Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Соның ішінде Сәкен Сейфуллинді бірінші айтамыз. «Совет жерінің ұлы жазушысының ұмытылмас жанды бейнесі менің жүрегімде мәңгі сақталады және ол жүрегімнің соғуы тоқталғанша өшпек емес», деп толғады ақын. Ал Ілияс Жансүгіров бұрынырақта Горькийге жолығып, өз аудармасын бетпе-бет отырып оқып берген-ді. Сонда: «Мен оған «Дауылпаз жырының» өзім жасаған аудармасын оқып бердім, ол ерекше ықыласпен тыңдады. Содан соң ол менің қолымды қысып тұрып: «Қазақ тілін білмегеніммен, сіздің мені түсінгеніңізді сеземін», деп толқи сөйледі», деген.
Горький шығармалары тұңғыш рет жиырмасыншы жылдардың бас кезінде арагідік аударылса да жаппай жұмыла кірісу сезілмеп еді. Әдебиетіміздің енді-енді қанат жайған тұсында қыран-құс алып жазушыны өз деңгейінде аударуға мұрша болмағандай. Сөйтсе де, Горькийдің шағын әңгімелері жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында оқтын-оқтын жарияланып жатты. «Дауылпаз жыры», «Бақ» (аударған Мәжит Дәулетбаев), «1905 жыл» (аударған Нәзипа Құлжанова), «Суайт сарышымшық пен шыншыл тоқылдақ», «Сабаз», «Герой» (аударған Сәйділ Талжанов) шығармалары қазақша сөйледі.
«Мен жазуды қалай үйрендім» деген Горькийдің мақаласын сол кездің өзінде-ақ Ілияс Жансүгіров аударып бастырды. Дауылпаз жазушының шығармашылығы мен өмірбаянын баршаға таныстыру үшін Анатолий Луначарский әйгілі мақала жазып жариялаған еді. Бұл іргелі еңбекті Ғабит Мүсірепов өз ана тіліне тәржімалады. «Мәдениет төңкерісі мен осы күнгі әдебиет» атты туындыны да қазақ тілінде берген Мүсірепов болатын. Осы бір тұста қазақ авторлары Горькийдің өмірі мен шығармашылығына арнап жекелеген әдеби мақалалар да шығарды. Аударма ісіне мұндай еңбектердің көп септігі тиді. «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана» әңгімелерін Ғабит Мүсірепов сол уақытта аударды. Кейін «Ана» романына кірісті. Айта кетейік, бұл роман қазақ, татар, өзбек әдебиетіне көп ықпалын тигізді. Татар әдебиетінің классигі Ғалымжан Ибрагимов жазған «Бізнің күнләрі», Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі», өзбек әдебиетінің классигі Абдулла Қадиридің (Жұлқынбайдың) «Өткен күнләрі» – әрқилы ұлттық арнада берілген көлемді романдар. Бұлардың әрқайсысы да – белгілі бір мөлшерде Горький өрнегін алған үлгілі туындылар.
Ал 1935 жылы Мұхаметжан Қаратаев «Менің университетімді», Рахым Уәлиахметов «В.И.Ленинді» қазақшалады. 1936 жылы Ғ.Мүсірепов «Адамның тууын», Назыр Ноғайұлы «Кісі есігіндегіні» аударды. Ишахат Бегалиев «Балалық шақты» қазақ оқырманына 1939 жылы жеткізді. Әрі қарай жалғай берсек, Горькийге қалам тигізген аудармашылар жетерлік. Дегенмен жылдан жыл озған сайын әдебиетіміз де нығайып, қазақ тілінің нормалары қалыптаса бастады. Осы бір кезеңде орта буын өсіп, жаңа есімдер толқыны үдеді. Құрманбек Сағындықов, Мұхтар Жанғалин, Омарғазы Оспанов, Қалижан Бекхожин, Айтбай Хангельдин, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қуандық Шаңғытбаев, Жүсіп Алтайбаев тәрізді талантты авторлар лек-легімен көрініп жатты. Олардың қарулы қаламдары бірталай табысқа жетті. «Ана» романы, «Балалық шақ», «Кісі есігінде», «Шыңырау түбінде», «Егор Булычев», «Васса Железнова», «Дұшпандар», «Мещандар», «Құшнаш кемпірдің әңгімелері», «Италия ертегілері», «Фома Гордеев» романын ауыл оқырманы қызыға оқыды.
Заманның заңғар жазушысының айналасына түсірер шуағы да орасан. Аудармашы Сәйділ Талжанов бір мақаласында дауылпаз қаламгермен жазуда «жүздескендердің» бәрі Горькийше толғануға тырысты дейді.
«Біздің әдебиетте ана бейнесін жаңаша суреттеуді Ғабит Мүсірепов бастағандай. Бұл жөнінде оның қаламынан шыққан ана жайындағы новеллалары көкейіңнен кетпейді. Сәбит Мұқановтың «Менің мектептерім», Саттар Ерубаев жазған «Менің құрдастарым» атты романдарда да Горькийдің әсері, әсіресе «Менің университетім» деген туындының күшті әсері сиқырлы самалдай есіп тұрады. Алайда осылардың бәрі де өзінің ұлттық шеңберінен шықпаған төл еңбектер», деп жазады ол.
Иә, әсіресе кешегі кеңес қоғамында қазақ жазушылары да, оқырмандар да Горькийді көптен оқиды әрі көптеп оқиды. Горькийден өнеге алмаған, оған ұқсамаған һәм ұқсауға талпынбаған қаламгер некен-саяқ. Баяғыда 1930 жылы бір жас жазушы: «Көбінесе қандай материалға сүйенесіз?» деп сұрапты. Сонда Горький: «Көбінесе өз өмірімнің материалына сүйенемін, бірақ негізгі әрекет иесі өзім болып көрінуден қашамын, оның үстіне өмір хақында сөз толғаған өзіме тұсау болмас үшін, өзімді уақиғалардың куәсі ретінде қатыстырамын... Өйткені автор, біреуді сыпаттаймын деп, өзіне өзі сүйсініп, өзінің ақылына, біліміне, сөзінің ұтқырлығына, көзінің қырағылығына масаттанар болса, «көркем шындық» деп аталатын нәрсені бүлдіреді...» деген екен. Осы бір үзіндінің өзінен де талай-талай өнегелі ойдың сарынын ұғуға болады.