Мамандардың айтуынша, қаланың кәріз жүйесіне қатысты мәселе тез арада шешілмесе, онда Қапшағай су қоймасы ластанып, салдарынан жақын маңдағы елді мекен тұрғындарына үлкен қауіп төнуі мүмкін. Ал өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев жария еткен мәліметке сүйенсек, облыстағы кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 714 шақырымды құрайды. Сондай-ақ орталық кәріз тазарту құрылыстары аймақтың 3 қаласы мен 9 ауылдық елді мекенінде қызмет көрсетеді. Өкініштісі, осы құрылымның ескіргені болып отыр. Мысалы, Қонаев қаласының инфрақұрылымы1968 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі есеп бойынша облыс орталығындағы кәріз жүйесінің ұзындығы 172 шақырым болса, ондағы желілердің 80 пайызының тозығы жетіп тұр.
Сарапшылардың пікірінше, Қонаев қаласын, сондай-ақ Іле өзені мен Балқаш көлінің бойында тұратын Алматы және Жетісу облыстарының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету көзі болып табылатын Қапшағай су қоймасына қәріз ағыны суларының қосылу ықтималдылығы жоғары, бұл ауқымды экологиялық апатқа әкелуі мүмкін.
«Қонаев қаласында 44 104 адам тұрады, тұрғындардың 91 пайызы су бұру жүйелерімен қамтылған. Қаланың кәріз-тазалау құрылыстарының салынғанына жарты ғасырдан асқандықтан, 85 пайызының тозығы жеткен. 16 дана кәріздік су сорғыш стансасы және қуаттылығы тәулігіне 25 мың текше метр кәріз тазалау құрылыстарының 95 пайызының тозғандығы, әрине, алаңдарлық жағдай», дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, сумен қамтамасыз ету және су бұру бөлімінің басшысы Қайсар Абсейтов.
Облыс орталығының басты мәселесі бірнеше жыл бұрын да назарға алынған екен. 2015-2016 жылдар аралығында «Алматы облысы Қапшағай қаласының (қазіргі Қонаев қаласы) тазарту құрылыстарын қайта жаңарту және салу» нысаны бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, 15.03.2016 жылғы № 18-0132/16 мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Оны «Қазгипроводхоз» институты жасапты. Енді жобаның мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысы 2016 жылғы 15 наурыздан, яғни үш жылдан астам уақыт бұрын алынғандығына байланысты техникалық-экономикалық негіздемеге түзету жұмыстары енгізілмек екен. Ал оны түзету үшін жалпы сомасы 95,3 млн теңге қажет. Әрине, Қонаев қаласының әкімдігі қол қусырып отырған жоқ. Атқарушы билік барлық мүдделі құрылымның қатысуымен облыс орталығында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия құрған. Былтыр Қонаев қала аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдаған.
«Бүгінде Қонаев қаласының кәріз тазалау құрылыстарын реконструкциялау жөнінде бірнеше ұсыныс қаралып жатыр. Оның біріншісі республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен ойластырылса, екіншісі мемлекеттің кепілдігі арқылы Еуропа қайта құру және даму банкімен осы жобаны қаржыландыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Қаржы 3 жылдық жеңілдік кезеңімен 13 жылға тартылады. Қарыз қаражатын қайтару республикалық және жергілікті бюджеттерден субсидиялау және тариф көзі арқылы болмақ. Сондай-ақ мемлекет-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы «Daur Capital» серіктестігімен және «Dutchcleangroup» халықаралық компаниясымен келіссөздер жасалып жатыр», дейді Қ.Абсейтов.
Жалпы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қонаев қаласындағыдай жағдай еліміздің 27 қаласында бар екенін, 41 қалада құрылыстардың тозуы 70 пайыздан асатынын есептеп шығарған. Яғни бұл тек Алматы облысына ғана тән жағдай емес.
Ұлбосын ИСАБЕК,
журналист
Алматы облысы