Ертіс өзенінің Мирный кенті мен Ипподром аумағындағы тұсында мұз жару жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Ертістегі мұздың қалыңдығы 62 см болса, су деңгейі 211 см.
– Жыл сайын су тасқыны қаупі бар 15 учаскеден қар алдын ала шығарылады. Осы күнге дейін 380 мың шаршы метр қар шығарылды. Семей қаласы бойынша арық жүйесінің ұзындығы 52 шақырымды құрайды. Арық жүйесін «Зеленстрой Семей» ЖШС тұрақты тазалайды. Онда күн сайын 25 адам және 5 бірлік арнайы техника жұмылдырылған, – дейді Семей қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлібек Тұрсынханов.
Өткен демалыс күндері Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов та су басу қаупі бар аумақтарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың анық-қанығына көз жеткізді. Жоғарыда айтқан 15 учаскенің ішінде Шығыс кенті мен Согра ауданын су басу қаупі жоғары болып тұр. «Көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Семей қаласының әкімдігі бөгеттер салу туралы шешім қабылдады. Согра аумағында 500 метрлік бөгет салуды бастадық. Қазіргі уақытта 17 техника жұмылдырылып, топырақ тасуда. Бөгет арқылы Соградағы 40-қа жуық жер үйді су басудан сақтай аламыз. Қазіргі таңда коммуналдық қызметтер өзен арналарын да тазалап жатыр. Сондай-ақ Шығыс кентіндегі саяжайларға 700 метр болатын бөгет салу жоспарда бар. Бөгеттерді салуға қалалық бюджеттен 26 млн теңге қаражат қарастырылды», дейді қала әкімі Н.Нұрсағатов.
Қалада қар суының бөгетсіз ағып кетуі үшін кәріз құдықтарының қақпақтарын ашу жұмыстары да басталды. Семей қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Медет Алтаевтың айтуынша, шаһардың 30 көшесінде 500 су қабылдау құдығы орналасқан. Қала көшелерін қардан тазалу үшін 80-нен астам техника мен 6 жұмысшы бригадасы жұмылдырылған. Сонымен қатар көктемгі су тасқыны кезеңінің жақындауына байланысты қалалық коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режіміне ауыстырылды.