Қоғам • 23 Ақпан, 2023

Пресс-картаны сала өкілдері комиссиясы береді

323 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық медиа ассоциациясы алаңын­да «Масс-медиа туралы» заң жоба­сына қатысты талқылау өтті. Онлайн форматында өткен жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.

Пресс-картаны сала өкілдері комиссиясы береді

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Жиынды ұйымдастыруға ұйытқы болған Ұлттық медиа ассоциациясының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев құжаттың журналистер қауымы баса назар аударып отырған негізгі тұстарына шолу жасап өтті.

Заң жобасы қоғамда қызу талқыланып жатқаны белгілі. Соның ішінде көптің пікірталасын туғызғаны – журналистің ерекше мәртебесін растайтын пресс-картаны қолданысқа енгізу. Осы жолғы басқосуда да бұл нормаға қатысты ойын ортаға салғандар жеткілікті болды. Пікірлердің дені «пресс-картаны енгізген жағдайда оның журналиске қандай артықшылық беретінін нақты көрсету керек. Сонымен қатар мұндай картаға ие болмағандардың журналистік қызметпен шұғылданғанда кедергілерге тап болмауы да анық белгіленуі тиіс» дегенге сайды.

«Бірқатар әріптестеріміз ол кейбір журналистердің қызметін шектеу мүмкін деген қаупін білдірді. Алайда заңды әзірлеушілер пресс-карта журналистерге көбірек мүмкіндік беріп, олардың құқық­тарын қорғайтынын жеткізіп отыр», деген Кемелбек Ойшыбаев министр­лік өкілінің осыған қатысты пікірін сұрады.

«Пресс-картаны алмаған журналист жұмыс істей алмайды деген ой қалыптаспауы керек. Тілшілер өз саласында қызметін атқара береді немесе фрилансер ретінде жұмысын істей алады. Ал пресс-карта журналистің құқықтық мәртебесін айқындайды, оған артықшылықтар береді. Ынталантырудың бір тетігі болады. Сол арқалы жеңілдікті ипотека немесе түрлі әлеуметтік қолдау қарастырылуы мүмкін» деді Ж.Өмірәлев 

Талқылаудың нәтижесінде қатысушы­лар пресс-картаны беру және кері қайтарып алу рәсімдері журналистердің жұмы­сы­на кедергі келтірмеуі үшін халық­аралық тәжірибені ескеру қажеттігін тілге тиек етті.

Қазақстандағы «Internews Network» халықаралық ұйымы өкілдігінің заңгері Ольга Диденко пресс-картаны енгіз­ген жағ­дайда заң жобасында оның артық­шы­лық­тарын нақты жазу керектігін алға тартты.

««Масс-медиа туралы» заң жобасы қоғамның маңызды, жауапты кезеңінде талқыланып жатыр. Жалпы жобаның алған бағыты дұрыс, бірақ кейбір мәселелерді тағы қарастыру қажет деп ойлаймын. Шетелдің тәжірибесін де негізге ала отырып, пресс-картаны қолдануға бірқатар жеңілдік енгізу керек. Содан кейін ғана біз оны кәсіби қажет құжатқа айналдыра аламыз», – деді белгілі журналист Нұржан Мұхамеджанова.

«Пресс-картаға қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Бірақ менің ойымша, оны беру мемлекеттің ықпалы­нан алыс болып, тек журналис­тік қоғамдастыққа міндеттелуі керек», – деді Салтанат Жүсіпова.

Осыған қатысты Жасұлан Өмірәлиев: «Бұл туралы талқылау, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Пресс-картаны беруді тек ақпарат саласының өкілдерінен тұратын комиссия шешеді. Мемлекеттік органдар бұл комиссияға қатыспайды», деп атап айтты.

Осы орайда белгілі медиа менеджер Махат Садық: «Пресс-карта керек. Қазір кім журналист, кім блогер, кім жай ғана жазарман екенін айырудан қалдық. Осы орайда журналистер­дің беделін арттыруға бұл карта көп қолғабысын тигізеді деп сенемін» – деп қостады.

БАҚ өкілдері арасында пікірталас туғызған тағы бір мәселе – жобадағы «журналистің ерекше жағдайларда редакция тапсырмасын орындауы» деген бап. «Ерекше жағдайлар – еліміздің шекаралық қарулы қақтығыстар кезінде, терроризмге қарсы операцияларды, ұрыс-қимылдарын жүргізу аудандарында және соғыс уақытында әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілген аумақта қызмет ету жағдайлары» деп түсіндіріледі заң жобасында. Журналистер қауымы осы бапта ерекше жағдайда жұмыс істеген тілшінің ақпараттық хабарларды келісіп барып жариялауын міндеттеуге қатысты алаңдаушылық білдірген-ді.

«Көпшілік бұл талаптың орындалуы қиын екенін жеткізді. Себебі материал келісілгенше, оқиға туралы деректер өзектілігін жоғалтады. Осы тұрғыда ақпараттың жеткіліксіздігі тұрғындар арасында дүрбелең тудыруы да мүмкін»,  деді К.Ойшыбаев.

«Internews Network» халықаралық ұйымы өкілдігінің заң­гері Ольга Диденко да дәл осы жайтқа тоқталды.

Айтылған мәселелерге орай сөз алған Жасұлан Өмірәлиев құжат жобасының бұл бабына да өзгеріс енгізілетінін атап айтты.

– Ерекше жағдайлар бойынша, өткен аптада жұмыс тобының мүшелерімен кездесіп, бұл мәселені талқыладық. Әрине, ашық порталға да пікірлер түсіп жатыр. Бұл тұрғыда «ерекше жағдайлар» дефинициясына өзгеріс енгізіп жатырмыз. Атап айтқанда, «әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар» деген тұсын алып тастауды жос­парлап отырмыз. Сонда, ерекше жағ­дайда материалдарды келісу мәселесі тек қана әскери жағдайда қажет болады, – деді.

Талқылау барысында заң жобасынан БАҚ пен журналистердің материалды теріске шығаруына қатысты тармақтың алынып тасталғаны да сөз болды. Қатысу­шылар аталған бапты жобаға қайта енгізу мәселесін көтерді. Бұл орайда Ж.Өміралиев аталған тармақты заң жобасына қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ жиында «YouTube» арналарын бұқаралық ақпарат құралдары санатына жатқызу, интернет-теледидар платформаларын реттеу туралы ұсыныстар айтылып, министрлік ұсыныстарды қарастыруға уәде берді.