Қоғам • 21 Ақпан, 2023

Қаңтарда көпбалалы отбасылар қанша жәрдемақы алды?

397 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл қаңтар айында көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы 532,6 мың отбасына 33,1 млрд теңге мөлшерінде төленген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаңтарда көпбалалы отбасылар қанша жәрдемақы алды?

Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді. Көпбалалы отбасылардағы:

- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;

- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;

- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;

- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;

- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге мөлшерінде.

Еске салайық, көпбалалы отбасыларға олардың табысын есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілген.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ға артқанын атап өтеміз.