Бертінге дейін серінің аталас ұрпағы Смағұл молданың үйінде сақталып келген. Ол кісі дүниеден өтерінде келіні Сақыпқа тапсырып кетіпті. Көнетоз көк шапанды биыл Рудный қаласында тұратын Смағұл молданың жиені Күләш Көдебаева музейге әкеліп тапсырған.
Сібір мен Орынборға аты шыққан Қанапия Басығараұлы 1840 жылы Әулиекөл өңіріндегі Бесағаш ауылында туған. Аса ауқатты ортадан шықса керек.
– Басықара баласы Қанапия дегенде көз алдымызға көзі көмір шоғындай, сөзі мірдің оғындай, сегіз қырлы, бір сырлы, екі иығына екі кісі мінгендей батыр тұлғалы, кесек мінезді жігіт елестейді. Өткен күннен сақталған суреті жоқ. Бірақ ел аузында сақталған дерек көп. Көзі ашық, көкірегі сергек Қанапия Біржан салға өлеңмен хат жазған. Бұл хаттан екеуінің дос болғаны байқалады, – дейді белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет.
Қаламгер ағамыздың айтуынша, Қанапия 1917 жылдың наурыз айында сүзектен қайтыс болған.
Қостанай облысы