18 ақпан күні үміткерлерді тіркеу аяқталып, сайлауалды үгіт-насихат басталды. Енді Мәжілістегі мажоритарлы жүйе бойынша бөлінген 29 орынға талас қызбақ.
Былтыр Ата Заңымызға енгізілген толықтыру мен өзгерістерге сәйкес биылдан бастап Мәжіліс депутаттарын сайлау пропорционалды-мажоритарлы жүйе бойынша өтетінін талай мәрте жаздық. Бұған дейін төменгі палатада 107 депутат болса, конституциялық реформадан кейін олардың саны 9 депутатқа қысқарғанын еске сала кетейік. Осылайша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағы бойынша Мәжілістің 69 депутаты, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 29 депутат сайланады. Бүгінгі мақалаға арқау болған да осы кейінгі топқа кіретіндер.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша 609 кандидат саяси бәсекеге қатысуға өтініш білдірген. Соның 79-ы елімізде ресми тіркелген 7 саяси партия атынан додаға түспек. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер тарапынан 5 үміткер ұсынылып отыр.
Ең қызығы һәм ерекше айта кетерлігі, мажоритарлы жүйе бойынша сынға түсетін үміткерлердің басым бөлігі, яғни 525 кандидат өзін-өзі ұсынған. Бұл – бір мандатты округ бойынша өтініш білдіргендердің 86,21 пайызы. Дегенмен ұсыныс жасау бір бөлек те, кандидат атану мүлдем бөлек мәселе. Сондықтан шығар, тіркелгендер саны 435 адамды құрап отыр. Яғни орташа есеппен бір орынға 15 үміткерден таласады. Тіркелгендердің 359-ы немесе 82,53 пайызы өзін-өзі ұсынған. Мұның бәрі азаматтардың белсенділігін, саяси бәсекенің қызу жүріп жатқанын көрсетеді. Әрине, депутаттың жылы орнына кімнің өтіп, кімнің сағы сынатыны мүлдем бөлек мәселе. Әйтсе де, сайлауға қатысуға тілек білдіргендердің көптігі «тоғызыншы территорияның» саясат тақтасындағы «тектоникалық жылжуды» байқатады.
Енді, бір мандатты аумақтық сайлау округтерінен кімдердің саяси бәсекеге араласып жатқанына тоқтала кетейік. Әлбетте, бір үміткерді жеке дара атап, оның шашбауын көтеру ойымызда жоқ. Бірақ халық арасында белгілі бір деңгейде танылған, елге сіңірген еңбегі бар азаматтар туралы аз-кем мәлімет бергеннің әбестігі жоқ шығар деп ойлаймыз.
Мәселен, «Amanat» партиясы мажоритарлық жүйе бойынша додаға түсуге 29 үміткерін үкілеп қосып отыр. Солардың арасында талай жыл Парламентте еңбек еткен, заң шығарушы органның ұңғыл-шұңғылын жете білетін Нұртай Сабильянов бар. Қайраткер Абай облысы атынан сайлауға түседі. Сондай-ақ Сеул Олимпиадасының грек-рим күресінен күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов та биылғы бәсекеге қатыспақ. Даңқы балуан Астана қаласындағы №1 сайлау округінен сайлауға қатысады. Бұдан бөлек, «Amanat» тізімінде VІІ шақырылым депутаты болған Еділ Жаңбыршин де бар.
Осы орайда, Астана қаласында бәсеке қызып тұр. Елордадағы екі сайлау округінде 41 және 42 үміткер тіркеліпті. Бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Демек, наурыздың ортасында күн мен күн теңелуге ұмтылып қоймай, кандидаттар да Мәжілістегі екі орын үшін таласады. Саяси бәсекенің көркін қыздыратындар да осы бас қаланың үміткерлері секілді. Өйткені тіркелгендер арасында елге танымал азаматтар жетерлік.
Мәселен, жүгіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Марат Жыланбаев Астана қаласының №1 сайлау округі бойынша құжат өткізді. 1963 жылы туған спортшы «Гиннестің рекордтар кітабына» жеті рет енген. Сондай-ақ әлемдегі ең үлкен шөлдерді жүгіріп өткен жалғыз адам. Келесі үміткер – қоғам белсендісі, «Avrora Garden Group» ЖШС бас директордың кеңесшісі Арман Шораев. Сонымен қатар «Amanat» атынан қатысып жатқан танымал кино және театр актері Ерік Жолжақсынов та елордадағы аймақтық сайлау округі бойынша сынға түседі.
Мәжіліс депутаттығына елордадан үміткерлер қатарында белгілі алаштанушы Сұлтанхан Жүсіп те бар. Белгілі блогер Дәулет Мұқаев та Мәжілістегі бір мандаттан үмітті. Баспана мәселесін шешу бойынша түрлі кеңес беріп жүрген блогер қазіргі таңда ел арасында «Дәулеттен» есімімен танылған. Бұдан бөлек, тағы бір блогер Яков Федеров та Астана қаласы бойынша №2 сайлау округінен үміткер атанып отыр.
Алматыда да Парламентке барып, халықтың мұң-мұқтажын жоқтаймын дейтін танымал тұлғалар саны жетерлік. Мәселен, Қазақстанның халық әртісі, Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай әл-Тарази құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына өткізді. Сондай-ақ қоғам белсендісі, оппозициялық «DAT» газетінің редакторы Ермұрат Бапи де додаға қатыспақ. Жанға жайлы Алатаудың бөктерінен Мәжіліс үшін сарқыраған сары аязы бар Сарыарқаға келемін деген танымал тұлғалар тізімі мұнымен бітпейді. «ХАҚ» қоғамдық қайырымдылық қорының атқарушы директоры Тоғжан Қожалы, KazTAG халықаралық ақпараттық агенттігінің жетекшісі Әсет Матаев, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов, қоғам белсендісі, экономист, саясаткер Мұхтар Тайжан, кәсіпкер Санжар Боқаев, ғалым, заңгер-әлеуметтанушы, заң ғылымдарының докторы Халида Әжіғұлова, азаматтық белсенді, тіркелмеген демократиялық партия жетекшісі Инга Иманбай секілді азаматтар бар.
Сондай-ақ басқа өңірлерде де кейінгі жылдары аты шыққан азаматтар үміткерлікке ұсынылды. Атап айтсақ, 2016 жылғы жерге қатысты митинг кезінде белсенділігі үшін сотталған Макс Боқай Мәжіліс депутаттығына Атырау облысы бірмандаттық аумақтық №13 сайлау округі бойынша құжат өткізді. Бұған дейін Мәжілісте депутат лауазымына бірнеше рет сайланған, қоғам қайраткері Ирак Елекеев те жаңа құрамнан үмітті. Заңгер, қоғам қайраткері Абзал Құспан да Батыс Қазақстан облысының №14 сайлау округі бойынша өзін-өзі ұсынды. Ол – қаңтар оқиғасы бойынша құрылған «Amanat» қоғамдық комиссиясының төрағасы. Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейінің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі, Өмір Шыныбекұлы Шымкент қаласындағы №7 сайлау округіне керекті құжаттарын өткізді.
Әлбетте, басқа үміткерлердің елге еңбегі сіңбеді деп айта алмаймыз. Олардың бәрі өз саласында табысты жұмыс істеп, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында қызмет етіп жүргені анық. Жоғарыда аты аталған азаматтардың қай-қайсы да Мәжілістің депутаты атануға лайық-ақ. Бірақ бір сайлау округінен додаға түсетіндерінің біреуі ғана мерейлі орынға жайғаса алады.
Ендігі кезекте, Мәжіліске сайлану ережелері туралы аз-кем ақпарат бере кетейік. Парламент Мәжілісінің депутаттығына соңғы 10 жыл бойы Қазақстан аумағында тұратын, 25 жасқа толған азамат кандидат бола алады. Заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам және сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсі заңда белгіленген тәртіппен сотта анықталған адамның Мәжіліс депутаттығына түсуі шектелген.
Мәжіліске үміткерлер заңға сәйкестігі анықталғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясының шотына белгіленген ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлеу міндеті белгіленген. Сайлау қорытындысы бойынша кандидат Мәжіліс депутаттығына сайланса немесе кемінде 5 пайыз қолдау иеленсе, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда жарна кандидатқа қайтарылады. Яғни биылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге екенін ескерсек, Мәжіліс депутаттығына сайлау жарнасы 1 млн 50 мың теңгені құрайды.
Қорыта айтқанда, биылғы сайлаудың ерекшелігі мол болып тұр. Әсіресе, мажоритарлық жүйе саяси бәсекенің көркін қыздыра түсетіні қазірден-ақ байқалады. Кімнің қосқан аты оза шауып, бәсі жоғары болатынын сайлау қорытындысы көрсетеді. Ең бастысы, биылғы Мәжіліс сайлауы ұйқыға кетуге шақ қалып, «Қасіретті қаңтар» оқиғасында шошып оянған қоғамның саяси өмірге белсенді араласа бастағанын айғақтайды.