Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Спикер алға тартқан мәліметтер бойынша, жасы келіп зейнетке шыққан азаматтар мемлекет тарапынан жолға қойылған жүйелі қызметтерді пайдалана алады. Атап айтқанда, елорда зейнеткерлерінің жылына бір рет Щучинск-Бурабай курорттық аумағында, Қатаркөл көлінің жағасында орналасқан Қарттар мен мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығында демалуына әрі емделуіне жан-жақты жағдай жасалған. Жасы бойынша зейнеткерлер жолдама құнының 25%-ын және ең төмен мөлшердегі зейнетақы алатындар 18%-ын ғана төлеуге болады. Ал Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, оларға теңестірілген тұлғаларға тегін.
– Стоматологиялық протездеу қызметі екі жылда бір рет көрсетіледі. Биыл Астана қаласында тіс протездеуге және ауыз қуысының протезіне дейінгі санитарлық тазалауға 3 мың орын бөлінді. Қазіргі уақытта тіс протездеу және санитарлық қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Одан кейін мемлекеттік сатып алу өткізіледі. Нәтижесінде, қызмет көрсетушімен, стоматологиямен шарт жасалады. Одан әрі БАҚ арқылы қала тұрғындары екі жылда бір рет берілетін тіс протездеуіне жазылу уақыты мен орны туралы құлақтандырылады, деді А.Таласова.
Сонымен қатар аталған басқарма өкілінің айтуынша, Қарттар күніне орай (1 қазанда) 2,5 АЕК көлемінде бір реттік ақшалай төлемдер беріледі. Бұған қоса қатты отынды сатып алу бойынша әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы төрт ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын, отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда пешпен жылытатын жеке тұрғын үйде тұратын, оның жеке меншік иесі (жалға алушысы) немесе иесінің отбасы мүшелері болып келетін зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға, әлеуметтік мәні бар ауруларға шалдыққандарға, көпбалалы аналарға және көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйлерінің түлектеріне көрсетіледі. Өтемақы 16 АЕК көлемінде жылу мерзіміне төленеді. Сондай-ақ тұрғын үйді газдандыруға берілетін біржолғы әлеуметтік көмек те осындай. Газ қазандығын салу және монтаждау бойынша шығындарды өтеу – 130 АЕК-тен аспайтын сомада.
– Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға бір реттік әлеуметтік көмек мүгедектігі бар тұлғаларға көрсетіледі. Ал дәрі-дәрмек сатып алу және медициналық қызметтерді алу шығындарын жабуға арналған төлем жылына бір рет ақшалай 13 АЕК көлемінде беріледі. Табиғи зілзала немесе өрт салдарынан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік көмек ақшалай төлем түрінде мына көлемде ұсынылады: жалғыз тұрғын үйге елеулі зиян келтірілген, бүлінген, жойылған жағдайда отбасына – 400 АЕК; отбасы мүшелері қайтыс болғанда, қаза болғанда – 150 АЕК. Сондай-ақ елордада тұрақты тұратын және тұрғын үйдің меншік иелері болып саналатын аз қамтылған отбасыларға, коммуналдық төлеуге жұмсалатын шығындардың жиынтық табысынан 5% асатын отбасына берілетін «тұрғын үй көмегін тағайындау» мемлекеттік қызметі көрсетіледі. Бұл төлемнің орташа көлемі – айына 25 мың теңгеге дейін, деді А.Таласова.
Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын адамға, отбасына орташа табыс пен кедейлік шегі арасындағы айырма ретінде шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі. Бұл ретте Астана қаласында 2023 жылдың 1-тоқсанында кедейшілік шегі 35 265 теңгені құрағанын айта кеткен жөн. Бұған қоса елордада зейнеткерлер үшін жолаушылар көлігі маршруттарында тегін жүру қарастырылған.