Қайырым жасаудан Қарағандыда қалыс қалғандар кемде-кем. Кәсіпкерлер қаржылай және қажетті тауар түрінде қол ұшын созса, көпбалалы аналар мен студенттер қауымы акцияға мұрындық болды.
«Кәсіпкерлер ақша және қажетті тауарлар түрінде гуманитарлық көмек көрсетті. Бұл – ірі компаниялар, орта және шағын бизнес өкілдері. Олардың арасында Түркиямен бизнес-серіктестік орнатқан кәсіпкерлер де бар», дейді Қарағанды облысының кәсіпкерлік палатасының баспасөз қызметі.
«Шаңырақ» көпбалалы отбасылар орталығы қайырымдылық аясында жиналған қаржыға Осакаров ауданындағы тігін цехынан жүзден аса көрпе сатып алды. Ал Ақтоғай ауданындағы көпбалалы ана Дәмет Дуанбекова зардап шеккен бауырларға арнап, көрпешелер тігіпті. Қайырымдылық аясында көптеген көрпе-жастық, балаларға арналған заттар, жөргек және өзге де қажеттіліктер жинақталған екен.
Қайырым жасаудан жоғары оқу орны студенттері де тысқары қалған жоқ. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті студенттері осы мақсатта жәрмеңке ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Олардың арасында мехенди шеберлері де, экожобаға қатысушылардың өнімдері де бар. Түскен 2 млн теңге көлеміндегі қаражат түрік бауырларға жіберілген.
Ал облыстың Жастар ресурстық орталығының жанынан ашылған гуманитарлық көмек жинау пунктінде еріктілер күнде кезекшілік атқарады. Еріктілер қараша халық әкелген заттарды қабылдап, оны сұрыптап, буып-түйеді. Халық көбіне киім-кешек, төсек-орын жабдықтарын әкеп беріпті.
«Қарапайым адамдардың осынау игі істе белсенділік танытқаны қатты қуантты. Ересектермен бірге олардың балалары да, немерелері де келді. Егде жастағы ерлі-зайыпты адамдар бірнеше жаңа көрпе, балалардың жаңа аяқкиімдерін тапсырды. Халық бейжай отыра алмаймыз деп, шын жүректен көмек беріп жатыр», дейді фронт-кеңседегі жастар.
Мұндай жинақтау пункттері облыстың барлық қала-ауданында ұйымдастырылды. Халықтың шынайы пейілі мен ыстық ықыласын арқалаған бұйымдар Түркия елшілігіне жіберілді.
Қарағанды