21 Маусым, 2014

Жуалыда картоп жақсы өседі

461 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_8845Басқа-басқа, Жуалы жерінде картоп жақсы өседі. Бұған, бәлкім, осы топырақтың құнарлы, ауа райының қолайлы болуы да әсер ететін болар, сірә. Әйтеуір, соңғы жылдары Жуалы жұрты дақылдың осы түрінен көп өнім алуды жақсы меңгеріп келеді. Бүгінде өңірдің таулы-қырлы даласында картоп өсірумен 520-ға жуық шаруашылық айналысады. Әрине, барлығы дерлік ұсақ шаруашылықтар, бірақ, ешқайсысы да бұл кәсіп­­терінен қол үзгісі келмейді. Содан болар өткен жылы жуалылықтар картоп алқабын 1910 гектарға жеткізсе, биыл бұл көрсеткішті 2110 гектардан асырыпты. Сол көп шаруашылықтың ішінде «Зылиханың» шоқтығы биік. Осы істің көзін тауып, тынымсыз еңбегінің арқасында көп өнім алуға қол жеткізіп жүрген «Зылиха» шаруа қожалығы өткен жылы Ресей мен Голландиядан картоп әкелген болатын. Енді биыл бұл іске немістің озық технологиясын ендіріп, картопты голланд әдісімен екті. Жалпы сыйымдылығы 1 800 тоннаны құрайтын екі қоймасы бар болғандықтан қысты күндері облыс тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етумен қатар өнімдерін еліміздің түкпір-түкпіріне тасымалдайды. Әрине, әрбір тірлікті сараптап, мол өнімнің сыры мен қырын зерттеуден жалықпайтын «Зылиха» картоптан көп пайда барын білгеннен болар, жыл сайын алқап көлемін ұлғайтып келеді. «Өткен жылы 120 гектар жерге ектік, биыл картоп алқабын тағы 30 гектарға ұлғайттық. Былтырғы өнімнен 450 тонна картопты тұқым ретінде алып қалдық та, басқаларын сатып, табыс таптық», дейді шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев. Бүгінде елімізде картоп ша­руа­шылығын дамыту үшін көп жеңілдіктер жасалуда. Бұл, әрине, жуалылықтардың картоптан көп өнім алуына жақсы жағдай жасайды. «Зылиха» шаруа қожалығы келесі жылы 5 мың тонна өнімді сақтайтын қойма мен жеміс-жидекті өңдейтін шағын зауыт салуды жоспарлап отыр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.