Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің корпустары да өткен ғасырдың елуінші жылдары бой көтерген. Үш блоктан тұратын аурухананың жақында екінші блогы күрделі жөндеуден өтті. Бұл блоктың желдеткіш, жылу, су және кәріз жүйелері толық жаңарды. Сонымен қатар материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Аурухананың бұл блогы 1955 жылы салыныпты. Жалпы аумағы – 2 100 шаршы метр шамасында. Мұнда жөндеу соңғы рет осыдан он жыл бұрын жасалған екен.
Аурухана басшылығы күрделі жөндеу кезінде барлық инженерлік инфрақұрылымның ауысқанын айтады. Желдету жүйесі әр жатын бөлмеде жеке дара. Бұл инфекцияның басқа жаққа тарамай, ауаның алмасуына ықпал етпек.
Бұған қоса ғимараттың сырты тысталып, жылу сыртқа шықпайтындай қапталды. Сыртқы әрі ішкі емдік газбен жабдықтау желісі жөнделді. Интенсивті терапия бөлімшесі қайта реконструкциядан өтті. Соның нәтижесінде, жан сақтау блогы қабылдау-диагностикалау бөлімімен қатар орналастырылды.
– Жансақтау бөлімі бұрын үшінші корпуста еді. Бұл қазіргі екі блок пен қабылдау бөлімінен бөлек-тін. Оның үстіне екінші қабатта. Тасымалдауда, пациенттерді эвакуациялауда қолайсыздықтар туғызатын. Енді жансақтау бөлімі бірінші қабатта, қабылдау бөлімінің маңында болады. Біздің орталықтың ерекшелігі – біз 100 пайыз жедел көмек көрсетеміз. Пациенттердің барлығы дерлік ауыр халде қабылдау бөлімінен интенсивті терапия бөліміне түседі. Оған қоса осы корпуста екі балалар бөлімшесі бар, – дейді жұпалы аурулар орталығының басшысы Ержан Жүнісов.
Жөнделген корпус жаңа медициналық құрал-жабдықтармен де толықты. Атап айтқанда, өкпені жасанды желдету аппараттары, төсек маңына орнатылатын мониторлар, ультра дыбыстық зерттеу құралдары бар. Орталық басшылығы былтыр ағзаны қат-қабат зерттеуге мүмкіндік беретін цифрлы рентген аппараты алынғанын айтады.
Медициналық техника мен жиһаздар да жаңарды. Барлық ауруханаға SOS жүйесі орнатылған. Дабыл тетіктері де бар.
– Жансақтау бөлімі алты орынға шақталған. Бұл – баланы да, ересекті де қабылдай алатын қаладағы жалғыз бөлімше. Жалпы, жұқпалы аурулар орталығында бала мен үлкендерге арналған 190 орын бар. Біз респираторлы, ішек, вирусты инфекциямен ауырған науқастарға көмек көрсетеміз. Өткен жылы 7,5 мың науқасқа ем жасалды, – дейді Е.Жүнісов.
2019 жылы нейроинфекция блогы жөнделсе, биыл үшінші блок жаңғырмақ.
Қарағанды