Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Кеңес үкіметі кезінде энергетика саласы үш бағытта қарастырылған еді. Еліміздің Еуропа бөлігін – атом, Сібір бөлігін – гидро, ал Орталық Азия республикаларын гидро және қатты отынға арналған стансалармен қамтамасыз етуді жүзеге асырды. Екібастұздағы Жылу энергетика орталығы сол өзінен шығатын көмірге арналған. Оның қазандық агрегаттары кеңес заманында орнатылған. 50-60 жылдан бері тозығы жеткен техникалық жабдықтар сын көтермейтінін қыс маусымы көрсетіп берді.
Кешегі алапат апат айтпай келген жоқ. Соңғы он жыл бедерінде қазандықтар мен жылу тасымал магистралдарынан ақаулар шығып, ескертулер жасалды. Көмірдің сапасын да өте жоғары деп айта алмаймын. Таза жанса күлі соншалық көп болмас еді ғой. Оның айнала қоршаған ортаға тигізер зияны қаншама. Сол ескірген қазандықтарды әрең жөндеп, құбырлардың жарылған жерлерін жамап, қайта іске қосумен болды. Әкімдер мен стансаның қызметкерлері осымен іс бітті деп арқаны кеңге салған. Жоқ. Бұл өздерін алдағанмен бірдей. Ішкі миграция есебінен қалалар көлемі өсіп, жылу қажеттілігі жылдан-жылға артып келеді. Келер жылдың қысында осы келеңсіз жайдың қайталанбасына кім кепіл?! Сондықтан қазандықтарды бүгінгі талапқа сай заманауи жаңаларымен ауыстыру қажет. Кеңес заманында қазандық шығаратын зауыттар Барнаул мен Подольск қалаларында орналасқан болатын. Оларды іске қосу үшін білікті әрі білімді мамандар қажет. Мамандардың білімді болғаны жақсы-ау. Бірақ жылдармен жинақтаған іс-тәжірибесі болмаса, істің көзін табу оңайға түспейтіні тағы бар.
Мен құралпы аға буын өкілдері кеңестік жоғары білім беру жүйесі елегінен өттік. Өзім әуелі Шымкент облысының Арыс қаласында тепловоз депосындағы Шоқан Уәлиханов атындағы жұмысшы жастардың кешкі орта мектебін, одан кейін В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) тәмамдап, еңбек жолымды «Казэнергоналадка» мекемесінде инженер болып бастадым. Басшымыз Кежек Ысқақов орыс тілінде де еркін сөйлейтін, энциклопедиялық білімі бар кісі еді, маған қай жағынан да үлгі болды. Жұмыс барысында кәсіби білімімді ұдайы жетілдіріп отырдым. Бұл ретте шеберлігімізді шыңдайтын сан алуан іссапарлар мен кездесулердің әсері орасан болды. Сөйтіп жүріп Мәскеудегі Серго Орджоникидзе атындағы басқару институтының аспирантурасына түстім. Сонда жүріп «Екібастұз көмірін қолдану аясындағы кейбір сұрақтардың шешімін іздестіру» тақырыбын ұсынып, оны ғылыми жетекшім экономика ғылымдарының докторы, профессор Евгений Штейнгауз ә дегенде қабыл алды. Диссертациямды И.П.Крапчин, Л.И.Албегова, И.И.Конья, Р.Е.Лещинер, Б.Л.Пекин сияқты ғалымдар шұқшия қарап, сұрақ жаудыратын. Зауыттар сапалы көмірге арнап, сол кездегі технологиялық, техникалық жетістіктерге сай қазандықтарды шығарып, өндіріске жіберген. Бір қарағанға мінсіз-ақ. Алайда мен қазандықтың әлі де жетілмеген жақтарын Екібастұзда көрініс бергенін алға тарттым. Мұнда қазандықтың ғылыми негізін жасаған бұрынғы ғалымдар Екібастұз көмірінің басқалардан ерекшелігін ескермегенін, оның қазандықта жанған кезде 50 пайызына дейін күлге айналатынын, сол қалдықтың «абрагивтік» қасиетін қаперлерінен шығарып алғанын, қазандық ескірген сайын сапасыз көмір оның жұмыс істеу мүмкіндігін одан сайын қиындатып, экологияға кері әсерін тигізіп жатқанын ашып айттым. Кандидаттық диссертациямды қорғау барысында осы кемшіліктерді анықтап қана қоймай, қазандықтың басқа да ақауларын түзетудің тиімді жолдарын көрсетіп, өзімнің ғылыми тұжырымдарымды дәлелдеп шықтым. Кеңес мүшелері ұзаққа созылған айтыс-тартыстан соң, ғылыми жаңалығымды бір кісідей қолдап «Келешегі бар ғылыми еңбек» деп оң бағасын берген болатын.
Соңғы жылдары Петропавл, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Балқаш, Теміртау және Риддердегі жылу-энергия орталықтарындағы туындаған олқылықтар мен кешегі Екібастұздағы апатты жағдай осы саланың маманы ретінде менің де жанымды ауыртты. Апатты күннің ертеңіне-ақ облыстарда қызмет еткен өзім құралпы мамандармен хабарласып, пікір алыстым. Бізге энергетиканың кәсіпқой, білікті мамандары жетіспей жатқандай көрінді.
Энергетика – экономикалық дамуымыздың негізгі өзегі. Ол өндірісте де, ауыл шаруашылығында да пайдаланылады. Қазір ел алдында энергетика саласын түбегейлі әрі бүтіндей жаңартудың аса маңызды міндеті тұр. Мұны нағыз жанашыр мамандарсыз іске асыра қою қиын. «Ауруын жасырған өледі» демекші, қазіргі мамандарға көңілім тола бермейді. Біраз энергетик жастармен сөйлесіп, байқағаным – көбінің сауаты төмен. Әрине, барлығы сондай деуден аулақпын. Ішінде білімді, біліктілері де бар. Ондай мамандардың санының аздығы жанға батады. Әдетте «Бәрін де маман кадрлар шешеді» дейміз. Ал сондай білікті мамандарымыз болса, осындай апатқа жол берер ме еді? Стансаның жұмысын күн сайын қадағалап отырған жауапты энергетик-инженерлер тозған құбырлардың жоғары қысымды көтере алмайтынын қазандықты іске қосатындарға қалай ескертпеген. Демек өз қызметіне жетік емес деген сөз ғой. Ал білім-білігі жоғары деңгейдегі мамандарды табан астында қалай дайындай аламыз?
Екібастұз апаты энергетик дайындайтын жоғары оқу орындарына сын. Шағын қалаларға қоныстанушылар саны жылдан-жылға артып, көпқабатты тұрғын үй қатары барған сайын ұлғайып келе жатқан шақта жылу-энергия орталықтарының қызметі де еселеп өсіп жатыр. Бұл қаланың инфрақұрылымын дұрыс жүргізуді талап етеді. Әсіресе, қол жете бермейтін жерасты жұмыстарын анықтап отыратын автоматтандыруды реттеу күрделі мәселе болып тұр. Егер осы Екібастұздағы техникалық апатты бүгін дұрыс шешіп, жөнге қоймасақ, ертең бармақ тістейтініміз анық. Бұл елдігімізге, энергия инженерлеріне сын. Оның үстіне дәл Екібастұздағыдай болмағанымен Өскемен, Семей, Қостанай, Атырау, Риддер және басқа қалалардың жағдайлары да мәз емес. Олардағы жылу орталықтары құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұр.
Жоғарыда айтқанымыздай Екібастұз көмірінен шығатын күн аз емес. Соған байланысты қазан агрегатының артқы бөлігі қатты металдан жасалуы керек. Осыған бүгінгі энергетик-инженерлер көңіл бөліп жүр ме? Күмәнім бар.
Алдымызда тозған қазандықтарды, жылу тасымалы құбырларын жаңалай міндеті тұр. Оны жүзеге асырудың тиімді жағын қалай ұйымдастырамыз? Тығырықтан шығар жолды Үкімет тапсын деп біз қалай ғана қол қусырып отырайық. Ондайға мына менің арым бармайды. Кейінгі мамандарға білгенімді, ойға түйгенімді айтпасам еліме деген жанашырлығым қайсы? Жаңа қазандықты орнату мен жерасты жылу тасымал жүйелерін жүргізу күрделі әрі қиын жұмыс. Қазақ «Істің көзін тап» дейді. Жылудың техникалық жабдықтарын бір-біріне математикалық дәлдікпен жалғамасаң, бар ісің босқа кетті дей бер. Біріншіден уақыттан ұтыласың, екіншіден шығынға батасың. Зейнеткер деп дәрежелемесе, біздің де әлі көп істің күрмеуін шешу қолымыздан келеді. Ойымыз жеткен жерге қолымызды жеткізе аламыз.
Тағы бір ескеретін жайт, қазандықтарға қатты отынның сапасы үлкен әсер етеді. Екібастұз ашық көмір бассейнінің бағасы арзан. Өйткені сапасы төмен. Соны жаппай қазғаннан гөрі кейбір мамандардың айтып жүргеніндей шығыны болса да талғап, таңдап қазу тәсілінің жаны бар-ау деймін. Бұл қазандық жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық ахуалға оң әсерін берер еді.
Адам денсаулығынан қымбат не бар? Немесе оның сапасын көтеретін қайта өңдеу фабрикасы қажет. Үкімет инвестицияның көзін тапса, бұл да шешілетін мәселе.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатын қолдаймын. Әзірге тығырықтан шығар жол сол болып тұр. Түптеп келгенде мақсатымыз жаңа инвестициялар тарту арқылы коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту ғой. Алдымызда үлкен міндет тұр. Бәріміз бір кісідей жұмылып, осы шараны жүзеге асыруда өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмаудың тиімді жолын қарастырсақ, оң іс болар еді.
Сәкен СЕЙДУӘЛИЕВ,
экономика ғылымдарының кандидаты