Жылыжай өнімдеріне «Jetisy green» деп атау берген кәсіп иесі, бұл дәмдеуіш шөптердің Талдықорғанның брендіне айналарын білсе керек. Қазір ел аумағына танымалдылығы артты. Әсіресе Астана мен Алматы секілді мегаполистердің сауда орындарының сәніне айналып үлгерген. Жергілікті дәмханалар мен мейрамханалар да осы өнім үшін кезекке тұрудан қашпайды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Овощепром» ЖШС жылыжай шаруашылығын ашуға жалпы көлемі 160 млн теңге инвестиция салынған. Мұнда қазір 10 адам еңбек етеді. Олардың орташа еңбекақысы – 100-110 мың теңге шамасында. Жалпы жұмыс уақыты кешкі 17.00-ге дейін, дегенмен қосымша жұмыс істеген сағаттары есептеліп, төлем жасалады. Күндігі – 7 мың теңге. Негізінен, 25 жастан асқан жастар жұмыс істейді
«Овощепром» ЖШС басшылығы қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуді назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, жылыжай шаруашылығы ұжымында жалғызбасты аналар да бар. Оларға қажет жағдайда қайтарымсыз көмек көрсетіледі. Ұжымның ұйысқан берекесінің арқасында кадрлардың бірі келіп, бір кетіп жататын сапырылысы болмайды. Жылыжай алғаш ашылғаннан жұмыс істеп келе жатқан жандар да бар. Қазір шаруашылыққа жоғары білімді, тәжірибелі агроном қажет.
Қазір бау-бақша егіп, өнімін табыс көзіне айналдыру үшін жазды күтудің қажеті жоқ. Істің қыбын тауып, тәуекел еткен адамға қыстың өзі кедергі бола алмайды. Үш жылдан бері осы іспен айналысып келе жатқан жылыжай иесі көк шөптің түр-түрін өсіруде. Аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын жерде батавияның қызыл және жасыл сорты, руккола, шпинат пен мангольд күтіп бапталады. Аптасына 3 мыңнан 6 мың түпке дейін көк шөп жиналады.
Жағдайын жасасаң, жылыжай жылына өнімді аямай береді. Жайлы ортада себілген тұқым шамамен бір жарым-екі айдың көлемінде иісі ерек, экологиялық жағынан таза өнімге айналады. Ары қарайғы тағдыры «Магнум», «Small», «Тоймарт» сияқты іргелі сауда желілері мен «Сельпо» эко өнімдер дүкенінің қолында. Өзге де шағын дүкендер алуға бейіл. Оның үстіне салат сауда сөрелеріне құтыдағы түбірімен арнайы қаптамада қойылады. Бұл салаттың одан әрі де өсе түсуіне, тауар түрін жақсы сақтауға көмектеседі. Ал енді бір шөп салат миксі түрінде оралады. Бұл ретте шөптерді аралас жинақтау қол жұмысы арқылы атқарылады.
Аяулым Қуанғалиева және оның командасы шүмектеп тер төгіп, қара жерге тасталған тұқым түйнек болып бой көтеріп, өнім болып жайқалғанша еңбектерін бір сәтке де тоқтатпайды. Себебі аталған компанияның жылыжай шаруашылығындағы алғашқы қадамы.
«Біз бұған дейін картоп, соя өсірдік. Қазір де соя өңдеумен айналысамыз, құс фабрикаларына арнап жем азығын өндіреміз. Ол – біздің негізгі ісіміз. Өндірістік аумағымызда бос учаске болғандықтан, онда халыққа пайдасы тиетін бір нәрсе өсіру керек деп шештік. Жалпы, бизнесті түрлі бағытта өркендетуге болады. Мысалы, тауарлы алып-сату арқылы да пайда табуға болады, ал бір нәрсе өндіргеннің жөні бір бөлек. Сондықтан азық-түлікті өз қолымызбен өсірсек деп жылыжай шаруашылығын қолға алдық. Учаске шағын болғандықтан алдымен түрлі көк шөпті өсіруден бастадық, оның үстіне көкөніс ретінде салат шөптеріне деген сұраныс қазір артып келеді. Әзірге жылыжайдың көп бөлігін салат шөптері алып тұр, дегенмен аздаған көлемде руккола, шпинат пен мангольд өсіріледі. Осылайша, ауыл шаруашылығының осы саласына бет бұрдық», дейді А.Қуанғалиева.
Оның айтуынша, мұнда голландиялық тұқым қолданылады. Салатты өсіру үшін бір түйір тұқым да жеткілікті, ал руккола мен мангольдтің ортақ тамыры жоқ. Олардың тұқымы – өте ұсақ, сондықтан оларды еккенде 10-15 түйір тұқымды бірақ себу керек болады.
Өсімдіктер өте бейімделгіш келеді. Бастысы, лайықты жағдай жасау. Бәрі де классикалық үлгі бойынша жарық беру, суару және қоректендіру тәсіліне бағынады. Бүгінде жылыжайда көп шөптің кезекті легін отырғызу маусымы басталған. Себілген тұқымның орындары қатаң карантинге қойылады. Неге десеңіз, тұқымның өніп шығуы үшін бірнеше тәулік керек, оған қоса қараңғылық пен ылғал да жеткілікті болуы шарт. Осындай талаптарды қатаң сақтағанда ғана мол өнімнен үміттенуге болады. Жылыжай ішіне газ жүргізілген, электр желісінде қиындықтар туындаған жағдайда ғана жеке генератор қосылады, мұндай қосымша шығындар кейде дайын өнімнің бағасына да әсер етіп жатады.
Жылыжай иесі жұмыс ауқымын кеңейте түссем дейді. Әрине, ол үшін мемлекет ұсынып отырған бағдарламаларды да пайдаланып көрген абзал. Оған қажетті жер учаскесі бар. Соның аясында субсидиялау бойынша жылыжайдың әр гектарына бөлінген қаржыға тыңайтқыштар, тұқым алуға мүмкіндік тумақ. Сөйтіп, шығынның орнын толтырып, табыстың көлемін арттыра алады. Әлбетте, тынымсыз еңбек етпей, ештеңе де өнбейді..
«Былтырмен салыстырғанда өндіріс көлемін 2 есе ұлғайттық. Осыдан ары қарай мемлекеттік қолдауға ие болсақ, әлі де кеңейе түссек деген ниеттеміз. Қаланың қажеттілігін толық жабуға біздің мүмкіндігіміз бар, кейде импорттық өнімдердің бағасы біздің жергілікті жерде өсірілгеннен төмен болып жатады. Сондықтан бұл жағынан қиындықтар да кездеседі. Біздің өнімдеріміздің сапасы импорттықтан бір мысқал да төмен емес, жаңа жұлынып алынған балғын, экологиялық таза», дейді А.Қуанғалиева.
Салмағы 150 грамм салаттың бір құтысы 450 теңгеден сатылады. Ал 130 грамм салат қоспасының пакеттері – 900 теңге. Тиісінше, дүкендерде құны бұдан жоғары саудаланады.
Қараңыз, былтыр Жетісу облысының аграрлық саласында 510 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін бюджеттен 23,6 млрд теңге қарастырылған екен. Соның 21 млрд теңгесі субсидияға бағытталыпты.
Жетісу облысы