орталық коми­теті жанындағы Мұсылман бюро­сының Әулиеата уезіндегі өкілетті өкілі қызметін қоса атқа­рады. Осы жылдың қаза­нында Әулиеата уездік атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол осы қызметті атқарып жүрген уақытында атаман Анненковтың «Азап вагонынан» қалт-құлт етіп аман қалып, ақтардың Омбыдағы лагерінен әупірімдеп қашып шыққан С.Сейфуллин Әулиеатаға келген кезі туралы «Тар жол, тайғақ кешуде» былай деп жазады:

«...Исполкомның төрағасы Қабылбек Сармолдаұлы отыр­ған бөлмесіне кірдік. Тесіле қарай­мын. Алдында үстеліне қарсы отырған бір-екі орыспен сөйлесіп отыр. Біз кейінірек тұрған орындыққа отырдық. Ис­пол­комның төрағасы Сармол­даұлының аузына, бетіне қада­лып, сөздерін қадала тыңдап отырмын. Орыстар ақша бөлім­де­рінің басқарушылары тәріз­ді, әлі ұмытқам жоқ. Орыс қыз­меткерлер жұрттан ақша алып, ақша беру ретін қалай тәртіп­ке қою жөнін сұрап отырды. Сармолдаұлы кәдімгідей ақыл, жөн айтып отырды. Бір түрлі сүйініп кет­тім. Жап-жас жігіт, қазақ большевик, уездік исполкомның бастығы! Кәдімгідей жөн айтып, әмір айтып отыр. Бұл уездің совет үкіметінің ең басында отырған қазақ большевиктерін менің ең бірінші көрген кісім. Бұған едәуір қуандым». Одан әрі Қ.Сарымолдаевтың өзіне бірден сенім білдіріп, көрсеткен ыстық ықыласын, Әулиеатадағы Мұсбюроның жұмысына қал деп қаулы шығарып, өзін үгіттегенін, Әулиеата жігіттерінің жасаған сый-құрметін ризашылық сезім­мен еске алады. Сонымен қатар ол басқарған «үкіметтің» Ақмолаға дейін бару үшін қолына мандат ұстатып, астына ат мінгізгенін және қалтасына ақша салып, жолға керек-жарағын қамдап бергенін жазады. Мұның барлығы Қ.Сарымолдаевтың қазақ жігіт­теріне тән азаматтығын, тұлғалық қасиеттерін аша түседі.

Ол 1920 жылдың ақпан-қазан айларында Әулиеата уездік революциялық комитетінің төрағасы, ТКП Әулиеата уез­дік-қалалық комитетінің мүше­сі қызметтерін атқарады. Қай қызметті атқарса да тыңғылық­ты ісімен көзге түскен Қ.Сары­молдаев ТКП Сырдария губер­ния­лық комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және Түркістан АКСР Ішкі істер халық комиссариаты коллегиясының мүшесі ретінде еңбек етті. Бірақ Т.Рысқұлов отставкаға кеткен соң эмиссарлық орган – Тү­рік­­­комиссияның қолдауымен билік басына келген жаңа топ Т.Рысқұлов басқарған Мұс­бюроның мүшелерін, сондай-ақ Қ.Сарымолдаевты да қуғындай бастайды. Осыған байланысты ол сол кезеңдегі ел астанасы Орынбор қаласына қызмет ауыс­тырып, Қазақ АКСР Ішкі істер халық комиссарының орынбасары, басқару бөлімінің меңгерушісі әрі Коллегиясының мүшесі, сондай-ақ Түрікаткомның Қазақ АКСР ОАК жанындағы өкілетті өкілінің орынбасары қызметтерін атқарады. Осы қызметтерді атқара жүріп, Қазақ АКСР-індегі әкімшілік аппараты жұмысының жақсаруына атсалысты.

1922 жылы 12 қаңтардағы РК(б)П Қыробкомы Прези­диумының шешімі бойынша Қ.Сарымолдаев Ашыққандарға көмектесетін орталық комис­сияның Ақмола және Семей губернияларындағы төтенше өкілетті өкілі ретінде іссапарға жіберілген Ә.Әлібековтің көмекшісі ретінде бекітіледі. Түркістан АКСР-індегі аштыққа қарсы күресте үлкен қайрат көрсеткен Қ.Сарымолдаевтың 1921-1923 жылдары Қазақстанда болған алапат ашаршылықты ауыздықтауға байланысты ат­қар­ған жұмыстары да арнайы зерттеуді қажет етеді. Ол Орын­бор қаласында 1922 жыл­дың күзіне дейін жұмыс істеді.

1922 жылы қыркүйекте шаруашылығы ақсап жатқан Түркістан Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызме­тіне Т.Рысқұлов тағайындал­ғаннан кейін, көп ұзамай Қ.Са­рымолдаев Жетісу облыстық әскери-революциялық коми­те­тінің төрағасы болып та­ғайын­далды. Жетісу облысында жаңа экономикалық саясат­ты жүзеге асыру үшін орасан зор көлемде ұйымдастыру жұ­мыс­тарын жүргізді. Кеңес өкі­метінің билігін Жетісу облысы­ның қазақтары тек 1921 жыл­дың жазынан бастап сезіне бастаған болатын. Осы жылдың соңында Түркістан республикасы басшылығының нақты іс-шараларының нәтижесінде, Жетісу облысының уездерінде алғаш рет кедейлер комитеттері құрыла бастады. 1921 жылғы Жетісудағы жер-су реформасы өз мақсатына толық жете алмаса да, қазақ халқының кеңес өкіметіне деген сенімін оятты. Кеңес өкіметінің кедейлердің балаларын тегін оқыту жолындағы бастамасы аясында 1922 жылы кейбір қазақ ауылдарында мек­тептер ашыла бастады. Ол Же­ті­су облыстық әскери рево­лю­циялық комитетінің төрағасы болған уақытта барлық уезд ор­талықтарында кедей балаларына арналған мектеп-интернаттар ұйымдастырылды.

Жетісу облысын басқаруда іскерлігімен көзге түскен Қ.Са­рымолдаев 1923 жылы 12 тамызда Сырдария облыстық атқару комитетінің төрағасы қыз­метіне тағайындалып, ТКП облыстық комитеті атқару бюро­сының мүшесі болып сайланды. 1924 жылы 11 наурызда оның үстінен партиялық-қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары аяқталғанша барлық қызметінен уақытша босатылды. Ал 1924 жылы Хорезм республикасы Жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссарының орын­басары қызметін атқарып, Хиуа қаласына тұрақтады. Осы қыз­метте жүріп, Жөнейт ханның бандасын талқандау операциясына қатысты.

1924 жылдың күзінде Түр­кістан АКСР-інде ұлттық-тер­ри­ториялық межелеу саясаты жүргізіліп, Сырдария және Жетісу облыстары Қазақ АКСР-і құрамына қосылғаннан кейін Қ.Сарымолдаев Қазақ АКСР-інің Өзбек КСР-індегі өкілетті өкілі ретінде Ташкентте қалды.

1925 жылы 27 наурызда РК(б)П Қырғыз (қазақ) өлкелік коми­тетінің бюросы РК(б)П Орталық комитетінің қаулысын орындай отырып, хатшылықтың барлық мүшесін Қырөлкеком хатшылары деп есептеу туралы қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес В.Нанейшвили – бірінші хатшы, С.Қожанов – екінші хатшы, Н.Ежов үшінші хатшы болып бекітілді. 1925 жылдың 15-19 сәуірінде Ақмешіт қаласында өткен Қазақ АКСР кеңестерінің V съезінен кейін Қазақстанда билігі күшейе түскен С.Қожанов В.Нанейшвили 1925 жылдың жазында Мәскеуге кеткеннен кейін толықтай билік жүргізе бастады. Атап айтқанда, С.Қо­жанов шілде-қыркүйек айларында Қазөлкекомның бірін­ші хатшысының міндетін ат­қар­ды. Дәл осы кезеңде, 1925 жылғы 16 тамызда өткен Қа­з­­өлкеком хатшылығының мә­жі­лісінде «жолдас Сары­мол­даев туралы» мәселе қара­лып, Қ.Сарымолдаевқа Қазөлке­комның қаулысына бағынбағаны үшін сөгіс жариялап, оның тез арада Қазөлкеком қарауына келуін ұсынған шешім шығарды. Бірақ қайтпас қайсарлығы мен бірбеткейлігі бір басына жететін Қ.Сарымолдаев С.Қожанов Қа­­зақ­станнан кеткенге дейін Қазөл­кеком қарауына келе қоймады.

1925 жылы 1 қарашада Қ.Са­рымолдаев сол кезеңдегі Қазақ­станның астанасы Қызылорда қаласына келіп, Қазақ АКСР Халық шаруашылығының орталық кеңесі президиумының мүшесі ретінде қызметке кірісті. БК(б)П Қазөлкекомы бюросының мәжілісінде «жолдас Сарымолдаевты Өлкелік комитет аппаратында пайдалану туралы» мәселе қаралғанымен, оны бұдан былай да шаруашылық жұмыстарға пайдалану туралы шешім қабылданды. Ол Қазақ су шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне та­ғайын­далып, бұл лауазымда ерекше еңбек сіңірді. Қазақ жер­лерін суландыру мен Шардара су қоймасын салу бағытында ора­сан зор ұйымдастыру жұ­мыс­тарын жүргізді. Қазақ ОАК пре­зидиумы мәжілісінің шеші­мімен Қазақ АКСР Халық шаруа­шылығы орталық кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Қазақстандағы өнеркәсіпті дамыту бағытында көптеген идея­ны баспасөз бетінде тұрақты насихаттай отырып, мақта және кендір шаруашылығын, ұсақ қолөнер мен кен орындарын дамытуға көп күш салды.

1928 жылдың 2 мамыры­нан 1931 жылдың 25 қыр­күйегіне дейін Қазақ АКСР Мем­лекеттік жоспарлау комис­сиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Орынбасар деген аты болмаса, іс жүзінде осы үш жарым жылдан астам уақыт ішінде ол төраға қызметін үнемі атқарушы ретінде басшылық жасады. Қазақ Халық комисарлар кеңесі жанындағы Оты­рықшыландыру жөніндегі рес­публикалық комитеттің мүшесі болып сайланып, қыруар жұмыс атқарғанын, Қазақстандағы бесжылдықтың жоспарлары мен электрлендіру, аудандас­тыру және аудан орталықтары құрылысы, тұрғын үй құрылысы жұмыстарын жүзеге асыруда оның ерекше үлесі бар екенін айта кеткен ләзім.

Сонымен қатар Қ.Сарымол­даев Бақылау комиссиясы бюросының шешімімен БК(б)П Қазөлкекомының Гурьев окру­гіндегі бай шаруашы­лықтарын тәркілеу бойынша өкілетті өкілі болып тағайын­далса, кейін Орал округіндегі өкілетті өкілі ретінде қызметке кірісті. Оның осы бағытта атқарған қызметі де арнайы зерттеуді қажет етеді. Біздің қолымызда оның бұл бағытта атқарған жұмыстарына қатысты құжаттар болмағандықтан, тек қана атап өтуді дұрыс деп есеп­тейміз. Сондай-ақ БК(б)П Қазөлкекомының Бақылау комиссиясы Қ.Сарымолдаевты Орал округтік атқару комитетінің төрағасы қызметіне ұсынды. Бірақ көп ұзамай бұл ұсыныс қайта қаралып, шешімнің күші жойылды.

Қ.Сарымолдаев Қазақ АКСР Жер-су халық комиссариатының жанындағы Көшпелі қазақтарды отырықшыландыру жөніндегі комитеттің, кейіннен Қазақ АКСР ХКК жанындағы Оты­рық­шыландыру жөніндегі коми­теттің, Еңбек халық ко­мис­сариатының жанындағы Өн­дірісті жергіліктендіру (қа­зақтандыру) жөніндегі ведом­ствоаралық комитеттің мүшесі ретінде де қызметтер атқарды.

Оның Қазақ АКСР-інде атқарған ең ірі әрі қиын қызметі – Қазақ АКСР Жер-су халық комиссары болған кезеңі. Қазөлкеком хатшылығының шешімі бойынша Қ.Сарымолдаев Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары қызметінен босатылып, Қазақ АКСР Жер-су халық комиссары болып тағайындалды. Бұл шешім Қазақ ОАК Коммунистік фракциясының ұсынысы бойын­ша қаралып, Қазаткомда ма­құлданды. Қазақ халқының тең жарымын жайпаған алапат аш­тық уақытында мал басын сақтап қалу және өсіру, азық-түлік алмастырғыштарын даярлау, егін егу және оны жинау науқандарын жүргізуді басқару оның маңдайына жазылған екен. Солақай саясаттың құрбаны болған халықтың қырылып жатқанын өз көзімен көре жүріп елге қызмет етуден өткен ауыр қасірет болмас, сірә.

1918-1919 жылдары Түр­кістан Республикасында бол­ған алапат ашаршылықты ауыздықтап, жергілікті халықты аштықтан құтқаруға ерен еңбек сіңірген Қ.Сарымолдаев халықты аман алып қалудың бірден-бір жолы – ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, ұжымдастыру кезінде қырылған мал санын біртіндеп көбейту, егіс көлемін қайта қалпына келтіру екенін жоғарғы басшылыққа ашық жеткізіп, жасаған баяндамалары мен мерзімді басылым беттерінде жариялаған мақалаларында ашық білдірді.

Қ.Сарымолдаев Қазақ АКСР Жер-су халық комиссары қызметін атқарған кезеңде кейіннен ірі қоғам және мемлекет қайраткерлеріне айналған А.Нүсіпбеков, Н.Өмірзақов, М.Бейсебаев сияқты қазақ жас­тарына ағалық қамқорлық жасады.

1933 жылдың 22 тамызынан 1934 жылдың 12 тамызына дейін Қабылбек Сарымолдаев Қазақстанда аштықтың зардаптарын жою кезеңіндегі аса жауап­ты уақытта Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Осы қызметте жүріп, сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Стакунмен тіл табыса алмады. Облыстың өндіріс орындарындағы шаруа­шылық жұмыстарында кеткен қателіктерге обком басшысы облыстық атқару комите­тінің төрағасын кінәлады. Ал Қ.Са­рымолдаев болса, өз кезегінде бұл қателіктердің шығу төркініне үңілді. Бұл тартыстың ақыры – 1934 жылдың 1 шілдесінен бастап 1,5 айлық еңбек демалысына шыққан Қ.Сарымолдаевты М.Стакунның ешкіммен келіспей қызметінен сырттай алып тас­тауымен аяқталды. Бұл шешім БК(б)П Қазөлкекомы бюросының тарапынан мақұлданып, Қ.Сары­молдаев «кеңестерге өте әлсіз басшылық жасағаны үшін, астық жинау науқанын ұйымдастыру және өткізу ісінде большевиктік жұмыстың болмағаны үшін» партиялық жүйе бойынша қатаң сөгіс беріле отырып қызметінен босатылып, төменгі қызметке ығыстырылды. Сонымен қатар облыстағы тиісті жұмыстарды дұрыс атқара алмаған М.Ста­кунның өзі де қызметінен алынды.

БК(б)П Қазөлкекомы мінезді Қабылбекті Торғай аудандық атқару комитетінің төрағасы қыз­метіне жіберді. Ол бұл қыз­метті 1934 жылдың 23 қазанынан 1936 жылдың 29 наурызына дейін атқарып, ауданның ша­руа­шылығын көтеруге бар күш-жігерін жұмсады. Торғай қазақтарының 1916 жылғы көте­рі­лісін зерттеуге мұрындық болып, Амангелді Иманов туралы тұңғыш фильмнің түсірілуіне себепкер болды.

1936 жылдың 29 наурызынан 22 қыркүйегіне дейін КСРО Тамақ өнеркәсібі халкоматының Қазақстан бойынша өкілетті өкілінің орынбасары қызметін атқарды. Кейін өкілетті орган Қазақ АКСР Тамақ өнеркәсібі халкоматы болып қайта ұйым­дас­тырылып, ол халық комис­сарының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы қызметті атқарып жүрген ол 1937 жылы 26 маусымда «ха­лық жауы» деген жаламен тұт­қын­далып, 28 маусымда қызме­тінен алынды. 1938 жылы 25 ақпанда «халық жауы», «жапон тыңшысы» деген жаламен ату жазасына кесілді. 1958 жылы 29 мамырда Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті хатшылығының шешімімен ақталды.

Қайраткердің отбасы да қуғын-сүргінге ұшырады. 1937 жылы Дондағы Ростов Теміржол транспорты инженерлері инс­титутын бітірген туған інісі Мүсірепбек Сарымолдаев «ха­лық жауының» туысы ретінде ұсталып, негізсіз айыптармен 10 жылға сотталып, Воркутаның шахтасында мерзімін өтеп, дімкәс болып елге орналғаннан кейін қайтыс болады. Жұбайы Майнұр «халық жауының» жары ретінде ұсталып, 1938 жылы 10 маусымда еңбекпен түзеу лагеріне 8 жылға кесілген.

 

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,

Ордалы ҚОҢЫРАТБАЕВ