Таныстырылым барысында теңгенің мұндай түрінің экономикалық дизайны оны төлем құралына айналдыруға және банктік шоттар мен депозиттерден өтімділікті шектеп тастамауға арналғанына назар аудардық. Осыған дейін цифрлы теңгеде сыйақы есептеу арқылы ҰБ өзге төлемдер арасында бәсекелестік тудырады деген пікір басым болған. Бірақ ҰБ-ның дегені басқаша екен. Олар бәсеке емес, төлем түрлерін әртараптандыруды қалайды.
Бұл ретте Ұлттық банк ЦТ арқылы тәуекелдерді тежеп отырғысы келетінін байқатқан. Таратып айтсақ, ЦТ арқылы әрекеттерді бақылау құралдары қосылады. Бұл тетік жеке деректерді бақылауды ҰБ-ға емес, тұтынушының өзіне береді. Сайып келгенде ЦТ-дегі қосымшалар цифрлық активтерді токендеу мен дамытуға дайын болуға бағытталып отыр.
ҰБ-ның мәлімдеуінше, қанатқақты жобаны сынау кезінде бес нұсқа зерттеліпті. Бірінші кезекте оның сыртқы дизайнына мән берілген. Бұл жағдайда қолма-қол ақша депозит, төлем картасы немесе мобильді қосымша ретінде қабылданады. Базалық нұсқаның жобасы оның қолма-қол ақшаға ұқсас екенін алдын-ала болжап отыр. Екінші жағынан, ЦТ Ұлттық банкке экономикалық үдерістерге оларды шығару және айналымнан шығару арқылы әсер етуге мүмкіндік береді. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгерткен кезде қолма-қол ақша мен ЦТ-ны өзара толықтырылуына байланысты өтімділік мөлшері өзгереді. Бұл өз кезегінде ішкі жалпы өнім мен инфляцияға әсер етеді.
Қаржының мұндай түрі ақша-несие реттеушісіне қаржы секторын дамытуға да артықшылықтар береді деген үміт бар. Біріншіден, ол қолма-қол ақшасыз төлемдерді, әсіресе интернетке қолжетімділігі шектеулі жерлерде қолжетімді етеді. Екіншіден, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуының ашықтығы артады. Осылайша, қанатқақты шара аясында Ұлттық банк белгілі бір тауарларға жұмсауға болатын арнайы мақсаттағы токендердің бағдарламалану мүмкіндігін сынақтан өткеріп, бақылауға болатынын дәлелдеп берді.
Ұлттық банктің пікірінше, ЦТ цифрлық теңсіздікті жоюдың негізгі құралдарының біріне айналуы мүмкін. Екі деңгейлі ЦТ платформасын іске асыру моделі екінші деңгейлі банктерді осы жобаға қатысудың инновациялық нұсқасын әзірлеуге ынталандыру үшін ғана емес, сонымен бірге болашақта экожүйені құрудың негізгі драйвері болу және төлем қызметтерін жеткізушілер нарығын қалыптастыру үшін әзірленген. Қаржыгерлердiң Х съезiнде Ұлттық банктiң өкiлi көпдеңгейлі төлем жүйесін жаңғырту моделі бір бағытта жүретінін айтқан болатын. Болашақта QR-төлемдерін енгізу жоспарлануда, бұл нарыққа қатысушыларды өз қызметтерін дамытуға және өз инфрақұрылымы аясында жоғарыда айтып өткен төлем жүйесін жаңғыртуды ілгерілетуге жол ашады.
Екінші деңгейлі банктерде ЦТ енгізу олардың қызметіне екіұшты әсер етуі мүмкін деген қауіп бар. Себебі ЦТ банктерден қаражаттың сыртқа кетуіне жол ашады деген пікірлер осыған дейін айтылған. Мұндай жағдай ҰБ-ның сыртқы беделіне кері әсер ететіні белгілі. Демек бұл ҰБ үшін шындап ойланатын мәселе. Алайда IT мамандары ЦТ-ның сыртқа кетуін тежейтін тетіктер қазірдің өзінде қолжетімді екенін айтып отыр.
Қаржы сегментінде үлкен өзгерістер кеңістіктегі жаңа ойыншылар – финтех компанияларының беталысына қарап анықталады. Қазір банктердегі цифрлану деңгейі – шамамен 90 пайыз. Халықаралық тәжірибеде 90 пайыздық көрсеткіш ғана ЦТ-ні үшінші төлем түрі ретінде қолдануға мүмкіндік береді.
Жалпы, орталық банктер үшін цифрлық орта қаржы нарығын дамыту мен бақылаудың негізгі құралына айналуда. Бүкіл әлем бойынша орталық банктердің қызығушылықтары теориялық талқылаудан қанатқақты жобаларды жүзеге асыруға жылдам өтіп жатыр. Демек мұның бәрі қаржы секторының дамуын ЦТ-мен байланыстырып қараудың дұрыстығын негіздейді.
АЛМАТЫ