Ақжолтай хабар облыс әкімі Бейбіт Исабаев ауданға жұмыс сапарымен барғанда айтылды. Заманауи техниканы іске қосу аясында жанданған жаңа желінің жұмысымен танысқан өңір басшысы зауытқа оң бағасын берді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жаңа жабдықтар орнатыла салысымен аталған зауыт қосымша 10 өнім түрін шығара бастаған. Еуропа мен Канада тұтынушылары қазірдің өзінде сынақ үлгілерін тұтынып үлгерген екен. Тіпті өзгеше қызығушылық білдіріпті. Кәсіпорында технологтер жаңа желіні іске қосу жұмыстарын аяқтады. Қазір экспорттық жеткізілімдерді жолға қою туралы келіссөздер жүріп жатыр.
«Балық – пайдалы тағамдардың бірі, ол – дәрумендердің, минералдардың және қанықпаған май қышқылдарының табиғи көзі. Зерттеушілер диетада балықтың үлесін болар-болмас арттырудың өзі адамның денсаулығына оң әсер ететінін айтады. Сондықтан біз тұтынушыларға балықтың бірнеше түрін ұсынып көруге бел байладық. Бұл бір жағынан тұтынушылардың талғамын қанағаттандыру болса, екінші жағынан халықтың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді. Біздегі балық витаминдерінің кешені спортшылар үшін ерекше пайдалы, ақыл-ой мен физикалық жұмыс өнімділігін арттыруда әсері зор», дейді технолог Никита Кашкарев.
Оның айтуынша, жалпы рецептураны әзірлеуден бастап жаңа желінің жұмысын жолға қоюға дейінгі жұмыстың бәрі – өздерінің төл идеялары. Оны кәсіпорынның өз қаражаты есебінен сатып алынған қажетті құрал-жабдықтардың көмегімен жүзеге асырып жатыр. Балық өнімдерінің жаңа түрлері кең көлемде тұтынуға арналған.
Кәсіпорында тек тартылған балық пен балық филесі түрлерімен қатар ақтабан мен алабұға паштеттері, күріш немесе картоп қосылған балық-өсімдік витамин кешендері, уылдырық майы, балық шұжықтары шығарылады. Ол аз десеңіз, 8 айдан бастап қосымша тамақ ретінде беруге болатын балалар тағамының 2 түрі тұтынушыларға ұсынылмақ.
Зауыт директоры Дәурен Алтыбаевтың айтуынша, кәсіпорын бұдан да бөлек өнімдер жасауға әзір. Халықтың сұранысы арта беретін болса, өнім де жаңара түспек.
«Жаңа жабдықта шамамен сағатына салмағы 50 және 100 грамдық 2,5 мың дана құты уылдырық майын өндіруге болады. Бұл – бір ауысымда өнім көлемі 50 мыңға дейін жетеді деген сөз. Бүкіл желі толық автоматтандырылған, өндіріс үдерісінің механизмі жолға қойылған», дейді Д.Алтыбаев.
Жалпы, Алакөл ауданында қуаттылығы жылына 1400 тонна шикізат өңдейтін «Болашақ бастау» ЖШС-ны қосқанда барлығы 7 балық шаруашылығы, 2 балық өңдеу кәсіпорны және 2 цех тіркелген. Бұл ретте балық өңдеу кәсіпорны өңдеу қуатын арттыруға әзір. Әрине, ол үшін балық аулау лимитін ұлғайту керек. Облыс басшысы бұл мәселенің Экология және табиғи ресурстар министрлігі мамандарының қарауына жолданатынын жеткізді. Әрі инвесторларды тарта отырып, белсенді дамыту қажеттігін де тілге тиек етті.
Айта кетейік, «Болашақ бастау» ЖШС 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Нысан мұздатылған балықты өңдеумен, сақтаумен айналысады. Балық зауыты тәулігіне шикізатқа байланысты 5-тен 10 тоннаға дейін балық өнімін, сондай-ақ 3 тоннаға дейін балық сүйегінің ұнын өндіре алады. Мысалы, көксеркенің, тұқы мен басқа да балық түрлерінің сүбесі, сондай-ақ тартылған балық және кептірілген өнімдер шығарылады.
Қалдықсыз кәсіпорында 80-нен астам жұмыс орны құрылған. Жалақы мөлшері 150-ден 500 мың теңгеге дейін жетеді. Әйтсе де оның көлемі өндіріске байланысты анықталады. Дайын өнімдер Беларусь, Германия, Чехия, Дания, басқа да Еуропа елдеріне экспортталады. Бүгінде жаңа желінің іске қосылуының нәтижесінде жұмыс орындарының саны артып, жаңа нарыққа шығуға жол ашылмақ.
Жетісу облысы