Аталған додаға құқықтық тәртіп әскерінің «Оңтүстік» (Алматы қ.), «Орталық» (Қарағанды қ.), «Батыс» (Орал қ.) және «Шығыс» (Өскемен қ.) өңірлік қолбасшылықтары мен Ұлттық ұлан Академиясының (Петропавл қ.), 5573 (Астана қ.) және 6654 (Қаракемер кенті) әскери бөлімдерінің командалары қатысады. Барлығы жеті команда өзара бақ сынауда.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілері арасында өтетін чемпионаттың мақсаты — әскери қызметшілердің дене шынықтыру дайындығы мен спорттық шеберлігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, облыстық және республикалық чемпионаттарға, құқық қорғау органдары, ІІМ арнаулы және күштік құрылымдары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен шет елдер арасындағы жарыстарға мықты спортшыларды іріктеу.
Спорттық жарыстың ашылу салтанатында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысының орынбасары полковник Павел Ситников сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, спортпен тұрақты айналысып, салауатты өмір салтын орнықтырудың маңызын атап өтті.
Одан кейін мінбеге Орал қаласы әкімінің орынбасары Нұржанов Мирболат Сағынғалиұлы көтеріліп, әскери қызметшілердің арасындағы спортшылардың шеберлігін шыңдау өте маңызды екенін айтты
Сондай-ақ айтулы шарада Ұлттық ұланның Дене дайындығы және спорт бөлімінің бастығы полковник Абишев Сатжан және «Динамо» Дене шынықтыру спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары запастағы полковник Павел Ставкин, Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дәурен Мұқановтар да сөз сөйлеп жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ойын алаңына алғашқылардың бірі болып, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының командасы мен 5573 әскери бөлімінің волейболшылары шықты.
Жалпы жарыстың финалдық ойыны 23 ақпан күні өтеді.
Турнир жеңімпазына кубок, медальдар және бағалы сыйлықтар беріледі. Жүлдегерлер мен қатысушылар да марапатталады.