Білім • 22 Ақпан, 2023

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанған Ақнұр

587 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақнұр Жидебекқызы – «6D051700-Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша PhD докторы, «Экономика» мамандығы бойынша қауымдастырылған профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес жоғары мектебі деканының ғылыми- инновациялық қызмет және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары ҚР ҒЖБМ «2022 жылғы ЖОО-ның үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы атанды.

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанған Ақнұр

Білім берудің барлық үш деңгейінде: «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бакалавриат, «Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша магистратура және докторантурада Ақнұр Жидебекқызы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де білім алды. «Менеджмент» кафедрасында оқытушы, аға оқытушы ретінде қызмет атқара жүріп, 2017 жылдың желтоқсанында  «Қазақстандағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыруды басқару (жасыл технологиялар мысалында)» тақырыбындағы диссертациясын ағылшын тілінде сәтті қорғады. 2018 жылы Ақнұр деканның ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары лауазымына шақырылды, бұл қызметін  ол магистранттар мен докторанттарға «Менеджмент» кафедрасында сабақ берумен қоса атқару үстінде.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеру Ақнұрға студенттердің пікірсайыс клубына белсене ат салысуына, түрлі ғылыми-практикалық конференцияларда баяндама жасауына, отандық және халықаралық зерттеу жобаларына қатысуына мүмкіндік берді. Мәселен, ол ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын бірнеше жобаны орындауға қатысты, қазіргі уақытта «Қазақстандағы циркулярлық экономиканы дамыту: әлеует, үрдістер, перспективалар» тақырыбындағы жобаның ғылыми жетекшісі.

2018-2020 жылдар аралығында Ақнұр институционалдық үйлестіруші ретінде Еуроодақтың Erasmus+ бағдарламасының 800 мың еуродан астам бюджеті бар «Жаңа әлеуметтік орта – ENINEDU-ге сәйкес жоғары білім мен корпоративтік секторлардың интеграциясын жақсарту» тақырыбындағы халықаралық жобасын іске асырды. Бұл жобаның мақсаты – оқу бағдарламаларында оқытудың заманауи әдістерін қолдану практикасын зерделеу және оқыту нәтижелерін өлшеу, әрбір әріптес ел үшін қолайлы бизнес-ЖОО ынтымақтастық жүйесінде кешенді стандартты дайындау, ЖОО-лардың бизнеспен ынтымақтастығына қатысты ЕО елдеріндегі эталондық ұлттық заңнама бойынша талдамалық зерттеулер жүргізу. Бұл кәсіпкерлік саласында түлектерді сапалы даярлауға ықпал етеді.

Ақнұр Жидебекқызы ғылыми қызметпен белсенді айналысады. Ол Сингапурда, Кореяда, Норвегияда, Австралияда өткен Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысты. Испания, Ұлыбритания, Франция, Грекия, Словакия, Австралия, Эстонияда ғылыми тағылымдамадан өтті. Erasmus+ оқытушыларының ұтқырлық бағдарламасы аясында Нидерланды мен Польшада дәріс оқыды.

2019 жылы  Ақнұр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Үздік жас ғалым» байқауының жеңімпазы, 2021 жылы «Жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның» иегері атанды. Сондай-ақ ол – диссертациялық кеңестердің және ҚР ҒЖБССҚЕК ұсынған басылымдар тізбесіне кіретін ғылыми журналдардың редакциялық алқасының мүшесі, «Farabi Journal of Social Sciences» журналының ғылыми редакторы. Профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттардың ғылыми және жарияланымдық белсенділігін арттыруға бағытталған вебинарлар сериясының авторы.

Ақнұр 50-ден астам мақала жариялаған. Ғылыми зерттеулер салалары инновациялық менеджменттің өзекті мәселелерін, сондай-ақ жасыл экономиканы, тұрақты дамуды, мемлекеттік және жергілікті басқаруды, жобаларды басқаруды зерттеуге арналған көптеген мәселелерді қамтиды. Scopus базасы бойынша Хирш индексі 5-ке тең.

Ақнұр Жидебекқызы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2022» атағына әбден лайықты. Ақнұрға оқу, ғылыми және басшылық қызметінде шығармашылық табыс тілейміз!  

Ақнұр Жидебекқызы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЭБЖМ «Менеджмент» кафедрасының мақтанышы.

 

Г. САНСЫЗБАЕВА,

э. ғ. д., ҚазҰУ, Менеджмент кафедрасының профессоры,

Л.ӘШІРБЕКОВА,

э. ғ. к., ҚазҰУ, Менеджмент кафедрасының доценті