Суретті түсірген Юрий Беккер
Суретші белгілі бір мәтіндегі кейіпкерлерді бейнелеуде уақиғаларды көзбен көргендей оқырманды тап сол әлемге енгізіп жібереді. Ол қазақ руханиятының қазынасына енген «Қобыланды батыр», «Қыз-Жібек», «Тазша бала», «Алдаркөсе», «Мың бір түн», «Әлем халықтарының ертегілері» сынды танымал шығармаларды, сондай-ақ Бейімбет Майлиннің «Раушан – коммунист», Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», Құрманбай Толыбаевтың «Дән», Шыңғыс Айтматовтың «Мәңгүрт», Әбіш Кекілбаевтың «Бір шөкім бұлт», «Шыңырау» туындыларының иллюстрациялық парақшаларын жасап, безендірді.
Өнертанушы Гүлнар Жұбаниязованың айтуынша, танымал мәтіндердің иллюстрациясы оның қолтаңбасында құлпыра түседі. Тұлғалық қасиет пен мінез ырғақты сызықтармен көркемделеді. Суретшінің тақырыпқа қарай ізденістері эстетикалық, психологиялық күйді сездіре, ондағы адамгершілік пен тәрбиелік мәнді тануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оның графикалық композициялары ерекше бір көркемдік пен контрастық үйлесімділікте шешілген.
Кітап көркемдеудегі суретшінің кәсіби шеберлік тұлғасын, ішкі жан дүниесін, рухани болмысын әрбір жасаған иллюстрациялық композициясынан тануға болады. Өйткені белгілі бір тақырыптың астарына бейнелік композиция арқылы терең түсінік беретін әрбір ырғақты сызықтары тарихтың өткен сарынын, ондағы шындықтарды айқындаған.
Өнер иесі халқымыздың жыр-дастандарын, белгілі ақын-жазушыларымыздың құнды еңбектеріндегі ғажайып ортаны, ондағы сюжеттерді жан дүниесімен зерделеген. Оның туындыларында қаншама кейіпкер тарихи образға айналды.
Суретшілер одағының мүшесі, Журналистер одағының мүшесі, Полиграфияға еңбегі сіңген қайраткер, ВЦСПС баспасының үздігі, баспаларда жарияланған «Кітап өнері» халықаралық және республикалық бірнеше байқаудың жеңімпазы – Кәрім Бекенов 1938 жылы 10 қазанда Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Ключи ауылында дүниеге келді. 1965 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, 1967-1968 жылдары «Целиноград ХПМ» суретші көркемдеуші қызметін атқарды. 1973 жылы Мәскеу полиграфия институтын тәмамдады. 1965-1997 жылдары ол мамандығы бойынша «Мектеп», «Жеті қара», №1 баспахана баспасында көркемдеуші редактор, аға техникалық редактор, бас суретші, көркемсурет бөлімінің меңгерушісі, 2007-2011 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның «Графикалық дизайн» кафедрасының аға оқытушысы болып еңбек етті.
АЛМАТЫ