Есірткі • 22 Ақпан, 2023

Есірткі тасымалымен айналысқан шетелдік сотталды

377 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында 30 келіден астам есірткіні Ресейге тасымалдамақ болған шетелдік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Есірткі тасымалымен айналысқан шетелдік сотталды

Ведомствоның мәліметінше, сотталушы өзінің «Ford Mondeo» автокөлігімен Тәжікстаннан Қазақстан шекарасы арқылы Ресейге аса ірі көлемде есірткі затын алып өтпек болған. Ер адам «Жібек жолы» бақылау-өткізу бекетінде ұсталды. Автокөлікті тексеру барысында шекаралық бақылау кинологы мен Белка есімді қызметтік ит жанар-жағармай цистернасынан жалпы салмағы 31 келі 465,2 грамм героин тапты.

«Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 286-бабының 4-бөлігі, 297-бабының 3-бөлігімен көзделген қылмысты жасады деп айыпталған Ш. есімді азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады. Сотталушы Ш. 2022 жылғы 22 шілдеде сағат 18:00-де өзінің автокөлігімен Өзбекстан Республикасының «Гишт-көприк» мемлекеттік шекара бақылау бекеті шекарасынан өтіп, «Жібек жолы» бақылау-өткізу пунктінде тоқтаған. Ш.-ның қылмыстық әрекеттері іс материалдарымен дәлелденді», деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Қадағалау органының мәліметінше прокурор сотталушыға 18 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Шетелдік азамат сотта өз кінәсін жартылай мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

«Жасалған іс-әрекеттердің қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, сотталушы Ш. 15 жылға бас бостандығынан айырылды., ол өз жазасын ҚК күшейтілген мекемелерде өтейді. Сот үкімімен сотталушы жоғарыда аталған қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», деп толықтырды ведомстводан.